«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бос жұмыс орындары қалай анықталады?

2017 жылғы 03 Ақпан
6744 просмотров

Жаһандық тәуекелдер ондығына кіретін мәселелердің бірі – жұмыссыздық. Халықаралық еңбек ұйымының («International Labour Organization») мәліметіне сүйенсек, әлемде жұмыссыздар саны күннен күнге ұлғайып келеді. Мәселен, 2015 жылдың аяғында жұмыссыздар саны 197 млн болса, 2016 жылы 200 млн-ға жеткен. Болжам бойынша, 2018 жылы жұмыс іздеген адам саны тағы 13 миллионға артуы мүмкін. Аталмыш мәселемен Қазақстанда қалай күресіп отыр? Жұмысқа мұқтаж адамдар өзіне қажет жұмысты қалай таба алады?

Отандық еңбек нарығы

Еңбек нарығын ең алдымен жұмыссыздар қалыптастырады. Қоғамда жұмыссыздар мәселесі өткір тұрса, демек, еңбек нарығында түйіткілдер бар.

ҚР Ұлттық Экономика министрлігінің Статистика комитетінің 2016 жылдың желтоқсанына жасаған дерегі бойынша елімізде белсенді халық саны 8938,8 мың адамды құрап отыр. Жұмыспен қамтылғандар саны – 8491,2 мың адам, жұмыссыздар саны – 447,6 мың адам. Қазасқтанда жұмыссыздық деңгейі 5%-ды құрайды.

Елбасы Жолдауында көзделген кешенді міндеттердің бірі еңбек нарығын жаңғыртуға бағытталған. «Біздің ірі кәсіпорындар әкімдіктермен бірлесе отырып, тиісті жол карталарын әзірлеуі керек. Онда қысқартылатын жұмысшыларды қайта даярлау, оларды әрі қарай жұмыспен қамту үшін бірлесіп инвестиция салу жайы қарастырылуы қажет. Үкімет жұмыспен қамту орталықтарын реформалап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекендерде бірыңғай онлайн платформа қалыптастыруы қажет», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Осы бағытта мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдар түрлі оқыту бағдарламалары мен жұмыспен қамту жобаларын қолға алған. Осы Жолдауда айтылған республиканың түкпір-түкпірінде тегін кәсіптік білім берудің алғышарттары бойынша жоспарлар жасалып, жұмыс топтары құрылып жатыр. Жаңа технологиялар келуімен көп салаларда адамның қол еңбегі керексіз болып қалады. Осы орайда әрбір азаматтың табыстылығы үшін қосымша мүмкіндіктер болуы тиіс.

Жұмыс иесін қалай табады?

Бүгінгі еңбек нарығы біршама ғаламтор арқылы бақыланады. Жұмыс іздеген адам отандық танымал әлеуметтік желілерге «көздеген» жұмыс орнын белгілеп, өзі туралы ақпарат беріп тіркеледі немесе жұмыс беруші бос жұмыс орны туралы хабарлама тастайды. «Market», «OLX» сынды әлеуметтік желілер адамның тұрмыстағы қажеттіліктерін орындауға құрылған, бұл электронды қызметтер жұмыс табуға, жұмыс беруге көмектеседі. Тек қана бос жұмыс орындарын ұсынып, жұмыс орнын іздеушілердің қызметін жарнамалайтын отандық электронды қызмет ретінде «Naimi.kz» қосымшасын айтуға болады. Бұл үдеріс жеке меншік жұмыс орнын берушілердің еңбек нарығының келбеті. Бұдан басқа бос жұмыс орнын анықтайтын, ұсынатын түрлі порталдар мен басылымдар бар.

Мемлекеттік мекемелер, ЖОО және т.б. ұйымдар бос жұмыс орнын БАҚ құралдары көмегімен тұрақты әрі міндетті түрде жариялап отырады. Алайда жаңа Жолдауда Үкімет жұмыспен қамту орталықтарын реформалап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекендерде бірыңғай онлайн платформа қалыптастыруы қажет делінген.

Қандай мамандықтар сұранысқа ие?

Заң мен экономика саласынан гөрі отандық нарықта инженерлік-техникалық, мамандықтарға сұраныс бар. Жоғары технологияларды менгерген ІТ-қызметкерлер, веб-дизайнерлер, сату-менеджерлері, жер байлықтары, мұнай, газ өнімдерін иегере алатын, жаңа кен орындарын таба алатын мамандар қажет. Сондай-ақ, аспаз, дәнекерлеуші, автоэлектрик, механик, мал дәрігері, агроном сынды мамандықтар да тапшылықта.

Бизнес өкілдері бос жұмыс орнын жариялауға міндетті ме?

Бос жұмыс орындары жайлы жұмыспен қамту орталықтарына ақпарат беру бизнес үшін сезімтал мәселе. «Атамекен» ҰКП шағын және орта бизнес департаменті мәлімдеуінше Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2016 жылғы 17 маусымдағы «Ағымдағы бос орындар және болжанатын жұмыс орындары дерекқорына қосу үшін қажетті мамандықтар мен бос жұмыс орындары туралы мәліметтер беруге арналған әкімшілік есепке алу нысандарын бекіту туралы» № 532 бұйрығына сәйкес 1-бжо (бос жұмыс орны) нысан индексі бойынша жұмыс берушілер бос орын туралы жариялайды. Егер белгілі бір кәсіпорында бос жұмыс орны пайда болса, онда жұмыс беруші 3 жұмыс күннің ішінде орын туралы жұмыспен қамту орталықтарына хабарлауы қажет. Егер бос жұмыс орны болмаса, кәсіпкер жұмыс орнын жариялауға міндетті емес.

Екінші индексті нысан (1 – болжам) бойынша жұмыс берушілер болжанылатын жұмыс орындары бойынша сұранысқа ие мамандықтарға қатысты мәлімет береді. Бұл шара жыл сайын 1 сәуйірден 1 қазанға дейән орындалуы тиіс. Заңға сәйкес, жұмыс берушілер осы шара арқылы халықты жұмыспен қамту саласы бойынша мемлекеттік саясатқа үлес қосады.

ҚР 2016 жылғы 6 сәуірдегі «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға сәйкес, жұмыс беруші бос жұмыс орын туралы жұмыспен қамту орталықтарына үш жұмыс күні ішінде хабарлау міндетті. Аталмыш жауапкершілік орындалмаса 2014 жылғы 5 шілдедегі ҚР Кодексіне сәйкес жұмысқа қабылдау немесе жұмысқа қабылдаудан бас тарту туралы хабарламаны ұсынбау, уақтылы хабарламау он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Әлеумет

«Жұмыс істеймін деген әр адамға жұмыс табу өзекті мәселе. Әсіресе жұмыс үздеуші мүгедек, немесе кеше ғана бостандыққа шыққан жаза өтеуші болса қоғамда орын табу одан да қиын. Әлеуметтік кәсіпкерлік саласында тәжірибесі бар адам ретінде айтпағым, бизнес өкілдері мейілінше мүмкіндіктері шектеулі адамдарды жұмысқа тарту керек. Осы орайда жұмысқа мұқтаж жандарды тіркеуге алып арнайы еңбек нарығын бюросын ашпақ ойымыз бар. Кәсіпкерлік болған соң бұл ортада табыс болады, әрі мұқтаж адам жұмыспен қамтылады», – деді әлеуметтік кәсіпкер, Green TAL жобасының жетекшісі Эмин Әскеров.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыруға «Атамекен» ҰКП атсалысады. Халықтың жұмысқа орналасуына барынша жағдай жасау үшін қатысушалрды қысқа мерзімді тегін кәсіптік оқумен қамтамасыз етеді. Бизнеске икемділігі бар жастар іріктеліп, қоғамда білікті, сұранысқа ие мамандар дайындалады.

«Әр демократиялық қоғамда көмекке мұқтаж сектор болатыны анық. Бұған түрлі себептер болады. Олардың мүддесін қорғау, қоғамда орнын табуға ықпалдасу, жұмыс орнын тауып беру секілді міндеттемелерді мемлекет мүмкіндігінше орындап отыр. Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналаған бағдарламасына сәйкес жұмыспен қамту жұмыстары бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылмақ», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Бизнес коммуникацияларын мемлекеттік тілде дамыту департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев.

Сарапшының айтуынша бағдарламаға сәйкес нарық сұранысына қарай мамандықтар ескеріледі. Үкімет пен «Атамекен» ҰКП бірлесіп, ұйымдастырған қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары мамандар тапшылығын азайтады, жастардың тәжірибелік сағаттарына мән беріледі, сонымен қатар, Бірыңғай электронды «еңбек нарығы» құрылады.

Әлия КЕМЕЛБЕКОВА 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер