«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мейірбек Жұмабеков: «Кəсіп бастамас бұрын қасаң ойлаудан құтылу керек»

2016 жылғы 01 Қараша
6242 просмотров

Өз кәсібін жүргізіп қана қоймай, жастарды да дербес іспен айналысуға шақырып, баулып жүрген дәріскер, «Barracuda» бокс клубтары желісінің директоры, «Жеке бизнес» кәсіпкерлік мектебінің жетекшісі Мейірбек Жұмабековпен іскерлік жолға түсу жайында әңгімелескен едік...

- Мейірбек Бердібайұлы, кәсіпкерлікпен айналасуға не себепші болды? Мәселен, табысты кәсіпкерлердің көбі бастапқыда белгілі бір қиындықты көрген адамдар...

- Байқап қарасаңыз, кəсіпкерлер – бір орнында тыныш отыра алмайтын адамдар, олар өздеріне ұнамайтын жұмысқа көндігіп отыра алмайды, үнемі ізденісте жүреді. Ондай жандарды әлемнің қай еліне апарып тастасаңыз да, ол əйтеуір бір амалын тауып өз мақсатына жетеді деп ойлаймын.

Мен көңілімнен шығатын саланы іздедім. Өз ісімді бастауға ниеттендім. Осылайша бокс клубына келдім. Бірақ, қолымда спорт клубын жалға алатындай қаражат болмады. Бірнеше рет бокс клубының басшысына барып, жалға алу ақшасын айдың соңында төлеуге көндірдім. Алғашқы айда 18000 теңге табыс таптым. Қызықтың барлығы кейін басталды, біріншіден біз клубты адамдар спортпен айналыспайтын уақытта, яғни көктемнің соңы мен жаздың бас кезінде ашыппыз. Екіншіден, клубты ашуын аштық, ал оны дамытуға біліміміз жетіспейді, клиентті дұрыс жинай алмаймыз, жаттықтырушыларды дұрыс таңдауды, оларды басқаруды білмейміз. Мұндай қиындықтар бізді шыңдады, ұйымдастыруды, жоспарлауды үйретті, біз көп іздендік. Қазір мен кəсіпкерлікке келіп қана өз орнымды таптым деп айта аламын және өзімді басқа бір салада елестете алмаймын. Барлық ойымдағы жоспарларымды жүзеге асыруға, алдыма қойған мақсаттарыма жетуге мүмкіндік беретін сала осы екен. Мұнда ешкім саған кедергі болмайды, орындалмаған жоспарларыңа тек өзің ғана кінəлісің – бастығың да емес, ата-анаң да емес, тек өзің.

Кәсіпкерлік бастауда мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан бағдарламаларды пайдаландыңыз ба?

- Кəсіпкер боламын деген азаматқа мемлекет тарапынан қаншама жағдай жасалуда. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламалар, кәсіпкерлерге кеңес беру орталықтары мен қолдау ұйымдары жұмыс істеп жатыр. Мен осы бағдарламаларды толық пайдалана алдым деп айта алмаймын. Бізде салықтан бастап, тексерулерге дейін бəрін кəсіпкерлерге ыңғайластырып қойылғаны жұмысымды тиімді жүргізуге көп септігін тигізіп отыр. Сондықтан да өз ісіңді бастап, жүргізе білу керек. Сылтау іздеген адамға қашанда табылып тұрады, жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ дегеннің барлығы – бос сөз. Кəсіп бастамас бұрын ең алдымен қызметкер сияқты қасаң ойлаудан құтылу керек. Кəсіпкер сияқты ойлауды үйренген кезде, сізді ештеңе тоқтата алмайды. Бір бизнестен кейін екіншісі, үшіншісі болып жалғасып кете береді.

- Алдымен кәсіпкерше ойлау керек дейсіз. Іскерлік ой қалай қалыптасады?

- Көп адамдар қазір кəсіп ашу үшін көп қаражат салып, арзан жерден алып, қымбат сатсам, жарнамасын жақсылап жіберсем бəрі керемет болады деп ойлайды. Спортшылар жарыста жеңу үшін қалай жаттықса, кəсіпкер боламын деген адам да солай өзін алдын ала дайындау керек. Кітаптар оқып, бизнес жайлы фильмдер көріп, кəсіпкерлердің қасында жүріп, арнайы тренингтерге барып, өзін дамытуы – бизнестегі бәсекелістікте үлкен мүмкіндік береді. Қөзқарасы, ойы өзгеріп, толыса түседі. Біздегі кәсіпкерлікке баулу курстарын аяқтаған адамдардың 78%-ы өз бизнестерін ашады, оның ішінде 45%-ы әрі қарай дамытып алып кетіп жатыр. Мұндағы басты мәселе тұрақтылықтың жоқтығы, яғни адамдардың өздерін жеңе алмауында.  

- Халықты кәсіпкерлікпен айналысуға талпындыру үшін не істеу керек?

- Елімізде кəсіпкерлердің санын көбейту үшін біздің елде де бизнес ашу арқылы ақша табуға болатынына халықтың көзін жеткізуіміз керек. Ең жақсы əсер ететін жол – егер сенің көршің немесе танысың жеке бизнесін ашу арқылы жағдайын жақсартып алса, онда сіз де міндетті түрде соның артынша өз бизнесіңізді ашуға талпынасыз. Тағы бір тәсіл – табысты да тәжірибелі кəсіпкерлер мен жастар арасында байланыс орнату. Жастардың ойы ашық,  жаңа нəрсені тез қабылдайды жəне тəуекелден қорықпайды.  Сондықтан да құлшындыратын, дұрыс ақпарат беретін орта қалыптастырған жөн деп есептеймін.

- Әңгіме барысында ізденіс туралы көп айттыңыз? Жалпы бизнес саласындағы кітап авторларынан кімдерді оқисыз?

-Жай адамның кəсіпкерлікке келу жолы əртүрлі, сол сияқты кəсіпкер əр кезеңде саналуан кітаптарды оқиды. Енді-енді өз бизнесін бастасам деп талпынып жүрген азаматтарға Роберт Кийосаки, Бодо Шеферлардің жазғандары жақсы əсер етеді. Келесі кезең – ол ынталанудан іс-əрекетке көшетін кез, ол кезде Гай Кавасаки, Джефри Фокстардың еңбектерінен көп нәрсе алуға болады. Психологиялық дайындықтан өтіп, кәсіпкерлік туралы түсінік қалыптастырып, іс жүргізудің қырларын меңгергеннен кейін тек бизнестің əр саласына қажетті кітаптар оқыған жөн. Алдыңғы кезеңдерден өттім, қазір бизнес-бапкер ретінде мүмкіндігінше бизнес жайлы көп кітап оқуыма тура келеді. Тек тоқтап қалмау керек, дәл спортшылар секілді, жаттығумен, ізденіспен, жаңалыққа ұмтылумен жетістікке жететініміз анық.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Қарлыға ТЕЛМАН


Еншілес ұйымдар

Серіктестер