«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Дархан Кәрімов, жас кәсіпкер: «Табысты болу үшін білім керек»

2017 жылғы 03 Ақпан
15437 просмотров

Бизнес, қаржы, экономикадағы біліктілік кез келген адамға қажет. Іскерлік әлемге бойлай білу өміріңізді, ұстанымыңыз бен бағытыңызды, тіпті маңсабыңызды да өзгертуі мүмкін. Дархан Кәрімов – тәжірибесі мол, қаламы қарымды журналист. Ол соңғы жылдары бизнес саласына бет бұрып, біраз жетістіктерге қол жеткізді. Талмай ізденген, білімін шыңдаған Дарханның кәсіп ашсам деген жастарға айтары бар.

– Дархан, сізді спорт, агрокешен саласында тақырып қозғап жүрген журналист ретінде білеміз.  Бизнес саласына ауысуға не  себеп болды?

– Әзірге бизнес саласына біржолата ауыстым деп айта алмаймын. Екеуін де қатар алып жүрмін. Тіпті, кәсібім кеңейсе де жазу-сызуды тастамайтын шығармын. Себебі, жарнама, әлеуметтік желілерге сауатты пост жаза білу сияқты қабілеттер бизнестің өркендеуіне өте қажет. Кез келген кәсіптің сәтті болуының 80 пайызы да тақырыпқа тікелей байланысты. Бұған қоса, кәсіпкер шаршы топтың алдында жасқанбай анық сөйлеп, ойын дұрыс жеткізе алуы тиіс. Журналистиканың артықшылығы сол тұста көрінеді. Алайда, сөз мәйегін теріп, әдемі сөйлегенмен тілшілердің тұрмысы мәз емес. Міне, дәл осы жағдай маған бизнеспен айналысуға түрткі болды. Белгілі бір кәсіпкерлерге ұқсау, кедейліктен қашу маған мотивация берді. Бірақ, білім болмаса, құр мотивациядан пайда жоқ. Сосын «Бизнес бастау», «Жеке бизнес» сынды курстарға қатыстым. Бизнеске бет бұруымның басты себебі осында. Қазір бір жалақымен жан бағу қиын екенін бәріңіз білесіздер.

– Жақында «Versus» қолданбалы жетістік академиясы «Vertex» курсының жеңімпазы атанып, «Foodtruck» бизнес-жобасын еншіледіңіз. Мықтылардың арасынан озу қиын болды ма?

– Әрине, біршама қиындықтардың болғаны рас. Әр түрлі әрі өте қызықты тапсырмалар берілетін. Күнделікті жұмысты уақытында және сапалы орындамасаң, курспен қош айтысасың. Сол себепті, тайм-менеджментке қатты мән бердік. Әр минуттың қадірін біледі екенсің. Тіпті, күнделікті уақытыңды жоспарлап, пайдасыз нәрселерден қашатын күйге жеттік. Күн-түн демей, ұйқыны азайтып, тапсырмаларды мейлінше артық орындауға тырыстым. Бұл менің қатысып отырған үшінші бизнес курсым болғандықтан, меңгеріп кету аса қиындық туғызған жоқ. Мұндай жұмыс ырғағына үйренгенмін. Ең қиыны – нәпсімді жеңіп, жаман әдеттерден арылу болды. Білім деген түпсіз терең, бүгінгі ілім ертеңге жарамайды. Ізденсең кете бересің.

Ақтық сындағы презентацияға дайындалу қиын тиді, бірақ, Аллаға шүкір, оны да еңсердік. Ал жалпы алғанда, курстан көп нәрсе үйрендім. Өмір сүру салтым өзгерді, көзқарасым да мүлде басқаша – заман талабына сай қалыптаса бастады. Күніне 10 мың қадам жүру, кітапты таңдап әрі жылдам оқу, басымдықты анықтау, өзіңді дамыту – өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналды. Сол үшін «Versus» қолданбалы жетістік академиясына алғысым шексіз.

– Бизнес-жобаңыз туралы айтып берсеңіз: жалпы қоғамда қандай пайдасы бар?

–– «Versus» қолданбалы жетістік академиясының жеңімпазы ретінде Қуаныш Шоңбай мырзаның өзі салтанатты түрде тапсырған менің жүлдем – жылжымалы, яғни көліктегі асхана – Foodtruck. Бұл жай кафе немесе елдің назарын аударатын сәнді заманауи орын ғана емес, ол тамақ дайындаудың креативті түрі әрі шетелде қатты дамыған. Әсіресе, Foodtruck-тың отаны АҚШ-та мұндай мобильді асхананың саны 3 миллионнан асатын көрінеді. Әзірге, бұл – еліміздегі алғашқы бизнес. Мұның қоғамға қандай пайдасы бар? Біріншіден, Foodtruck мобильді, клиенттің келуін күтпейді, клиентке өзі барады. Яғни, кісі аяғы үзілмейтін жерлерге барып, жылжымалы асхана өз өнімін ұсынады. Мысалы, мерекелік шараларға, саябақтарға, демалыс орындарына баруға мүмкіндік бар. Аспазбен байланыс – Foodtruck-тың екінші басты ерекшелігінің бірі. Тамақтың дайындалу процесін көру – бұл бизнесті ашық қылып көрсетеді әрі соған сәйкес, клиенттер тарапынан оң көзқарастың тууына әкеледі. Бұған қоса, стационарлық мекемеге қарағанда тамақтанудың жаңа форматы қалыптасқан жағдайға сай тез өзгергіш, ыңғайлы келеді. Дәмді, жылдам, ыңғайлы әрі бағасы да қолжетімді болады. Әрине, дизайн, сервис, қорап сияқты басқа да мәселелер қағыс қалмайды.

– Сіздің жобаңыз Алматы қаласында орналасқан. Қазір оңтүстік астанада өтіп жатқан дүбірлі дода – Универсиадаға қатыса алдыңыз ба?

– Әрине, мұндай кең ауқымды шараның Қазақстанда болуы мақтаныш. Foodtruck дәл осындай көпшілікке арналған жоба ғой. Универсиадаға арнайы «Мәдени express» логотипін дайындап, халыққа ұсынылатын тағамдар мәзірін ұсындық. Қоғамдық жерлерде тамақтану бағыты болғандықтан, біздің өнімге қатаң тексеру үдерісі жүргізілді. Енді бізді спорт сайыстары жүріп жатқан Медеу мұз айдынында «Мәдени express» таңбасымен тануға болады. Ас мәзірі шетелдіктерге таныс фаст-фуд пен қазақтың бауырсағы сынды дәстүрлі тағамнан тұрады.  

Ойлап қарасам, осыдан 6 жыл бұрын Алматы мен Астанада өткен 7-ші қысықы Азия ойындарында тілші болып қызмет жасасам, бүгінде Универсиаданың өткізілуіне жеке кәсіпкер ретінде тікелей асталысып жатырмын. Жеке бизнесімнен бөлек, Универсиада аясында Foodtruck туралы бейнежазбалар жасап үлгеріп жатырмын (күліп).

– Бұдан басқа тағы қандай жобаларыңыз бар?

– 2016 жылдың көктемінде «Жеке бизнес» кәсіпкерлік мектебіне қатысқан едім. Сол кезде «ALMA Films» деп аталатын жарнамалық бейнеролик түсіретін компания ашқанмын. Қазір қосымша сол кәсіппен де айналысып жүрмін. Негізі бір жобам ғана бар еді, енді Foodtruck-пен екеу болды.

– Журналистика мен бизнестің ортақ тұстары бар ма? Бизнесте тілшілік қабілетіңіз кәдеге асатын кездер бар ма?

– Әрине, бар. Бағана айтқанымдай, жарнамалық мәтін, пост жазу, өніміңді сата білу – бағдарламаға анонс жазғанға ұқсайды. Екеуінің де мақсаты – елді елең еткізу, аудиторияның назарын аудару. Ұқсастығы осында. Бірақ, әдіс-тәсілі бөлек. Ал тілшілік қабілеттің бизнесте кәдеге асатын кезі көп. Мысалы, сөз саптау, ел алдында сауатты сөйлеу, тренингте өткен сабақтың ең өзекті тұсын іліп алып, посттың тақырыбы қылу – тілшілік өмірден жиған-терген тәжірибелер. «Vertex» курсының финалында да осы қасиеттер көп көмектесті. Әсіресе, мұның пайдасы кинотеатрда өткен ақтық сайыста – бизнес-жобамды қорғау барысында қатты сезілді.

– Өз кәсібін ашқалы отырған, идеясы бар адамға табыс табу үшін қанша уақыт керек және қанша қаржы жеткілікті?

– Бұған нақты жауап беру қиын. Қаржының көлемі ашылған кәсіптің саласына байланысты деп ойлаймын. Меңгеру уақыты да әр түрлі. Кейбіреулер алғашқы тренингтен соң бірден кәсіп ашып кетеді. Бірақ, менің байқауымша, бір бизнес-тренингке барып, бизнес бастап кететіндері некен-саяқ. Әрине, бірден нәтиже бермесе де, азды-көпті табыс табатыны анық. Ең бастысы – ешқашан берілмеу қажет. Ерік-жігерің мықты болса, қателіктен қорықпай, қайтпасаң, табандылық танытсаң – түбі жеңіске жетесің! Жақында бір журналдан әлемге әйгілі киноактер Брюс Лидің мынадай сөзін оқыдым: «Мен соққы жасаудың он мың тәсілін меңгерген адамнан емес, бір тәсілді он мың рет қайталаған адамнан қаймығамын». Сол себепті, кәсіпкерге қажет ең басты қасиет – табандылық. Табандылық – табыстың кілті! Сондай-ақ, бизнесте табысқа тезірек жету үшін білім керек.

– Қазақ жастарын жаппай бизнеске тарту үшін не қажет? Жастарға арналған қандай тиімді тренингтер мен оқыту бағдарламаларын білесіз, қайда баруға кеңес бересіз?

– Менің ойымша, күні кешеге дейін мүддесі бір, пікірлері үндес қазақи орта жетіспей келген. Қазір сондай орта қалыптасып келеді. Әр түрлі жоғары оқу орындарында қазақ кәсіпкерлерінің қатысуымен шеберлік сабақтарының өткізілуі көз қуантады. Іздеймін, оқимын, қайтсем де кәсіпкер боламын деген талапты жанға ақпарат жеткілікті. Қазір нарықта бизнеске баулитын бірнеше мектеп бар. Ешқайсысын бөле-жара қарамаймын. Әрқайсысы атап өтуге тұрарлық үлкен еңбек етіп жатыр. «Даму» кәсіпкерлік дамыту қорында да кәсіпкерлерге арнап курстар өткізеді. Қазіргі таңда таңдау мүмкіндігі мол. Ал өзім оқыған соңғы «Vertex» курсы туралы айтсам, бұл жерде басқа курстардағы сияқты басымдық ақша табуға емес, өзіңді жеңуге негізделеді. Ең басты өнім – өзің дейді. Ерекше атап өтетінім, жастар қай жерде оқыса да, білім қуалап жүре бермей, нақты іске көшу керек. Себебі, бұл өз басымда бар, мен де сондай жанның бірімін. Ендеше, әрекет – бізден, берекет – Алладан!

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Әлия КЕМЕЛБЕКОВА


Еншілес ұйымдар

Серіктестер