«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ерлан Стамбеков: «Атамекен» – бұл тәжірибе алаңы!

2016 жылғы 30 Қыркүйек
- Алматы қаласы
13037 просмотров

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заң барлық салаларда бизнес мүддесін қорғауға мүмкіндік береді. Заң шығарудан бастап барлық тексерістер мен сараптамаларға дейін бизнес тұрғысынан қаралады

Осыдан тура үш жыл бұрын Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының бақылаушы органы – Өңірлік кеңес құрылған болатын. Оның құрамына мегаполистегі ең ірі әрі беделді 30 кәсіпкер енген. Олар бірлесе отырып, өңірдегі кәсіпкерлікті одан әрі дамыту саясатын талқылауда. Бизнес-қоғамдастық пен жергілікті басқару органдарының бекітілген инвестициялық саясатына ықпал ету,  басқару органдары қабылдаған бағдарлама құжаттарын жүзеге асыруға ықпал ету, жекеменшік кәсіпкерлік субъектілері қызметіне қолдау көрсету әрі ынталантдыру  мақсатында оларды біріктіру ӨңірліккКеңестің басты міндеттері болып табылады. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесін белгілі бизнесмен, Алматы қаласы мәслихатының депутаты, қоғам қайраткері Ерлан Стамбеков басқарады. «Атамекен» ҚР Ұлттық палатасына 3 жыл толуына орай, біз Ерлан Дәулетұлымен еліміздің ең ірі бизнес-қоғамдастығы қалай құрылғаны, бүгінге дейін қандай іс-шаралар атқарылғаны, Қазақстанның бизнес-климатының дамуына Өңірлік кеңестің қосатын үлесі туралы сұхбаттасқан едік.

Ерлан Дәулетұлы, ҰКП сияқты қауымдастық бұрынғы Кеңес Одағы аумағындағы ешбір елде жоқ. Сіз Алматыда Кәсіпкерлер палатасын құрдыңыз. Осы үш жыл ішінде ұйым құрылғандағы мақсатына жетті ме?

– Әрине. ҰКП-ның еліміздегі кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын ұйым ретінде құрылғандығы, әрине, көңілді қуантады. Оның бәрі Палатаның отандық бизнесмендердің мүддесін қамдайтынының арқасы деп білемін. Палата әр клиенттің мәселесін ықыласпен шешуге кіріседі. Кейде тіпті, мұндай мәселелердің арасында Палата қызметіне сай келмейтін, жеке сипаттағы мәселелер де кездесіп жатады. Алайда ҰКП қызметкерлері қызметінің басты қағидаты – клиент жағына басымдық беру. Кейде, тіпті, күлкілі жағдайлар да болып жатады. Мысалы, біздің қызметкерлер жас кәсіпкерлерге ЖШС немесе ЖК ашуға қажет құжаттарды рәсімдеуге жәрдем беріп, қолдарынан «жетектеп» жүретін жағдайлар да болады. Тек өз кәсібін енді ашып жатқан кәсіпкерлер ғана емес, кейді тәжірибесі мол кәсіпкерлердің өзі мемлекет, халықаралық қор немесе шетелдік әріптес ұсынатын мүмкіндіктерді білмей жатады. Осы орайда, ҰКП ақпараттық-танымдық жұмыстарды белсенді жүргізіп келеді. Көптеген кәсіпкерлер өз мәселелерін шеше алмаймыз деп ойлайды. Себебі, олар өз мәселесін шешу құқығының бар екенінен бейхабар. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы үш жыл ішінде бай қорға ие болды десем артық айтқаным емес. Бұл ретте, Палатаны кәсіпкерлік мәселелерін шешетін банкке теңесек те артық болмайды. Біздің қызметкерлер жұмысы автоматты түрде жүретін дәрежеге жетті. Мәселен, олар алдымен сіздің қай салада жұмыс істейтініңізді сұрайды, сосын, қандай мәселемен келгеніңізді біледі. Мәселенің мән-жайына қанық болған соң, бірден осы немесе басқа мәселенің ең тиімді шешу жолын ұсынады. Ал уақыт – ол ақша. Біздің елімізде бизнес қарқынды түрде дамып келеді. Жаңа өндіріс орындары ашылуда, жаңа салалар мен нарықтар бой көтеріп келеді. Адамдар өз кәсібін ашқысы келеді. Бұл үшін, көп жағдайда олар несие алады, кейді тіпті, барлық қаражаты мен күшін жұмсап жатады. Десе де, бюрократия мен жемқорлық бизнестің барлық талпынысын жоққа шығаратын кездер де болады.  Осы тұрғыда, жекеменшік бизнеске кәсіби әрі беделді түрде қолдау көрсету маңызды болып саналады.  Бұл ретте, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы билік пен бизнестің өзара сұхбатын қамтамасыз ететін алаңға айнала алды. Бүгінде біз барлық деңгейде жұмыс жасап келеміз. Тіпті, аудандық, ауылдық әкімдіктермен жұмыс істеуді қолға алғанбыз. Осы орайда, меніңше, бизнестің барлық салаларында, заң шығарудан бастап, барлық тексерістер мен сараптамаларға дейін бизнес мүдделерін қорғауға мүмкіндік беретін «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заң үлкен тірек бола алды. Егер біздің қызметкерлер барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, мәселені шеше алмаса, онда олар мәселені Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесіне тапсырады. Оған кәсіпкерлік қызметке кедергі жасап отырған мемлекеттік орган өкілдері шақырылады. Беделді заңгерлер мен кәсіпкерлердің проблемалары да өз шешімін табады. Мемлекеттік қызметкерлер міндетті түрде қандай да бір жауап қатып, орын алған мәселені шешу үшін белгілі бір шараларды қолға алуы тиіс. Жақында ғана, Президент жанында Кәсіпкерлер құқықтары жөніндегі уәкілдік – бизнес-омбудсмен институты құрылды. Уәкіл ретінде Болат Палымбетов тағайындалды. Бұл бизнеске қолдау көрсетуге жасалған әрі біздің жұмысымызға демеу болатын тағы бір қадам деп есептейміз.

– Сіздер кейде кәсіпкерлерге тым артық қолғабыс жасап жатасыздар. Нарық жағдайында осындай әрекетке бару дұрыс деп ойлайсыз ба?

– Нарықтық қатынастарды ешкім өзгертпейді. Егер тауар сұранысқа ие болмаса немесе оның бағасы тым қымбат болса, онда ол әрине, кәсіпкердің өз кінәсі. Десе де, кәсіпкер өз мәселесімен тек өзі ғана бетпе-бет келетін  жағдайлар да көп орын алып жатады. Мысалы, мемлекеттік органдар тарапынан жүйеде кедергілер болған жағдайда немесе импорттаушыларға қатысты отандық тауар өндірушілерді қорғау мәселелері. Егер кәсіпкерлерге шенеуніктерге мәселені шешу үшін ақша төлеу қажет болса, онда бұл шығындардың салдарын қарапайым тұтынушылар тартатын болады.

– Сұхбат алу үшін Сізге шетелдік кәсіпкерлер делегациясымен өткен кездесулер арасынан бос уақыт табуға тура келді. Біздің кәсіпкерлер шетелдік әріптестерімен қаншалықты тиімді бизнес құра алады?

– Халықаралық байланыстар – бұл жаңа мүмкіндіктер деген сөз. Палата, бұл ретте, өзін шетелдік және отандық кәсіпкерлер арасындағы біріктіруші ұйым ретінде  ұсынады. Әрине, іскерлік байланыстарды өз бетінше де орната беруге болады. Алайда, алматылық бизнесмендерге Кәсіпкерлер палатасы арқылы ұсыныс жасайтын шетелдіктер тың ұсыныстар айтып жатады. Әсіресе, кәсіпкерлерге сенімді серіктес табу немесе ынтымақтастықтың үздік шарттары туралы келісімдер орнату өзара бірлесе жұмыс жасау арқылы жеңіл болады ден санаймын. Мәселен, сіз бір ұсыныс айтсаңыз, ал сізде жоқ нәрсені басқа кәсіпкер ұсынса. Мұндай кезде ешкім ұтылмайды. Бүгін біз Тайваньнан келген дәрігерлермен кездестік. 2017 жылдан бастап Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру енгізілетінін білесіздер. Ол бойынша науқастың қаражаты өзіне ыңғайлы емхана есебіне аударылатын болады. Бұл жекеменшік медицина үшін таптырмас мүмкіндік болып отыр. Тек Алматыда ғана 34 коммерциялық клиника жұмыс жасайды. Тайваньдық дәрігерлер медицина қызметкерлерін тегін оқытып, бірлескен жобаларды қолға алу туралы ұсыныс білдірді. Мысалы, Алматыда тайваньдық клиника өкілдіктерін ашу немесе бірлескен денсаулық сақтау орталықтарын ашуды ұсынды. Тайвань медицинасы әлемдегі ең үздік денсаулық сақтау жүйесі екені баршаға мәлім. Әрине, біз тек біздің тарапқа тиімді ұсыныстарды қолға аламыз.

Алматы – бизнес шаһары және қаладағы кәсіпкерлер өзге өңірлерге қарағанда бірнеше есе көп. Сол себепті, түйткілді мәселелер де көп шығар?

– Алматыда ел кәсіпкерлерінің 30%-ы жұмыс жасайды. Ол – Қазақстанның бизнес астанасы. Мұнда өндіру саласынан басқа, бизнестің барлық секторлары шоғырланған. Бізде сауда, қызмет көрсету, өндірістік кәсіпорындар, жоғары технологиялы өндіріс қарқынды дамыған. Сондай-ақ, көптеген идеялар, процестер, жобалар Алматыда өмірге келеді, содан кейін барып елдің басқа өңірлеріне таратылады. Бір айта кетерлігі, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы бизнеспен жұмыс жасауда және олардың құқығын қорғауда жобалар мен идеялардың генераторы болды десек артық айтқанымыз емес.

– Қауымдастық қандай істі қолға алса да, егер оның беделі болмаса, олардың көпшілігі, тіпті тың жобалардың өзі идея деңгейінде қалатыны жасырын емес. ҰКП пікірімен санастыратындай күшке ие бола алды ма?

– Қазіргі таңда «Атамекен» ҚР ҰКП пікірімен барлығы санасады. Үкіметтен бастап ауылдық әкімдікке дейін. Бизнесті дамытуға байланысты кез келген мәселені шешуде Палата пікіріне сүйенеді. Палата қызметкерлерін мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің өзара қарым-қатынасына қатысты барлық жағдайда сарапшы ретінде тартады. Бизнес ел экономикасын алға жетелейді және біз елімізде, кәсіпкерлерге қанатын кеңге жайып, Қазақстанды жаңа деңгейге шығаруға көмек беретін ұйым болуы үшін бар күшімізді салуымыз тиіс. Барлық әріптестерді 3 жылдық мерекемен құттықтап, «Атамекен» ҚР Ұлттық палатасы одан әрі дамып, Отанымыздың игілігі үшін жасалатын тың жобалар мен идеяларды одан әрі жүзеге асыра беруіне тілектеспін! 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер