Қос көліктің әбігері...
Палата сарапшылары қысқа мерзім ішінде кәсіпкердің түйткілді мәселесін шешіп берді
«Ажы» ауылының фермері Сүлеймен Қыпшақов өзінің Өңірлік палатаның Ерейментау ауданының филиалына жолдаған хатында басынан кешкен шым-шытырық оқиғаны баяндаған. Ол 2010 жылы шаруашылыққа қаражат керек болып, өзінің екі автокөлігін сатуға мәжбүр болады. Ол көліктерді 3 жыл мерзімге кейін қайта рәсімдеу құқығымен сенімхат арқылы сатқан. 5 жыл өткен соң оған аудандық Мемлекеттік кіріс басқармасынан сол автокөліктерге қарызы туралы ескерту келеді, әрі берешек 2010 жылдан бастап есептелген. Фермер мән-жайды түсініп алу үшін мемлекеттік органға барған, онда шын мәнінде борыштың бар екені расталады. Басқа амалы болмағандықтан, фермер қарызын өтеуге мәжбүр болды. Көлікті сатып алушыларды іздеп табу мүмкін болмаған.
Қыпшақов қос көлікті тіркеуден шығару үшін Степногорск қаласы ІІБ ауданаралық емтихан қабылдау және тіркеуге алу бөліміне барады. Ол жақта аталған көліктер мен фермердің тағы бір көлігіне Ерейментау ауданы сот орындаушысының 2008 жылы тыйым салғаны анықталған. Сот пен мұрағат кәсіпкерге мүліктеріне тыйым салу туралы қаулыны ұсына алмаған. ӨКП филиалының заңгерінің көмегімен қаулының көшірмелері сақталуы мүмкін деген инстанциялардың барлығына сұрау салынады. Құжат басқа ведомсволарда да болмай шыққан. Степногорск қаласы ІІБ ауданаралық емтихан қабылдау бөлімінде мәліметтер базаға енгізілгенімен, мұрағат 5 жыл мерзімге ғана сақталатындықтан, көшірмелердің сақтап қалу мүмкін болмағандығын айтқан.
Ақыр соңында, шыр айналдырған осы бір қырсықтардан кейін, фермер Палата сарапшыларымен бірлесе отырып, мүлікті қамаудан босату туралы сотқа талап арыз жазады. Осы істі қайта қараған аудандық сот арыз берушіге жәрдемдесті. Қазірде Сүлеймен Қыпшақов автокөлікті тіркеуден шығарумен айналысуда. Мәселені жедел шешіп бергендері үшін ол Палата филиалына алғыс хат жіберді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: