«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жер кәсіпкерлерде қалады

2017 жылғы 17 Қаңтар
- Қызылорда облысы
5526 просмотров

Кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық филиалының кеңесшісі, сотта үш кәсіпкердің құқығын қорғап, олардың жер телімдерін сақтап қалды

«Кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық филиалы құрылғаннан бері, 30-дан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Бұл бағытта прокуратура органдарымен тығыз байланыс орнатылды. Сонымен бірге, филиал жанынан «Прокурор кабинеті» ашылды. Кәсіпкерлер аптасына екі рет Палатада, аталған орган өкілдерімен кездесіп, өздерінің көкейлерінде жүрген мәселелерін талқылай алады. Ал, Палатаның Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығының кеңесшілері кеңес беру қызметінен бөлек, кәсіпкерлер құқығын қорғау мақсатымен сот отырыстарына қатысады. Мысалы, Шыңғыс Қадыров есімді кеңес беруші Қызылорда облыстық мамандандырылған ауданаралық соты отырысында үш кәсіпкердің құқығын қорғап, нәтижесінде, мәселе кәсіпкерлер пайдасына шешілді», – деді Қазалы аудандық филиалының директоры Ермек Аймаханов.

Филиал директоры тілге тиек еткен проблема келесідей болған көрінеді. Қызылорда облысының жерді сақтау және оны пайдалануды бақылау басқармасы мамандандырылған ауданаралық сотына арыз жазып, Қазалы ауданының үш кәсіпкері жалпы аумағы 1500 шаршы метр құрайтын жер телімін мақсатсыз пайдаланды деген сылтаумен тартып алмақ болған. Солардың бірі – қазалылық жеке  кәсіпкер Темірхан Тәжмағамбетов. Өкілетті орган Т.Тәжмағамбетовке қатысты, «ауыл шаруашылығы азық-түлігі дүкені» үшін берілген, аумағы 400 шаршы метрді құрайтын жерді мақсатсыз қолданды деп шағым түсірген.  Бұл ретте, кәсіпкерде жер теліміне қатысты барлық құжаттар болыпты. Осындай мәселеге тап болған кәсіпкер, Кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық филиалынан көмек сұрайды. 

Кәсіпкердің өтінішін Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығы кеңесшісі Шыңғыс Қадыров қарады. Сотта Темірхан Тәжмағамбетовтың құқығын қорғаған кеңесші, кәсіпкерге қатысты барлық дәлелдерді ұсынған көрінеді.  Нәтижесінде сот жер телімдерін күшпен тартып алу туралы шағымды қанағаттандырмай, жерді кәсіпкерге қалдыру туралы шешім шығарды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер