Сүт қабылдау орындары көбейеді
Ол үшін жеңілдікпен несие беріледі
Қазақстан Республикасында 3 жылдың ішінде жеңілдікпен несиелендіру арқылы сүт қабылдау орындарының желісін кеңейту жоспарланып отыр
Несиелендіру жобасының операторы – «ҚазАгро» ұлттық холдингі құрылымына кіретін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ. 3 жылдың ішінде 670-ке жуық сүт қабылдау пункттерін құруды несиелендіру жоспарланып отыр. Оның ішінде 160-қа жуығы 2016 жылы іске асырылмақ. Осы мақсатта 600 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.
Осы шаралар арқылы бірнеше міндетті шешу жоспарлануда. Бірінші – сүт сату есебінен ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзін құру; екінші- сүт өндіруші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету. Шикізат жетіспеушілігі республикада орта есеппен 60%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамынша, үшжылдық бағдарлама сүт зауыттарының өндірістік қуаттылығын 84%-ға арттырады, яғни өңделген өнім өндірісі 30%-ға көбейеді. Осылайша, 2,1 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жыл сайын бюджетке тұрақты 1 млрд теңгеден астам салық түсіп отырады.
Шаруаларға көмек
Қордың басқарма төрағасы Жандар Омаровтың айтуынша, отандық сүт зауыттары, өздерінде сүт жинау орындары бола тұра, 100 пайыздық өндіріс қуаттылығын қамтамасыз ете алмайды. Оның себептерінің ішінде қабылдау пункттерінің желісін кеңейтуге қаржы айналымының жетіспеуі, зауытқа сүт жинау және өткізу жұмыстарында ұсақ шаруашылықтардың ұйымдастырылмағандығы, көлік-логистика қиындығы және ауылдық жерлердің өзінде шикізат тапшылығы бар. «Мен жақында Жамбыл облысында болдым. Ол жерде «Көкжиек – 2020» зауыты бар. Олардың өнім қуаттылығы бар-жоғы 25%, ең жоғарғы өнім қуаттылығы күніне 160 тонна. Ал шикізатты Оңтүстік Қазақстан облысы Манкенттен тасиды. Манкетте бұл шаруа неғұрлым жақсы ұйымдастырылған, алайда мұны Жамбыл облысының өзінде де ұйымдастыруға болар еді. Тіпті, сүт зауыттары өздеріне шикізат ретінде қайтаруы үшін, өздері шаруа қожалықтар мен жеке қосалқы шаруашылықтар үшін ірі қара сатып алуға дейін барған. Міне «Көкжиек» сондай бағдарламаны қолға алып отыр», – деді Ж.Омаров «Атамекен» Ұлттық кәсіпкелер палатасында ауыл шаруашылығы кооперативін дамыту мәселелері бойынша өткен селекторлық кеңесте. Оның мәліметінше, тек Жамбыл облысының өзі орта есеппен 38% қамтылған, 20-ға тарта сүт өңдеу кәсіпорны бар.
Мұны Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова да растап отыр. Оның айтуынша, өңірдегі кәсіпорындар өздерін жергілікті жердің есебінен шикізатпен қамтамасыз ете алмайды. Өйткені көп жағдайда олардың алдын орап кетеді. «Біз аудандарды аралап, шаруа қожалықтармен сөйлесіп, осы мәселені зерттедік. Мынадай мәселе, Меркі ірімшік зауыты да сүт тапшылығынан өнім қуатын арттырып жұмыс істей алмай отыр. Неге? Өйткені «Фудмастер» сынды компаниялар келіп, Қордайдан да барлық шикізатты сатып алып кетіп жатыр», – дейді ол.
Осы мәселені шешу үшін, 42 шаруа қожалығын біріктіріп отырған Меркі ауылшаруашылық кооперативі 1000 бас сиыр алу үшін қаржылай қолдауға ие болды, деп хабарлады Өңірлік палата басшысы.
Мемлекет қарастырған шаралар аясында, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, сүт қабылдау пункттерін құру және сүт тасығыш көліктер сатып алу үшін жеңілдік шарттарымен несие беруді жүзеге асырады. Несиені сүт өңдеуші кәсіпорындармен қатар, қосалқы шаруашылығы бар жеке кәсіпкерлер және ауыл шаруашылығы кооперативтері ала алады.
Несиенің сүт жинау орындарына 2 мың литр қуаты бар жабдықтар алуға берілетін жоғарғы сомасы – 4 млн теңге, сүт тасығыш көліктерге – 7 млн теңге. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылына 6%, несие мерзімі – 54 ай. Кепілдікті сатып алған құрал-жабдықтар, жылжитын және жылжымайтын мүліктер қамтамасыз етеді. Несие беру кезіндегі басты талап – сүт өңдеу зауытымен шикізат өткізу кепілдігі туралы келісім болу керек.
Жандар Омаровтың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың шараларымен таныстыру барысында сүт зауыттары жеке қосалқы шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінен шикізат сатып алуға дайын екендерін білдірген. «Әр облыс бойынша жыл соңына дейін қанша сүт жинау орындарын ашу керек екені белгіленді. Қалай несие алуға өтініштер түседі, солай біз аз уақыт ішінде мүмкіндіктің барлығын қарастырып, облыстағы филиалдарымыз арқылы қаражат бөлуге дайынбыз», – деді abctv.kz порталына Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының басшысы.
Тұрақты өткізу нарығын қамтамасыз ету бойынша ұсақ шаруашылықтардағы қиындықтарды ескере отырып, тұтынушыларға көп мөлшерде тауар қалыптастыру үшін оларды ауыл шаруашылығы кооперативіне біріктіру ұсынылады. Осы бағдарлама аясында екінші бағыт – ауыл шаруашылығы кооперативіне құрылғылар және техника алу үшін жоғары сомасы 50 млн теңгеге дейін несиелендіру қарастырылған. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылына 6%, несие мерзімі – 84 айға дейін.
Және де бағдарламаның үшінші бағыты бордақылау алаңдарын дамытуға бағытталған. Несие жылына 6% мөлшерлемемен 48 айға ірі қара мал және оған қажетті жем-шөп алуға беріледі.
Бизнестегі сақтандыру
Қазақстандағы Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников жаңа сүт қабылдау орындарын құру барысында бірқатар жайттардан сақтану керектігін айтады және қазірдің өзінде өз желісін қаржыландырған бизнестің осы саланың мүдделерін ескеруге шақырды.
«Бүгінгі таңда ірі сүт зауыттары өздерінің қабылдау жүйелерін іске асырып, қолы жеткен жерлердегі барлық шикізатты жинап үлгерді. Мысалы, «Фудмастер» компаниясының өздері жабдықтап, қаржыландырып отырған 76-78 сүт қабылдап отырған орны бар. Ол жерде қабылдаудан бастап, ветеринариялық-санитариялық бақылауға дейінгі барлық жағдайлар қарастырылған. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар осы бағдарламаны орындау үшін қолдарынан келгенін аяп қалып жатқан жоқ. Өйткені сүт қабылдау орындарын жоқ жерлерден ғана ашу керек, ал бар жерлерде ашудың қажеті шамалы», – деді Владимир Кожевников.
«Сүті бар аймақты және 200 шақырымнан аспайтын арақашықтықтағы аумақты таңдау керек. Бүгінде павлодарлық «Сүт» зауыты шикізатты 500 км жерде жатқан Целиноград ауданындағы Первомайка елді мекенінен тасиды. Өйткені ол жерде сүт мөлшері көп және жүйесі де оңтайлы. Бірақ осы ара қашықтықта 2 тонна шикізатты алып жүре алмайсың», – деп Сүт одағының өкілі ойымен бөлісті.
Оның айтуынша, ең дұрысы, шикізат өндіру мен оны өңдеу бір жобамен байланысты болуы керек.
Владимир Кожевников ел ішінде қанша сүт өндірілетіні туралы ресми статистиканың нақты көріністі бейнелей алмайтынын еске салды. «Экс-министр Асылжан Мамытбековтың осы қызметке келген кездегі сөйлеген сөзі есімде. Ол шындықты мойындады. Бүгінде статистика 5,1 млн сүт өндірілетінін көрсетіп тұр. Мен осынша сүт өндірілетініне сенбеймін. Бұл былайша есептелетін шартты есеп: мысалы, сиыр бар, орташа сауын түсімі бар, бірақ ол сиыр сауыла ма жоқ па, етті ма, сүтті ма ол жағын ешкім ескеріп жатқан жоқ».
Басқа да қауіптер туралы павлодарлық «Родная долина» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Талғат Сұлтанов та жеткізді. Ол ауыл шаруашылығы кооперативін несиелендіру кезінде шикізатты сүт зауытына жеткізуді міндеттемеген жағдайдағы оқиғаның дамуының нұсқаларын мысалға келтірді: «Ресейде осы кооперацияларды қолдау шаралары кезінде кооперациялар мен сүт зауыттарының қызметтерін жеткілікті байланыстыруды қамтамасыз етпеген. Мынадай жағдай туындаған, мәселен көптеген ауыл шаруашылығы кооперативтері өздерінің шағын өңдеу орындарын ұйымдастырған. Сүттің негізгі көлемі зауыт жанынан өтіп кетеді. Өйткені ауыл шаруашылығы кооперативінің өзі фермерлердің сүтін өңдеп, ол сауда желілерінде сатыла береді. Сонда қолданыстағы сүт зауыттары шикізатсыз қалып, ал кооперативтер олардың жолына тосқауыл болады».
Шаруаларды бірігуге ынталандырады
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, даму институттары, жеке қосалқы шаруашылықтар атап өткендей бірлесудегі артықшылықтарды түсіндіру керек.
«Біздің Өңірлік палаталарға шағын фермерлер арасында ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктірудің артықшылықтары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Бұл оңай шаруа емес. Оны барлық аудан және ауылдарда өткізген жөн. Одан ары қарай қолдағы бар қаражат бойынша кооперацияны дамыту үшін, оның ішінде ауыл шаруашылығы қорының қаржылық қолдау құралдары үшін жаңадан құрылған кооперативтерді қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету керек», – деді отырыс барысында ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.
Оның айтуынша, республиканың ірі сауда желілері жүргізілген келіссөздер аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің арасында өз қажеттіліктерін айтып, ауыл шаруашылығы кооперативтерінен оны көп мөлшерде сатып алуға дайын екендерін жеткізген. «Кооперативтерді қалайда осы қажеттіліктерге міндеттеу керек», – деп атап өтті ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.
Өңірлік палаталар және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары жаңадан құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативтері мен оларды уәкілетті органдарға тіркеу үшін құжаттар дайындауға көмек көрсететін болады.
ҰКП мәліметі бойынша, еліміздің 12 облысында 6335 жеке қосалқы шаруашылықтар мен 700-ге жуық шаруа/ферма қожалықтарының бірігуімен, 283 ауыл шаруашылығы кооперативі қайта тіркелген. Қосалқы шаруа қожалықтардың көп бірлесуі Шығыс Қазақстан облысында – 31%, Батыс Қазақстан облысында – 14%, Ақтөбе облысында – 14% және Солтүстік Қазақстанда – 10% байқалады.
Дина Ермағанбетова
Пікір қалдыру:
Пікірлер: