«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сот орындаушысы жазаланады

2016 жылғы 26 Қыркүйек
8158 просмотров

Прокуратура жеке сот орындаушысының әрекеттерінен заң бұзу жайттарын анықтады

Алматы облысының қадағалаушы органы сот орындаушысы Берік Дөңқабақовтың «Комбиснаб» АҚ-ға қатысты әрекеттерін тексергеннен кейін, заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс шығарды. Бұрынырақ бұл түйткілді мәселе Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында қаралған еді.

Бұл жағдай 2013 жылы басталған болатын. Сол жылы Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты компанияға қатысты 5 жылға оңалту рәсімін қолданған-ды. Сот «Комбиснаб» АҚ-ның оңалту жоспарын бекітті. Онда кредитор ретінде бірінші кезекте еңбекақасы бойынша еңбек ұжымы, екінші кезекте салықтық міндеттемелері, үшінші кезекте міндеттемелері мен қамтамасыз етілген кепілдігі бойынша «АТФ Банк» АҚ, бесінші кезекте Искакова М.Н. танылған еді.

Оңалту жоспарына сәйкес, бірінші және екінші кезек толығымен орындалған. Үшінші кезектегі «АТФ Банк» АҚ алдындағы міндеттемелер орындалып жатыр. Ал бесінші кезектегі Искакованың алдындағы міндеттемелердің орындалу мерзімі әлі келген жоқ.

«Алайда «Комбиснаб» АҚ-ға қатысты бесінші несие берушінің пайдасына 34 млн 023 теңге өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалған. Осыдан кейін сот актісін орындау аясында жеке сот орындаушы борышкердің есеп шоттарын қамауға алып, екінші деңгейлі банктердегі шоттарына инкассалық өкім шығарған. АҚ барлық кредиторлармен есеп айырысу туралы сот шешімі бойынша әрекет еткен. Компанияға жоғарыда аталған жайттармен таныс бесінші кредитор мен жеке сот орындаушының әрекеттері түсініксіз болған», – дейді Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі бөлімінің сарапшысы Диас Оташбаев.

Сондықтан Кеңес отырысында прокурорлық жауап қату шараларын қолдану ұсынылды. Тексеріс шеңберінде облыс прокуратурасы «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» заңның 50-бабына сәйкес, сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді тоқтатуы немесе қайтаруы не сауықтырушы басқарушыға жіберуі қажет екендігін белгіледі. Алайда бұл шаралар қолданылмаған.

«Осыған байланысты, заңның 2-тарауы 150-бабына сәйкес, жеке сот орындаушыға атқарушылық іс жүргізуге қатысушыға Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін атқарушылық әрекетті орындау салдарынан туындаған  шығынды төлету, атқарушылық әрекеттерді орындауға арналған азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шартының сақтандыру сомасының бар-жоғын тексеру қажет. Осылайша, жеке сот орындаушы «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» және «Оңалту және банкроттық туралы» заңнамалардың талаптарын бұзған, бұл «Комбиснаб» АҚ-ның оңалту жоспарының кестесін бұзуға әкеп соқтырған», – делінген облыс прокурорының орынбасары К.Әбдіхановтың ұсынысында.

Шығынды өтеуден бөлек, Алматы облысы әділет департаменті жеке сот орындаушыны тәртіптік жауапқа тарту мәселесін шешеді, лицензиясы қайтарып алынуы да мүмкін.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер