«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Думан Халметұлы: «Ынта болса қолға бағынбас іс қалмайды»

2016 жылғы 24 Қараша
3248 просмотров

Күнделікті тұрмыста жиі қолданатын заттарымыздың қатарында скотч та бар. Кез келген нәрсеге пайдаланамыз, тіпті жыртылған ақшаны да скотчпен бүтіндейміз. Сол скотч бүгінде Астанада да өндіріледі екен. Біз осы жапсырма таспа шығарудың жай-жапсарын кәсіп иесі Думан Халметұлынан сұрастырдық.

­­­­– Думан Халметұлы  кәсібіңіз жайлы анығырақ білсек...

 «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенде, атамекеннің арайлы таңын аңсағаннан Қытайдағы әкімшілік жұмысымызды тастап, 2004 жылы ата-жұртқа көшіп келдік. Күнкөрістің қамымен сауда-саттыққа бет бұрдық. Скотчты Қытай жерінен дорбалап тасыдық, кейіннен жүк көлігімен жеткіздік. Сұраныс артқан сайын біз тоқтап қалмай, вагонмен де тасымалдайтын болдық. Кейіннен сонша жерден тасып сатқанша, осы дүниені өзіміз жасап, өндіріске енгізсек деген ой келді. Кішігірім зауытымызды ашуға ниеттеніп, арнайы станоктарды да алдырдық. Әрине, айтқанға оңай болғанымен, іс жүзінде тер төгуге тура келді. Қаражат мәселесін шешу үшін, Қытайдағы жылжымайтын мүліктерді кепілге қойдық, осылайша отбасылық кәсіп басталды. Алматыда басталған кәсіпті інілерім жалғастырып, өз отбасыммен Астанаға қарай ат басын бұрдым. «Ықылас қойған адамға, қиын іс жоқ жаһанда» дегендей, ынта болса қолға бағынбас іс қалмайды. «Марқатай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, Қытай тағамдарын әзірлейтін дәмхана, кәріс технологиясымен жабдықталған сауна, сұлулық салоны секілді бірнеше бағытта еңбек етіп келеміз. Ең бастысы, скотч жасауды қолға алдық.

Жұмыс неден басталды? Бизнес-жоспар құрып, қаржылық қолдау көрсеткендер болды ма? Шағын және орта бизнесті қолдауға арналған бағдарламаларды пайдаландыңыз ба?

Ең алдымен бауырларыммен бірігіп, ортақ қаражаттың басын құрап, бизнесті Алматыда аштық. 2006 жылы Астанаға келгеннен кейін, бәрін де басынан бастауға тура келді. Скотч шығару кәсібі жоқ екенін біліп, Астана қаласы әкімдігіне бизнес-жоспарымды жолдап, арнайы хат жаздым. Өтінішім жерде қалмай, әкімдік тарапынан  қолдау көрсетіліп, арнайы цех салу үшін өндірістік аймақтан бір гектар жер бөлінді. «Еңбексіз іс бітпейді» дейді. Расымен де, сол бір демеу кеңседе де, тұрмыста да сұранысы бар жабысқақ үлбірді шығаруға септігін тигізді. Өндіріс барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен Америка құрама штаттарына барып, озық технологиялармен таныстық және де «Даму» қорынан 7 пайызбен несие алдық. Қаржылық қолдау техникаларды жаңалай отырып, өндірісті кеңейтуге үлкен мүмкіндік берді.

Естуімізше, қоқыстан жиналған пластикті қайта өңдеп скотч шығаруға болады екен. Сіз шикізатты қайдан алып отырсыз?

Шикізат Қытай елінен жеткізіледі. Шағын кәсібімізді кеңейту үшін «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан тағы 6% несие алып, орам пленкасын өндіретін станоктарға тапсырыс беріп отырмыз. Оның ішінде қоқыстан жиналған пластиктерді қайта өңдеу арқылы орам пленкаларын жасап шығаратын станоктар да қамтылады. Ісіміз оңға басса, полипропиленге желім бүркуді қолға алатын күн де алыс емес деген ойдамыз. Елімізде көп сала енді-енді дамыу үстінде. Ірі кәсіпорындар мен шағын бизнесті өзара сәйкестендіріп, оларға қажетті шикізаттарды, шағын бизнестің өндіруіне беру жағы қолға алынса, шикізаттарды шетелден тасу да, халықтың жұмыссыздығы азаяр еді. Ел ішінде өндірілген өнім болған соң, баға да арзандап, халыққа да пайдалы болар еді әрі отандық өнім де артатыны анық.

Жұмыстарыңыздың өнімділігі қандай? Кезінде Қытайдан тасыған дүниені енді Қазақстанның атынан өзге елдерге шығаруға болады ма?

Басында бір ғана топтама шығарсақ, қазір күніне бес топтама дайындаймыз. Цехтағы станоктармен тапсырысқа қарай әртүрлі өлшемде, қалаған ұзындықта шығаратындай қауқарымыз бар. Тұтынушының сұранысын да, нарықтың талабын да қанағаттандыра аламыз. Біздің дайындап жатқан өніміміз Астана қаласынан бөлек, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау облыстарына да тарайды. Жер-жерде сату бөлімдерімізді аштық. Енді өнімімізді солтүстік облыстар арқылы Ресейге шығарсақ деген ниеттеміз. Қытайдан гөрі, біз жақынбыз ғой, сондықтан тек өнімнің сапасын арттырып, сыртқы саудаға шығуды ойластырғанымыз жөн.

– Қарамағыңызды қанша жұмыскер бар? Қаржылық дағдарыс бизнесіңізге әсер етті ме?

– Скотч өндірісінде 25 адам жұмыс істейді. Әлемдік қаржылық дағдарыс, әрине, біздің өндірісімізге де әсер етпей қоймады, бірақ соған қарамастан жұмыста да, қаржылай да қысқартулар жасалған жоқ, керісінше жұмысқа  жаңа қызметкерлер қабылдадық. Ең маңыздысы еңбекақыларын уақытылы төлеуді басты орынға қоя білдік. Жұмыскерлердің жұмысқа келіп кетуі ыңғайлы болсын деп қызметтік көлік дайындадық. Осылайша тұрғылықты жерлеріне дейін жеткізіп салуды қамтамасыз етіп отырмыз. Тұрақты жұмыс болса, ай сайын еңбекақыларын алып отырса, әрине, әлеуметтік жағдайлары да түзеледі деп ойлаймын.

Кәсібіңізді дамытуға қандай да бір кедергілер бар ма? «Ереженің мына бір тұсын былай өзгертсе, мен секілді жандарға оңтайлы болар еді», ­ деп жүрген ұсыныс-ойларыңыз жоқ па?

Елге келіп кәсіп бастарда жүрексінгеніміз рас. Бірақ шағын және орта кәсіпті дамытуға көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп жатқанына шын жүректен қуанамын. Әкімдік тарапынан қолдау болмаса, Астанадағы кәсіпті бастау да оңай болмас еді. Сондықтан да өзімізге қатаң талап қойып, сол үдеден шығуға күш салуымыз керек. Ал ұсыныс жағына келер болсақ, өндіріске қажетті станоктарды жаңартуға, тауарды жарнамалауға мемлекет тарапынан субсидия берілсе, тіпті жақсы болар еді деп ойлаймын.

– Кәсіп ашу қиын ба? Бұл ретте тәжірибелі маман ретінде қандай кеңес бересіз?

Кәсіппен айналысқан дұрыс. Бірақ, бірден табыс тауып кетемін дегеннен аулақ болу керек. Әр істің өз жүйесі бар. Алдымен қай нәрсеге сұраныс барын, анықтап, зерттеп алған жөн. Айталық, дәмхана ашу үшін даяшы болып көрген абзал. Сол сияқты басқа салаларды да зерттеп-зерделегеннен ешқашан ұтылмайсыз.

– Пікір бөліскеніңізге рахмет!

Қарлыға Телман


Еншілес ұйымдар

Серіктестер