«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Олег Цой: «Бастысы – автокөліктеріміздің сұранысқа ие болуы»

2016 жылғы 28 Маусым
- Қостанай облысы
13878 просмотров

2015 жылы қостанайлық «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» кәсіпорнында құрастырылатын Toyota Fortuner маркалы автокөлігі «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің өңірлік кезеңінде тұрғындарға арналған үздік тауар деп танылған болатын.

Биылғы жылы компания байқауға қатысуға тағы да өтініш берді, оған қоса, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы үшін де күресетін болады. Кәсіпорынның жоспарлары мен болашағы жайында біз «АгромашХолдинг» АҚ басқарма төрағасы Олег Цоймен әңгімелескен едік.

– Олег Викторович, сіздің пікіріңізше, қостанайлық автоөнеркәсіптің өткен жылғы беделді байқаудағы жеңісінің сыры неде?

– Баршаға белгілі, Toyota бүкіл дүние жүзінде танымал. Біздің елімізде де солай. Сондықтан, біздің зауыттың Орталық Азия аумағында бірінші және ТМД елдерінде екінші болып өндірістік алаңға айналу құрметіне ие болуы біз үшін мақтаныш болып табылады. Біз жапондық әрістестерімізге автокөлік шығара алатынымызды және қазақстандық автоөнеркәсіпті дамыта алатынымызды дәлелдедік. Toyota мұндай жоба қолынан келетін әріптес екенімізді көрді. Өте күшті әлемдік корпорация Қазақстанның толыққанды өндіріске, оның ішінде кузовтарды дәнекерлеуге және сырлауға, жаңа инновацияларды үйренуге және мамандарды үйретуге даяр екеніне көзі жетті. Бұл маркамен көптеген оқиғалар байланысып жатқанын айтып өткім келеді. Алғашқы айрықша оқиға ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қатысуымен жобаның іске қосылуы болды. Одан әрі – «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқау-көрмесіндегі жеңіс. Дәл осы байқау қостанайлықтар үшін бұл жобаның қаншалықты маңызды және елеулі екенін дәлелдеді.

– Бүгінде отандық автокөліктерге сұраныстың жоқтығы жайында көп айтылады. Сіздің кәсіпорындағы жағдай қаншалықты деңгейде?

– Қазақстандық нарықтың бүкіл қатысушылары сияқты, бізде де қиындықтар болды. Алайда біздің мақсатымыз бұрынғы күйінде қалды. Біз сапалы өнім шығаруды, өнімнің ассортименті мен шоғырлануын ұлғайтуды, нарықтың жаңа белестерін игеруді және жаңа әріпестер тартуды жалғастырамыз. Автоөнеркәсіптегі қиындықтар дамуды жалғастыратын ынталандырушы факторға айналды. Сондай-ақ, ерекше тәжірибесі бар және машина жасау саласындағы шетелдік мэтрлерден сабақ алған білікті кадрларды, мамандарды сақтап қалуға ұмтылысымыз да өзгеріссіз қалды. Кез келген уақытта, мейлі ол дағдарыс кезеңі не болмаса керемет «штиль» болсын, зауыт талантты, қабілетті мамандар тәрбиелеуге және өсіріп шығаруға ұмтылады. Сондықтан да жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі біздің кәсіпорында Персоналды оқыту және дамыту орталығының жұмыс істеуі болмақ. Біліктілікті арттыру аясында қостанайлық мамандар итальяндық IVECO зауытына, Оңтүстік Кореядағы SsangYong Motor Co, Ресейдегі УАЗ , PSA Peugeot Citroеn зауытына (Калуга қаласы, Ресей), Чехиядағы Hyundai және басқа көптеген әлемдік автоконцерндер алаңына барды. Оған қоса, «AllurGroup»-қа кіретін «АгромашХолдинг» АҚ және «СарыарқаАвтоөнеркәсіп» ЖШС-нің өндірістік алаңдары Қазақстан Республикасы Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы «Инновациялық өндіріс және индустриалдық техниканы автоматтандыру» оқыту бағдарламасының қатысушылары болып табылады. Осы жобаның аясында «Автокөлік инженериясы» оқыту траекториясы бойынша профильдік магистратурада маман даярлау жүзеге асырылады. Өткен жылы магистранттардың саны автоөндіріс алаңдарының 20 қызметкерімен толықты, қазір де олар оқуын жалғастыруда. Таяуда олар Тольятти қаласындағы «АвтоВаз» ресейлік автокөлік құрылысы компаниясында өндірістік тағылымдамадан өтті, жаңа білімдермен оралып, алған машықтарын жұмыста қолдануға дайын отыр. Бір сөзбен айтқанда, біз бір орында тұрып қалған жоқпыз, даму үстіндеміз.

– Неліктен байқауға қайтадан қатыспақ болдыңыздар?

– Мұндай байқаулардағы жеңіс – бұл кәсіпорын жұмысының, өндірілетін өнімнің сапасы мен қолжетімділігінің елеулі көрсеткіші, бұл тұтынушылардың үлкен сенімі. Ал, еліміз Президенті тағайындаған сыйлықты алу компанияға айрықша жауапкершілік жүктейді. Және де, әрине, осындай ауқымды байқауға қатысу – өндіріс туралы, өзіміз туралы айтудың ерекше мүмкіндігі, кәсіпорынның имиджін айтарлықтай көтерудің жолы. Биылғы жылы біз ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға «Essil КЗС-760» астық жинау комбайнын ұсыну арқылы қатысайын деп отырмыз. Көрсететін дүние баршылық. Комбайн салқындатқышпен, борттық компьютермен, «Шумахер» кесінді жүйесімен, сондай-ақ Қазақстанда теңдесі жоқ орталықтандырылған майлау жүйесімен жабдықталған. «Қазақстанның үздік тауары» байқауында өткен жылы өндірісі меңгерілген Jac S3 автокөлігін ұсынамыз. Бұл автокөлік отандық нарықта сұранысқа ие және жоғары сапа мен қолжетімді бағаның лайықты үйлесімі болып табылады.

– Автокөліктердің жаңа маркаларын шығару зауыт жоспарында бар ма?

– Басты бағдар – автокөліктердің сұранысқа ие болуы. Біз ірі  маркетингтік зерттеулер жасаймыз, нарыққа брендтерді тарту бойынша әлеуетті серіктестермен келіссөздер жүргіземіз. Оған қоса, біз бұған дейін шығарылған модельдердің ұсақторапты өндірісін меңгеруге ниеттеніп отырмыз. Мысалы, биылғы жылды Peugeot 301, Jac S3 және Iveco Daily автокөліктерінің толыққанды өндірісіне арналған құрал-жабдықтарды орнату үшін ескі цехтарды қайта жөндеуден бастадық, оларды іске қосу алдағы болашаққа жоспарланған. Ауылшаруашылық машиналарын жасау саласында да қазақстандық аграрийлерге белорустық ауылшаруашылық техникасын кең көлемде бағалау мүмкіндігін беретін механизмдер қалыптасқан. Қазір біздің стратегиялық серіктесіміз «Гомсельмаш» компаниясымен бірлескен өндіріс құру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Бұл келешекте – өндірілетін өнімді кеңейту деген сөз. Бұл ретте кәсіпорын отандық автотранспортты қалыптастыруда өзара пайдалы ынтымақтастыққа дайын толымдаушы өндірушілердің тізімін ұлғайтуды жалғастыратын болады.

– Рахмет. Алдағы байқауларда сәттілік тілейміз.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер