«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Әміржан Қалиев: «Акциз артса, импорт азаяды»

2016 жылғы 26 Қыркүйек
9967 просмотров

Қазақстанның «ҚазАлко» алкоголь өнімдерін өндірушілер және сатушылар қауымдастығының президенті саладағы акциз мөлшеріне қатысты өзгерістер жайлы әңгімеледі

2017 жылы Қазақстандағы алкоголь өнімдері акцизінің мөлшерлемесі литріне 2000 теңгеге дейін өсіп, ең жоғары өсім 45%-ды құрауы мүмкін. 2018 жылы акциз 2275 теңгеге тең болса, 2019 жылы литріне 2550 теңге болмақ. Естеріңізге сала кетейік, акциздердің артқаны жайлы жақында салық заңнамасындағы кейбір өзгерістер мен толықтыруларды таныстыру кезінде ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев айтқан еді. Рalata.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында «ҚазАлко» алкоголь өнімдерін өндірушілер және сатушылар қауымдастығының президенті Әміржан Қалиев саладағы акциз мөлшерлемесінің алдағы өзгеруіне қатысты өз пікірін білдірді.

– Әміржан Қошқарбайұлы, отандық алкоголь өнімдерін өндірушілер үшін Ұлттық экономика министрлігі ұсынып отырған алдағы үш жылда акциз мөлшерлемесін өсіру немен байланысты?

– Бұл қазіргі таңда ЕАЭО-қа мүше елдерде шығатын алкоголь өнімдері акцизі саласындағы Салық саясатын үйлестіру және реттеу жөніндегі келісімге байланысты болып отыр. Біз бұған көп уақыт бойы келісім бермедік, алайда ресейлік тарап осыған қатысты нақты талап қойды. Қазақстанда салық заңдарын үйлестіру бойынша келісімге қол қоятын болсақ, қазақстандық алкоголь өнімдерін Ресей Федерациясына жеткізу және айналымын жүзеге асыру туралы келісімге қол қоямыз деп сендірді олар. Біз үшін Ресей нарығына қазақстандық өнімдерді шығаруды қамтамасыз ететін аталған келісім әлдеқайда маңыздырақ. Сондықтан біз келісім беріп, Ресей, Беларусь және ЕАЭО-ға мүше өзге де елдердің акциз мөлшерлемесін үйлестіруді қолға алдық.

Келісім беруіміздің екінші себебі ресейлік кәсіпорындардағы акциз мөлшерлемесінің көлеміне байланысты. Бүгінде акциз 1 литр су қосылмаған спиртке 500 рубльге тең болып отыр. Егер бүгінгі бағаммен теңгеге аударатын болсақ, ресейлік акциз мөлшерлемесі бір литр су қосылмаған спиртке 2 130 теңге болып отыр. Ал бізде акциз 1 380 теңге. Айырмашылығы 1250 теңге, яғни, ресейлік акциз мөлшерлемесінен екі есе аз. Акциздердің мұндай айырмашылығы, сонымен бірге соңғы жылдардағы тәжірибеге сүйенсек, ресейлік өндірушілерге арақты өздерінде өзіндік құнымен шығарып,  Қазақстанға нөлдік мөлшерлемемен өткізу тиімді. Сондай-ақ, оларға ресейлік акциздің орнына барлық жерде төмендетілген қазақстандық акциз құнын төлеп, ресейлік 18%-дық ҚҚС-тың орнына 12% мөлшеріндегі өзіміздің қосымша құн салығын төлеу ұтымды. Осылайша, өз өнімін біздің нарықта сатуға машықтанған олардың бұл әрекеттері отандық арақ өнімінің нарықтағы үлесін кеміте түседі.

Ресей біз үшін негізгі серіктес. Егер Қазақстандаға барлық импортты 100% деп алсақ, онда оның 90%-ы ресейлік арақтардың үлесінде. Қазақстан дүкендеріндегі әр төртінші арақ – импорттық өнім. Олардың көпшілігі Ресейден әкеледі. Сондай-ақ, алкоголь өнімдері Беларусь пен Украинадан келеді.

Сондықтан, қаржылық және маркентингік процестерді барынша азайту үшін біз екі ел арасындағы акциз мөлшерлемесін барынша ықшамдауды жөн көрдік. Жыл сайын экспорт көлемі артып келеді, бұл ретте Ресейден келетін экспорт қана емес. Қазір Беларусь те өз өнімін Қазақстанға еркін жеткізе алады. Ал, біз үшін, олардың нарығы жабық. Сонымен бірге, өз өнімдерін Украина да жеткізе бастады. Украина ЕАЭО-ға мүше болмағанымен, 2010 жылғы ТМД келісімі аясында украиндықтар өз өнімдерін кедендік бажсыз әкеле алады. Сол себепті мұның жалғыз шешімі – акциз көлемін ұлғайту. Себебі, арақтың өзіндік құнындағы акциз мөлшері тек 40-45%-ға тең. Сондықтан біз осы айырмашылықты азайту арқылы қазақстандық акциз мөлшерлемесін ресейлік акциз мөлшерлемесіне барынша үйлестіру туралы шешім қабылдадық. Ондағы айырмашылық 20-25% болмақ.

Мысалы, келесі жылы акциз мөлшерлемесін су қосылмаған спирттің литріне 2000 теңге ету көзделуде, ал қазір, акциз 1380 теңге, яғни 45%-ға өспек. Мәселен, бізде акциз 2000  теңге болса, Ресейде 2630 теңге, Беларусьте 2365 теңгеге тең. Логистикалық және өзге де маркетингтік шығындарды ескере келе, олар Қазақстанға арақты экспорттауға қызығушылық танытпауы тиіс.

Сондай-ақ, біз Ұлттық экономика министрлігіне өз ұсынысымызды білдіріп,  ведомство басшысы Қуандық Бишімбаев конференцияда алкоголь өніміне қолданылатын этил спиртін өндіруге қажет мөлшерлемені нөлдік мөлшерлемеге дейін азайту туралы хабарлады. Бұдан біздің өнімнің бәсекеге қабілеттілігі арта түспек.

– Қазақстандағы алкоголь өнімдері өндірісінің динамикасына қандай баға бересіз? Отандық өндірушілердің өндіріс қуаты қандай?

– 2013 жылы Қазақстанда 4 млн 530 мың дал, 2014 жылы  – 3 млн 738 мың дал,  2015 жылы – 3 млн 284 мың дал арақ өндірілген. Ал 2016 жылдың жеті-сегіз айындағы көрсеткіштер былтырғы көрсеткішімен теңесті. Бұл ретте біздің спирт және ішімдік өнімдері кәсіпорындары тек 25-30% көлемде ғана жұмыс жасап отыр.

– Неліктен мұндай жағдай орын алып отыр, өндіріс көлемін ұлғайтуға не кедергі?

– Себебі өнімді сататын нарық жоқ. Біздің нарықтағы көлем азаюда. Бұған себеп, қазақстандықтардың соңғы жылдары алкоголь өнімдерін аз пайдалануында, осылайша жыл сайын арақ өндірісі нарығы 5-6%-ға азаюда. Мұны біздің зерттеулер де, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі де, тіпті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да айтып отыр. Қазақстандық кәсіпкерлердің аз көлемде өнім шығаруы олардың санының кемуіне әкеп соқтырады және бәсеке де күшті. Жеті-сегіз жыл бұрын бізде 52 кәсіпорын болса, бес жыл бұрын 36, ал былтыр 25, биыл бар-жоғы 13 кәсіпорын қалды. Егер біздің кәсіпорындар үшін Ресей және Беларусь нарығы бізге ашық және қолжетімді болғанда, өндіріс орындары 60-70%-дық қуатпен жұмыс жасайтын еді. Әрине, Ресей нарығы бізге жақын. Сондықтан экспорт мүдделері біз үшін алдыңғы орында. Сонымен қатар, біз алыс шетел елдерге өнімді экспорттау мәселесін қолға алып жатырмыз.

– Мысалы қай елдерге шығармақсыздар?

– Мәселен біздің кәсіпорындардың бірі Түркия нарығына өнімін жеткізіп отыр. Биыл Әзірбайжан нарығына өз өнімімізді ұсынбақпыз. Мәселе әлі де қаралу үстінде, мен өз басым биылғы жылдың басында Вьетнам нарығына шығу туралы келіссөздерге қатысқан болатынмын. Бәлкім, 2-3 айдан кейін алғашқы өнім жіберіліп те қалар.

– Вьетнамдық нарыққа қазақстандық қай өнім шығарылатын болады?

– Арақ өнімдері, Қазақстанда бәсекеге түсе алатын өнім болып есептеледі. Шарап шығарудан артта қалып келеміз, себебі, оны шығаруға арналған материалдар аз болғандықтан, шарап өнімдері бәсекеге қабілетсіз болып отыр. Шараптың 60-65%-ы Қазақстанға шетелден әкелінеді. Сыраға келер болсақ, трансқұрлықтық сыра компаниясы – «Эфес» және басқалары Қазақстан нарығында 90%-ды алып отыр. Отандық капитал тек 10%-ды құрайды.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер