Калий тұзын игеруге инвестор қажет
Қазақстанның батысында калий тұздарының әлемдегі ең ірі қорлары жинақталған бірнеше кен орны бар
Алайда, оған инвестиция салуға қазақстандық кәсіпкерлерге қарағанда, шетелдік компаниялар белсенділік танытып жатқан көрінеді. Бұл туралы palata.kz сайтына «KAZNEX INVEST» АҚ басқарушы директоры Ерлан Мұратов эксклюзивті сұхбат берді.
– Қазақстан бұл салада кейбір қырлары бойынша жоғары деңгейге көтеріле алар еді, – дейді Ерлан Мұратов. – Мен қазір калий тұзының қоры туралы айтып тұрмын. Бізде Батыс Қазақстанда ауқымды кен орындары бар. Тұздан түзілген күмбездер саны біздің геологтардың есептеуінше 60-қа жетеді. Онда әлемдегі ең ірі калий тұзының қоры жинақталған. Әлі зерттелмеген, дәйектелмеген. Әлемдегі барлық кендерді қосқанда 100 жылдық сұранысты қанағаттандыруға болады. Жыл сайын тікелей немесе күрделі тыңайтқыш арқылы калий тұзын тұтыну – жылына 60-64 млн тонна. Сондықтан бұл тұзды қазып алу, экспорттаудың әлеуеті зор. Біздің агенттіктің басты мақсаты – стратегиялық инвестор тарту. Жоба өте үлкен. Сол себепті стратегиялық инвестордың немесе инвесторлар тобының атсалысуына мұқтаж. Біз қазір жобаны Қазақстанның СІМ арқылы біздің елшіліктерге, өкілдіктерге таргеттеп жатырмыз. Дағдарысқа қарамастан нәтиже шығарамыз деген ойдамыз. Дүниежүзіндегі адам саны жақын келешекте 9 миллиардқа жетеді деп жатыр. Ондай болса, ауылшаруашылық өніміне сұраныс арта бермек. Сол кезде калий тұзының бағасы шарықтайды. Екіншісі – Қазақстан азық-түлік өндірісінде таза табиғи өнімдер алады. Бұл біздің премиум-сегментіміз болуы тиіс, осы саладағы күш-қуатымызды арттыруымыз керек.
– Сонымен «KAZNEX INVEST» стратегиялық инвесторды шетелден іздеуде. Неге Қазақстанның ішіндегі инвесторларды шақырмайсыздар? Оларды стратегиялық маңызды нысандарға тартуға болмайды ма?
– Іздеп жатырмыз. Мәселе, қаржыда ғой. Инвестиция көлемі кем дегенде бір жарым миллард доллардан кем болмауы керек.
– Қазақстанда мұндай қаржыны инвестициялайтын ірі кәсіпкерлер мен компаниялар жоқ па?
– Бизнесмен-миллиардерлер – бізде бар. Forbes тізген тізім де бар. Олар жүргізетін жобалардың саласы біздің айтып отырған саламен қабыспайды.
– Ал, сіздер сол Forbes тізген тізімдегі адамдарға шығып көрдіңіздер ме? Оларға тұз кендеріне инвестиция салуды ұсындыңыздар ма?
– Әрине. Бұл ақпарат кеңінен танымал жайт. Әзірге қазақстандық компаниялардан жауап келмеді. Олардың ойынша, әлдеқайда түсінікті, табысты салалар бар. Жоспарлы түрде ұлғаятын, алғашқы инвестициясы қомақты болатын жобалар оларға қызықсыз. Бұл жобалар мемлекеттік комиссияның ең жоғарғы сынынан сүрінбей өтті. JORC бойынша тұздың қоры нақтыланды. Бұл батыстағы қорды есептейтін жүйе. Жоба енді инвесторларға түсінікті, қызықты болатын деңгейге келді. Геологиялық барлау сатысынан өтті. Қазақстан Ресей, Қытай жерлерімен шектеседі. Фосфор тыңайтқыштары бойынша қытайлықтар өздері-ақ жұмыс жасап жатыр. Калий тұзының қоры бойынша инвестор керек. Тағы бір ескеретін жайт, тыңайтқышты жерге қандай мөлшерде қолдану керектігі туралы Нормативтік-құқықтық акт жасалып қойды. Бұл жобалар қазақстандық бизнес-элитаға таныс. Олар қызықса, баяғыдан кірісер еді. Біз шетелден инвестор іздемес едік.
– Егер ҚР тұзды кендеріне бір немесе бірнеше шетелдік инвестор келсе, осы кендерді игеріп жатқан қазақстандық компаниялармен түсініспеушілік туындамайды ма?
– Шетелдік инвесторлар акционер ретінде келеді, басымен сатып алу жоқ. Технологиялар енгізу, жұмысшы капиталын ұсыну, ұзақ мерзімге ақша құю болады. Бұның несі қызықты дейсіз бе, ол ақша несие түрінде емес, тікелей келеді. Өйткені, серіктестің өзі жобаның болашағына тәуелді болмақ. Екіншіден – бұл өте табысты жоба.
– Шетелдік инвестор келсе, қазақстандық тұздың басым бөлігінің ақысы шетелге кетеді деген сөз бе?
– Мүлде олай емес. Акционерлеу құрылымының келісім құрылымына ғана араласамыз. Ол дегеніңіз осы жобаның иесі мен оны қызықтыратын тараптың өзара келісімі деген сөз. Егер олар негізгі капиталды несиелік капиталға ауыстырғысы келсе, ішінен 50%-50%, 40%-60%, 20%-80% жасаса, ол олардың өздерінің мәселесі. Келісімнің қалай өрістейтіні сол саланың министрлігіне, екіншіден – қазақстандық серіктестің ниетіне тәуелді. Үшіншіден, белгілі бір үдерістерден өтуге тура келеді.
Бұл кендерді сататын мандат бізде жоқ. Бізде тек инвестор тарту керек деген мандат бар. Біздің мақсатымыз – бірінші кезекте бірлескен кәсіпорын құру, немесе технологиясы бар стратегиялық серіктес табу. Өйткені, көптеген жобаларға өзіне сай технология қажет. Ал, олар бізде жоқ.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!
Жанар Сердалина
Пікір қалдыру:
Пікірлер: