«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жеңіл өнеркәсіп қайтсе бәсекеге қабілетті болады?

2017 жылғы 18 Қаңтар
9222 просмотров

Түркиялық және басқа да шетелдік жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер Қазақстанның ірі сауда орталықтарында өз мемлекеттері бөлетін субсидияның арқасында кәсіптерін дөңгелетіп жатыр. Ал отандық кәсіпкерлер болса, өз өнімдерін ішкі нарықта іске асырудың қолайлы жолдарын іздеуге мәжбүр. Астананың сол жағалауындағы сауда үйлерінен 100 шаршы метрді жалға алу үшін ай сайын миллион теңге төлеуге олардың қалтасы көтермейді.

Жеңіл өнеркәсіп саласындағы отандық кәсіпорындардың сауда орындарын жалға алуға жұмсайтын шығындарын өтеу мәселесі Инвестициялар және даму министрлігіндегі отырыста қаралды. Оған мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, бизнесті қолдау институттары мен жеңіл өнеркәсіп өндірушілері қатысты.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Тимур Нұрашев бұл мәселе бірнеше жыл бойы талқыланып келе жатқанын атап өтті.

Іс-шаралар жоспарының 33-тармағына сәйкес, 2016 жылы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев сарапшылармен және бизнес-қоғамдастықтармен өткізген кездесуде Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері мен ҰКП-ға жеңіл өнеркәсіп саласындағы отандық кәсіпорындардың сауда алаңдарын жалға алуға кеткен шығындарын өтеу мәселесін қарауды тапсырған.

ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Хәкім Сабыров атап өткендей, отандық жеңіл өнеркәсіпшілердің сауда алаңдарындағы  бәсекеге қабілеттілігі төмен.

«Түркия, қытайлық және басқа да мемлекеттердің үкіметтері жеңіл өнеркәсіп саласындағы сауда маркаларын экспорттаушыларды субсидиялап, олардың Қазақстандағы ірі сауда алаңдарын жалға алуға кеткен шығындарын өтеп береді. Олар ұсынатын қаражат аз емес. Бізге былтыр  желтоқсанда «Алтын адам» компаниясы өз өнімдерін саудалау үшін орын тауып беру туралы өтінішпен хабарласқан еді. Олар бізге жалға алудың құны қанша екенін көрсетті. Астананың сол жағалауындағы сауда орындарынан 120 шаршы метрді жалға алу үшін, олардан ай сайын 1 миллион теңге сұраған», – деп мәлімдеді департамент директорының орынбасары.

Өз кезегінде, Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Тимур Нұрашев мемлекеттік қолдаудың үш деңгейі қарастырылғанын еске салды. Олар: біріншісі – өндірістік өнеркәсіптің барлық салалары, екіншісі – 14 ішкі секторы, үшіншісі – экономиканың 7 секторы бойынша.

«Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы тұрғысынан алғанда, мемлекеттік қолдау саясаты бірінші деңгейге қатысты жүзеге асырылып жатыр. Егер біз осындай жолмен жүретін болсақ, онда салалардан кетіп, өнімділік пен экспорттқа бағыт алу қағидаларына назар аударуымыз керек», – деді Тимур Нұрашев.

Ұлттық экономика министрлігінің өкілі өнімділік пен жаңа нарықтарды құрудың жаңа қағидалары қажет деген пікірмен келісіп отыр. Оның айтуынша, тұтас алғанда,  мемлекеттік органдар да осындай саясатты қолға алуы мүмкін.

«NADLoC» жергілікті құрамды дамыту жөніндегі ұлттық агенттік басқармасы төрағасының орынбасары Айгүл Закирьянова ҚР Президентінің 2018 жылға дейін түрлі бастамаларға мораторий енгізу туралы тапсырмасына жүгіне отырып, қазіргі таңда агенттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында басымдық берілген секторлар бойынша субсидиялау мәселесін қарап жатқанын мәлімдеді.

«Мемлекет барлығын қатарынан субсидиялай алмайтыны түсінікті. Мемлекеттік қолдауға ие болатын кәсіпорындарды қалай анықтаймыз? Кәсіпорынның көлемі орташа болып, сериялық негізде көпшілікке арналған өнімдерді өндіру керек және өндірістік қуаттың белгілі бір көрсеткішіне ие болуы тиіс. Осы шарттарға сай келетін кәсіпорын өз сауда маркасын тіркеп, сәйкестік сертификатын алатын болады. Мемлекет сұрап отырған қағидалар осы. Осыны жасаған кезде, біз субсидиялау реестріне енетін кәсіпорындарды анықтайтын боламыз. Біздің департамент  СТ-KZ ережелерін өзгертуге қатысты жұмыс жасауда және Жиһаз жасаушылар қауымдастығынан келіп түскен қызықты ұсыныстар бар. Олар біліктілік талаптары негізінде кәсіпорындар реестрін құруға мүмкіндік беретін ұсыныс айтып отыр», – деді ҰКП Өңдеу өнеркәсібі директорының орынбасары.

Инвестициялар және даму министрлігінің өкілі проблеманың мәні реестрде ғана емес, бақылау механизмінде екенін атап өтті. Оның айтуынша, «сауда орындары бойынша растау құжаттары өте тұрақсыз болған».

ҰКП Өндірістік өнеркәсіп департаментінің сарапшысы Батырбек Әубәкіров жиналыс тақырыбын талқылай отырып, отандық жеңіл өнеркәсіп өндірушілерінің 80 пайызы  мемлекеттік тапсырыспен өмір сүретінін, ал қалған 20 пайызы бүгін талқыланып жатқан қолдау шараларын күтіп отырғанын айтты.

«2016 жылдың қыркүйегіндегі жиналыста Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне ҰКП-мен, Жеңіл өнеркәсіп өндірушілер қауымдастығы және Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер одағымен бірге сауда орындарын жалға алуға кеткен шығындардың өтемпұлы түрінде ішкі нарықта өнімдерді ілгерілету үшін салалық кәсіпорындарды қолдаудың жаңа құралын енгізу бойынша ұсыныс әзірлеуді тапсырған еді. Ал жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді жоспары талқыланған кезде, жалға алуды субсидиялау мен жарнамадан басқа салмақты мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылмады.  Бұл проблеманың басқа салада «өршіп кету» қаупі бар. Мысалы, өндірістік өнеркәсіптің барлық саласы бойынша қолдау қағидаларын мақұлдау процесі ұзақ әрі қиын болуы мүмкін. Бізге осы жылды бос өткізбей, тым болмаса пилоттық жоба аясында жеңіл өнеркәсіпті қолдау маңызды болып тұр», – деп атап өтті Батырбек Әубәкіров.

Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер одағының бас маманы Наталья Кузнецова,  өз кезегінде, Ресей Федерациясын мысалға келтірді.

«Ресейліктер сауда орындарын жалға алуға кеткен шығындарды өтеуді федералдық деңгейде жүзеге асырады. Нижегород облысында жеңіл өнеркәсіп саласындағылар үшін бұл мәселе губернатордың жарғысымен реттелген, ақшаны өнеркәсіп министрлігі төлейді. Осыған ұқсас мысалдар Чукот және Еврей автономиялық өлкелерінен де келтіруге болады», – деп хабарлады Наталья Кузнецова.

Оның айтуынша, «жалға алудың жоғары мөлшерлемелері бойынша мәселені де анықтау қажет».

«Біріншіден, тіпті Астананың «алтын шаршы» деп аталатын ауданындағы, сонымен қатар қаланың басқа да аудандарындағы жалға алу мөлшерлемелері бойынша қолжетімді ақпарат еш жерде жоқ. Дегенмен, ережелерге сай, бұл ақпарат болуы тиіс. Бұл жағдай сауда орындары басшыларының жалдамалық мөлшерлемелерді өз мүддесіне қарай өзгертіп отыруына жол ашып отыр», – деді ол.

Сонымен қоса, Наталья Кузнецова, 2016 жылдың қазанында Мемлекеттік кірістер комитетінің сол кездегі басшысы Дәулет Ерғожин жеңіл өнеркәсіп өнімдерін сататын кәсіпкерлер үшін заңды тұлғалардың жалдамалық орындарының құны туралы ақпарат даярлауды, сондай-ақ салық есептеріндегі мәліметтерден ерекшеленетін жоғары  құн бойынша мүлікті жалға беретін заңды тұлғалардың салықтың есебін тексеруды тапсырғанын еске салды. Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары осыған сәйкес ақпараттарды Қаржы министрінен сұрау қажеттігін хабарлады.

Жиналыстың қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп өндірушілерінің жалға алуға кеткен шығындарын өтеп беруге қатысты ресейлік тәжірибені зерттеуге және таяу арада келесі жиналысты өткізу туралы шешім қабылданды.

Назгүл Әбжекенова


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер