Төлеутай Рақымбеков: Шаруаларға озық технологияларды оқытамыз
Алдағы жылы ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне білім беру жүйесі өзгереді
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалдары жанындағы ақпараттық-кеңес беру орталықтары желілерін қайта қалпына келтіру, отандық ауылшаруашылық өнімдерін шығарушыларды оқытудың тиімділігін арттыра түспек. Бұл туралы palata.kz тілшісіне берген сұхбатта «Атамекен» ҚР ҰКП Агробіліктілік орталығының директоры Төлеутай Рақымбеков мәлімдеді.
– Төлеутай Сатайұлы, 2016 жылы Агробіліктілік орталығы атқарған жұмыстардың қайсысын маңызды деп санайсыз?
– Біріншіден, былтыр біз Қазақстанның барлық 14 облысы мен 160 ауылдық округінде 11 мыңнан астам шаруаның біліктілігін арттыратын семинарлар ұйымдастырдық. Бұл мақсатта, Ауыл шаруашылығы министрлігі басты тапсырыс беруші болды, негізгі 25 бағыт бойынша 670-ке жуық семинар өткіздік. Олардың ішінде ет, сүт, жылқы шаруашылығы мен егін шаруашылығына қатысты 12 бағыт бар. Семинарларды жүргізу үшін, біз білікті ғалымдардан, жоғарғы оқу орындары оқытушыларынан, салалық қауымдастықтардың, одақтар мен ірі агроқұрылымдардың мамандары мен жетекшілерінен құралған 30 отандық және 25 шетелдік сарапшыны шақырдық. Тағы бір айта кетерлігі, сабақтардың дені – озық шаруашылықтар алаңында өтті. Бұл ретте, мұндай семинарларда дәріс оқығандар – сол шаруашылық өкілдері болды. Жалпы, мұндай оқытуларға, барлығы 217 шаруашылық пен 120 дәріс беруші тартылды. Тағы бір мәрте айта кетейін, білім беруді техникалық ұйымдастыру жұмыстарын «Атамекеннің» өңірлік филиалдары өз мойнына алды. Осылайша, аталған жұмысқа 14 өңірлік палата мен 160 аудандық палата жұмылдырылды. Палатаның әр өңірде өз филиалының болуының арқасында, Палата қызметкерлері шаруалармен тиімді кері байланыс орнатып, олардың жобаға қатысу мүмкіндігін барынша ұлғайта алды. fermers.kz және call-орталық арқылы еліміздің отандық ауылшаруашылық өнімдерін шығарушыларға тәулік бойы жан-жақты ақпараттық-әдіснамалық көмек көрсетілді. АӨК саласындағы басым бағыттарды ескере отырып, Орталық өткізілген семинарлар негізінде 25 бейнесабақ даярлады. Соған сәйкес, сауалнама қорытындылары бойынша, тыңдаушылардың 98%-ы білім беру мен семинарларды ұйымдастыру сапасына оң баға берген.
2016 жылы «Атамекен» ҰКП call-орталығына АӨК субъектілерінен 2 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Шаруалардың барлық сауалдарына Орталықтың білікті сарапшылары жауап берді.
Сонымен бірге, Агробіліктілік орталығы АӨК субъектілеріне арналған fermers.kz ақпараттық-талдамалық порталын іске қосты. Осылайша, Қазақстанда бірінші рет шаруаларға арналған біліктілікті жоғарылату және онлайн-кеңес берудің тегін қызметі қолжетімді болды. Айта кетерлігі, портал былтырғы жылдың 1 тамызынан бастап өз жұмысын бастады. Жыл қорытындысы бойынша сайт жұмысымен 60 мыңнан астам адам таныс болған. Олардың қатарында шетел азаматтары да бар (Ұлыбритания, Израиль, Ирак, АҚШ, Қытай, Ресей, Люксембург, Австрия, Франция және т.б.).
– Семинарлар қайда өтті және осындай аз уақыт аралығында фермерлерге қандай да бір жаңашылдықтарды үйрету мүмкін болды ма?
– Барлық семинарлар еліміздің ірі шаруашылық базаларында өтті. Онда оларға тәжірибе сабақтары барысында, табысқа жетудің қыр-сыры да оқытылды. Ал, негізгі шаруашылықтар, өз кезегінде, шетелдік және қазақстандық сарапшылардан нақты кеңестер алуға мүмкіндік алды. Семинарлар арнайы әзірленген 97 әдіснама бойынша өткізілді. Ал, ондағы тақырыптар кәсіпкерлер сұранысына орай әзірленді. Барлық әзірлеген әдіснамаларды ҚР АШМ мақұлдап, ол fermers.kz порталында жарияланды.
АӨК дамыту жөніндегі жаңа мемлекеттік бағдарламада, шаруалар біліктілігін арттыру – саланы дамытудағы басты міндеттердің бірі деп қарастырылған. Биылғы жылы экстеншн жүйесіне 10 жыл толып отыр. Біліммен сусындату – АӨК суъектілеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулардың бастысы әрі негізгісі болып саналады. Сол себепті, «Атамекен» ҚР ҰКП-ның өңірлік филиалдарын аталған жұмысқа жұмылдыру арқылы, оқу сапасы мен білім беру жүйесін біршама жақсарттық.
Орталық, өз кезегінде, фермерлерге арналған озық технологиялар мен біліктілік базасын жасай алды. Мысалы, егін шаруашылығына қатысты, күрішке қажет суды 28%-ға дейін үнемдеуге жол ашатын, күрішті суаруға арналған автоматтандырылған технология таныстырылды. Осыған орай, бүгінге дейін фермерлерден аталған технологиялаға байланысты тек оң пікірлер келіп түсуде. Себебі, аталған жүйе пайдалануға жеңіл әрі тұрақты түрде жұмыс жасайды, сондай-ақ, диқанның жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді.
Біздің фермерлерге, көп жағдайда білім мен технологиялар жетпей жатады. Салдарынан, өнім мөлшері де аз болады. Орталық атқарған жұмыстар ауыл шаруашылығын дамыту жүйесінде маңызды рөл атқарады. Озық технологияларды, шетелдік тәжірибені енгізбей, алдыңғы қатарлы шаруашылықтар жұмысының тиімділігін зерттемей, сала өнімділігін арттыру мүмкін емес. Мұндайда, әлемдік нарыққа шығу туралы сөз қозғаудың өзі артық дүние. Агробіліктілік орталығы, бұдан бөлек, АӨК субъектілер арасындағы сауаттылықты арттырып, жетекші инновациялық құралдарға деген қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында халықаралық әріптестік жұмыстарын қолға алып келеді. Осылайша, Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасымен, Астана қаласындағы ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) кеңсесімен әріптестік байланыстар орнатылып, БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымымен, Халықаралық органикалық ауыл шаруашылығы қозғалысы федерациясымен меморандумға қол қою туралы келісімге келдік. Сонымен қатар, МАШААВ (Израиль Сырты істер министрлігі жанындағы халықаралық әріптестікті дамыту агенттігі) жобасы, ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігімен ынтымақтастық орнату туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Былтырғы жылдың 23 қыркүйегінде «Lac Holding» венгр қызметі мен Агробіліктілік орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында, ауылшаруашылық өнімдерін шығарушылар арасында озық білім беру жүйесін жетілдіру, ауыл шаруашылығы салаларын зерттеу және жетілдіру, АӨК субъектілеріне білікті кеңес беру қызметін ұсыну көзделіп отыр.
Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ұлттық палата алдына қойған жоспарлы индикаторлары бекітілген межеден артық орындалып, жоба оң нәтижелермен жүзеге асырылып келеді деп айтуға толық негіз бар. Себебі, жобаның басты мақсаты – АӨК субъектілеріне нақты технологиялық кеңестер мен озық білім беру болып табылады. Ал, жоба аясында қол жеткен басты жетістіктердің бірі – қазақстандық шаруалардың табысының артуы және өнім көлемінің ұлғаюы болып табылады.
– 2017 жылы Орталық өзінің білім беру қызметін одан әрі жалғастырады ма?
– Жұмыс республикалық бюджетте қарастырылған қаржы көлемі аясында өз жалғасын табатын болады.
– Оқыту форматы бұрынғысынша сақталады ма?
– Біз форматты біраз өзгертеміз деп жоспарлап отырмыз. Себебі, дәріс оқушылардың өздері семинарларға жан-жақты дайындалуы тиіс. Кез келген академик немесе ғылым докторы жақсы дәріс оқушы атанып, тыңдаушылар назарын сегіз сағат бойы өзіне аударып тұра алмайды ғой. Сонымен қатар, тәлімгерлік жүйесін енгізу қажет деп санаймыз. Мәселен, аудан ішінде, «Атамекен» аудандық кәсіпкерлер палатасының маманы тыңдаушылардың, аудан фермерлерінің басын қосып, жетекші шаруашылықтар базасында сабақтар өткізе алуы тиіс. Бұған дейін мұндай тәжірибе «Далалық сабақтар» деп аталатын және онда нақты мәселелер қаралатын. Осылайша ақпараттық кеңес беру орталықтары желісін қайта қалпына келтіру керек. Мұндай қызмет бұған дейін «Қазагромаркетинг» АҚ құзыретінде болған. Ал, қазір бұл жұмысты аудандық кәсіпкерлер палаталары арқылы қайта жандандыру туралы мәселені қолға алу қажет.
– Оқыту барысында, шаруалар тарапынан қандай тақырыптар ерекше назарға ие болды?
– Тақырыптар тауар өндірушілердің, салалық одақтар мен қауымдастықтардың сұрауы бойынша әзірленді. Мысалы, «Ауыл шаруашылығы жануарларының күйзеліске ұшырауының тәуліктік салмақ қосуға әсері» немесе «Жасыл масса алуы үшін, өсімдіктің өсуіне биоқоздырғыштардың әсері», күріш өсіруде ылғалды сақтап қалу технологияларын енгізу және тағы басқалар бар. Біз шаруалардың көкейінде жүрген, өзекті деген мәселелерге жауап табуға тырыстық. Барлығы 100% «керемет» болды деп айта алмаймын. Сонымен бірге, бірқатар проблемаларға тап болып жаттық. Біз олармен бетпе-бет келдік және ондай мәселелерді сараптап жатырмыз. Алдағы уақытта осы мәселелерден сабақ ала отырып, жұмысқа түзетулер енгізетін боламыз. Сондай-ақ, біз оқыту кезінде және оқыту аяқталған соң, тыңдаушылар арасында сауалнамалар жүргізіп отырдық. Қысқаша айтқанда, олармен кері байланыс орнатылды. Себебі, фермерлерден келіп түсетін ақпарат маңызды және олар «Атамекен» ҰКП-ға Агробіліктілік орталығы арқылы ұсынылып отырады. Ал, Палата оны өз кезегінде, сараптамадан өткізіп, тыңғылықты зерттеп, мемлекеттік органдарға, ауыл шаруашылылығы саласындағы жоғарғы оқу орындарына, ғылыми бірлестіктер мен кәсіпорындарға жөнелтіп отырады.
Жанар Сердалина
Пікір қалдыру:
Пікірлер: