Үкімет басшысы «Вastau Бизнес» жобасына қолдау танытты
Таяуда, ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Маңғыстау облысына сапарында, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Мұнайлы ауданында пилоттық тұрғыда жүзеге асып жатқан «Bastau» бизнес-мектебінің «Вastau Бизнес» жобасымен танысып, оң бағасын берді.
Осы орайда қазақтілді тың жобаның бизнес-дәріскері, білікті кәсіпкерлік сала кеңесшісі, халықаралық дәрежедегі тәжірибелі маман Медер Аматовпен тілдесіп, ҰКП басшылығы қолға алған игілікті істің мән-жайын анығырақ білуге тырыстық.
- Үкіметбасының мұнайлы өңірге сапарында жергілікті қоғам өкілдерімен кездесіп, Ақтау қалалық жастар орталығына барғаны аян. Осы орайда ауыл тұрғындарына кәсіпкерлік қызмет негіздерін оқуға мүмкіндік беретін «Bastau Бизнес» жобасы жайлы не айтасыз?
- Бірден атап өтерлік жайт, аталған қадам әлеуметтік сипатқа ие. Жоба Мұнайлы ауданында «Атамекен» бастамасымен іске асырылуда. Басты көзделген мақсат – ауылдағы ағайынды жұмыспен қамту, білім деңгейін көтеру, тиімді іс-қимыл тетіктерін үйретіп, ертеңгі күнге сенімін нығайту. Міне, бүгінгі таңда, «Вastau» бизнес мектебінің ұйымдастыруымен, ағымдағы жылдың 29 маусымы мен 8 тамыз аралығы бірталай ауылдық жерлердегі отандастарымыз күнделікті 4 сағаттық оқу сабақтарынан өтті. Ортақ іске Мұнайлы ауданының әкімдігі де белсенді атсалысқанын айта кету керек. Шарапатты шаруаның маңызды тұсы сол, жылдық мөлшерлемесі 4 пайызбен 15 миллион теңгеге дейін жеңілдікті несие алуға болады және де оқыту мен қаржыландыру, іс барысын сүйемелдеу сияқты үш ұғымның басын біріктірдік.
- Жобаны нақты атқару кезеңдеріне тоқталсаңыз?
- Алғашқы сатыда аудан орталығы мен ауыл тұрғындарына жобаны түсіндіріп, жан-жақты ақпарат бердік. 5 шеберлік сағаты ұйымдастырылып, тыңдаушылардың икемі мен ыңғайын айқындау үшін онлайн-тест өткіздік. Joozzy автоматтандырылған ой-сананы бағамдау және мониторинг жүйесі арқылы неғұрлым ынталы, құлшынысы зор, ынтымақтастыққа дайын тұлғаларды іріктедік. Мұнда мұқият кодталған сөздер мен түсініктерге психомоторлық реакция өлшенді. «Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін» дегендей, ешкімнің бетін қайтармауға тырыстық. Тіпті 70-тен асқан, компьютердің қыр-сырын меңгермеген апамыздан білгенімізді аямадық. Нәтижесінде қағазға түсірген шашыраңқы ойы бизнес-құжатқа айналып шыға келді! Тестіленген 100-ден артық адамның 44-і ортадан жоғары нәтиже көрсетіп, көшбасшылық әрі менеджерлік қасиеттерін аңғартты. 12 адам суырылып алға шыққан келесі белесте әр бағын сынаушымен жеке жұмыс істеп, қаржылық бөлігі қамтылған бизнес-жоспар жасадық. Одан әрі шағын несиелеу жөнінде «Атамекен» шағын қаржылық ұйымы бизнес-жоспарларды қарастыруда. Осы орайда құрамына Кәсіпкерлер палатасы қызметкерлері, әкімдік, бизнес-қауымдастық өкілдері енген арнайы комиссия отырысы өтіп, 12 бизнес-жобаға байланысты таяу мерзімде қаржыландыру жайлы шешім қабылданатыны күтілуде. Бұнымен қоймай, 1 жыл бойы бизнес аяғына тік тұрып кеткенше құрал-жабдық сатып алу, кадрлар тағайындау сынды өзекті мәселелерде демеп, жәрдемдесеміз, яғни қысқа оқу сабағымен тез құтыла салу, әрі қарайғы жағдайына назар аудармау деген жоқ. Курстың соңына дейін шыдап, төзімділік танытқан топтың төккен тері далаға кетпей, арманына жетуіне біз де мүдделіміз. Алайда жобаға қатысушы да өз дербес жауапкершілігін сезінгені ләзім.
- Сонда сыннан сүрінбеген жобалардың қаржыландырылу мүмкіндігі қаншалықты?
- Сұрағыңызға жауап бермес бұрын, мына нәрсені келтіре кетсем. Жеке кеңестерге 120 сағаттан артық уақыт бөлініп, бизнесін енді бастаушы жандардың құзырындағы нысандарды аралап, бенчмаркингті де ұмытпадық. Мұнайлы ауданының орталығы Маңғыстау кентінен тыс, Басқұдық, Атамекен, Баянды ауылдарындағы көбісі жұмыссыз не өзін болмашы табыс көзімен қамтыған, атажұртына оралған азаматтармен тәулік бойы, аптасына 7 күн байланыс орнап, бір отбасыдай болып, етене араласып кеттік. Әлеуметтік мазмұнының жоғарылығына дәлел, нан өнімдерін пісіру, медицина кабинетінің ашылуы тәрізді қызмет бағыттарын дамыту ойластырылуда. Киім тігу, тез тамақтану өнімдері, сырқаттардың алдын алу және емдеу, балаларға ойын-сауық түрлері, сиырдың сүтті тұқымдарын көбейту, қонақ үй бизнесі, жұмыртқа және ет өндірісі – осының бәрі қиялға қанат бітірген идеялар! Дүкенін жаңғыртқысы, ауласындағы шаруашылықты құс фабрикасына өрістеткісі келгендердің батыл жоспарлары көңілімізді жадыратты. Нақты КРІ белгіленіп, бизнес-жобалардың қысқа сәтте тұсауын кесу межеленгендіктен, тиімділік көрсеткіші 84%-дан еркін асуда. Нәтижесінде 106 жұмыс орнын құру болжануда. Жобаларды жүзеге асыру үшін жалпы 85 млн теңге қажет.
- Оқу жемісі қандай және жобаның келесі кезеңін тосса болады ма?
- Бастапқы оқу сабақтарының қорытындысында «Ваstau Бизнес» курсынан өткені жайлы сертификаттар табысталды. «Атамекен» ҰКП байланыс орталығы және жоба үйлестірушісі оқу сапасын тұрақты сауалнама арқылы тексеріп, тұрақты салмақтап отырды. Үстіміздегі жылдың қыркүйек-қазан айларында оқудың екінші асуында тағы 20 бизнес-жобамен шұғылданбақ райдамыз. Онлайн-тестті де жетілдірмек ниеттеміз. Өз басым өмірдің қиындықтарынан қажып не мақсат-мұратын, кәсібін таба алмай дағдарған жандарға қол ұшын созуды міндет санаймын. Маңғыстау өлкесіндегі жолдың нашарлығы, ауызсудың тапшылығы, жерге мұқтаждық тәрізді кемшіліктер қынжылтты. Оның үстіне, адамдардың көздерінен от ұшқыны сезіліп, сөзім жүректеріне жетсе, ұйып тыңдаса, қатты қуанамын. Басында бастамаға аса сенімділік таныта қоймаған жандар, бір айдан соң көзқарасы өзгеріп, серпіліп сала берді. «Вastau» бизнес мектебінің курстарының тыңдаушылары өңірге іссапармен келген Үкімет жетекшісінің алдында да ойларын ашық жеткізді. Сонымен қатар, Маңғыстаудағы тәжірибе сәтті болып жатса, бизнес-оқытушыларды дайындап, Қазақстанның барлық аймағында осындай курстарды іске қосу жоспарымызда бар. «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәселені егжей-тегжейлі байыптап бергеннен кейін, Премьер-министр Кәрім Мәсімов те жобамызға ақжол тілеп, қолдау көрсетілетінін жеткізді.
- Бастама баянды болсын! Еңбектеріңізге жеміс тілейміз.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: