«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жылқы шаруашылығын экспортқа бейімдеу

2017 жылғы 18 Қаңтар
13087 просмотров

Қазақ халқы үшін жылқы – төрт түлік малдың патшасы. Мінсе – көлік, жесе – ас, ішсе – сусын болған жылқы көшпелі халықтың бар керегіне жараған. Заман өте келе бұл төлге деген ерекше сүйіспеншілік пен қадірлеу әлі де сақталып келеді. Киелі жануардың еті, қазы-қарта, жал мен жаясы, қымызы дастархан төрінен орын алатыны белгілі. Отандық жылқы шаруашылығының бүгіні қандай? Импорт пен экспорт жүзеге асып отыр ма, мал басы қанша, саралап көрелік.

Мал басы көбейіп келеді

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің 2017 жылғы дерек бойынша,  жылқы басы 2 113,1 млн-ға жеткен. Бұл – 2016 жылдың көрсеткішіне (2 070,2 млн) қарағанда көп. Республика бойынша жылқы саны жағынан Шығыс Қазақстан облысы алда келеді, мұндағы мал басы –  324,2 мыңды құрайды, екінші орында Алматы облысы – 309,2 мың бас, үштікте Қарағанды облысы – 268,1 мың бас.

Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының республикалық палатасының Астана қаласындағы өкілі Еркегүл Тілегеннің айтуынша, Ресми санақта тіркелген жылқы саны нақты көрсеткіштен аз. Жылқы саны шамамен 5 млн-ға дейін жетуі мүмкін.

«Жеке шаруалар мал санын көрсетуге қызығушылық танытып отырған жоқ. Сондықтан нақты санақты білу үшін тіркеу жасауға қаржылай ынталандыру керек», – дейді Еркегүл Тілеген.

Бүгінде жылқы шаруашылығы жанданып келеді. Аймақтарда асыл тұқымды жылқы өсіретін арнайы шаруашылықтар көбейген. Өткен жылы Ақтөбе қаласында  Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының Республикалық палатасы құрылған болатын. Аталған мекеменің мақсаты – жылқы төлінің сапасын арттыру, санын көбейту, асыл тұқымдарды сақтап қалу.

Қазақстанның асыл тұқымды жылқы шаруашылығының әлеуеті жақсы. Сондықтан, асыл тұқымды малды шетелден тасымалдаудың, импорттың қажеті жоқ. Елімізде төрт мезгілдің бәріне төзімді Қазақ жылқысы, денесі ірі, тұрқы ұзын Жабы жылқысы, салт мініске қолайлы Адай жылқысы, биелері жақсы құлындайтын Көшім жылқысы, өте жүрдек Қостанай жылқысы, сондай-ақ, Ақалтеке сынды жылқы түрлері бар.

Шаруашылықтарға бөлінетін көмек

Биыл жылқы шаруашылығына көрсетілетін субсидия көлемі өсті. Үкімет мүшелері агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдаған болатын. Аталған бағдарламаға сәйкес мал шаруашылығының тиімділігін 40%-ға арттыру көзделген. Жергілікті асыл тұқымды жылқыны сатып алу үшін 100 мың теңге субсидия қарастырылған. Былтыр  субсидия көлемі 40 мың теңгеден аспайтын еді.

«Инвестициялық субсидия арқылы қажетті құрал-жабдық алуға 50%-ға дейін қаржылай көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, асыл тұқымды және селекциялық жұмыс жүргізу үшін тұқымдық түрлендірумен қамтылған жылқының аналық басына субсидия көлемі – 20 мың теңге. Бұл жаңа субсидия түрін «Атамекен» ҰКП ұсынған болатын», – дейді Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаменті сарапшысы Қуандық Чункунов.

Жылқы шараушылығымен айналысып жатқан және қолға аламын деуші заңды және жеке тұлғалар үшін етті және етті-сүтті бағыттағы жылқылар санын ұлғайтуды қамтамасыз ету мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тың «Құлан» бағдарламасы бар. Несие сомасы – 15 млн-ға тең, мөлшерлемесі – 14% құрайды. Негізгі борышты өтеу бойынша 36 айға жеңілдік жасалған, несие беру мерзімі 120 айға дейін.

Ішкі сұранысты толығымен өтеп, жылқы қорын ұлғайтып, ет бағасын арзандату мақсатында жылқыны өсіру қажет-ақ. Мал басын көбейтуде қандай ең негізгі мәселелер бар? Біріншіден, жылқышы тапшы. Екіншіден, бие сауып, қымыз пісу машақаты көп әрі бұл  маусымдық жұмыс. Сондықтан, көп кәсіпкерлер шаруашылықтың бұл түріне қызықпайды.

Экспортқа шыға аламыз ба?

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректеріне қарағанда, 2016 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 651,5 мың тонна мал мен құс еті сатылған. Оның ішінде 10%-ы жылқы етіне тиесілі, яғни шамамен 100 мың тонна ет өндірілген.

БҰҰ Тамақ және ауыл шаруашылығы ұйымы дерегіне сүйенсек, жылқы етін өндіру бойынша Қытай бірінші орында тұр, екінші – Мексика, үшінші – Ресей Федерациясы. Ал жылқы етін пайдаланушы елдер қатарында Франция, Қытай, Қазақстан, Индонезия, Германия, Бельгия, Швейцария, Жапония, Ресей сынды елдер бар.    

«Жапонияда жайылым жерлерінің тапшылығынан жылқы өсіру айтарлықтай жүзеге аспай отыр, сондықтан жергілікті дүкен сөрелеріндегі ет өте қымбат. Көп елде жылқы етіне қауіппен қарайды, бұл жануарды тек жұмысқа, спорт түрлеріне жарайды деген ұғым қалыптасқан. Израйль мен араб мемлекеттері  діни-наным сенімдеріне сәйкес жылқы етін тұтынбайды. Қазақстанда жайылым алқаптары 180 млн гектардан астам аумақты құрайды, демек, еліміздің мал өсіруде әлеуеті өте жоғары. Бүгінде Қазақстан жылқы етіне Ресей мен Қытайдың сұранысы үлкен»,дейді департамент сарапшысы.

Қымыз – көптің ырысы

Қазақстанда өндірілетін қымыз экспорты жолға қойылып келеді. Мәселен, Қарағанды, Көкшетеу, Павлодар облысындағы жылқы өсіретін қожалықтар қымызды Еуропаға дейін экспорттауда. Кәсіпкерлер арасында құрғақ қымыз, саумал экспорты артқан. Мәселен, Басты экспортшы «Евразия инвест» ЖШС 2017 жылдың ақпан айында Ресейге 1 тоннаға дейін құрғақ қымыз тасымалдауды жоспарлап отыр. «Евразия инвест» ЖШС өніміне Еуропа елдері мен Қытай қызығушылық танытуда, келіссөздер де жүргізіліп жатыр.

Дүние жүзінің жылқы етіне емес, қымызға сұранысы көп. Мемлекет тарапынан бие ұстап, қымыз өндіретін шаруашылықтарға субсидия көлемі 1 литріне 60 теңгені құрайды. Ал нарықтағы қымыз бағасының құны орта есеппен – 400 теңге.

«Бұл тағам түріне күннен күнге сұраныс өсіп келеді. Егер халықаралық стандарттарға сай, қымыз өнімін арнайы шөлмектерге құйып, арнайы таңбамен шығарса, 1 литрдің бағасы 700 теңгенің маңайында болады. Балғын саумал мен қымыз тұтынушыларының басым бөлігі – қазақстандықтар», дейді Қуандық Чункунов.

Әлия Кемелбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер