«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерліктің өңірлік даму картасы несімен ерекшеленеді?

2016 жылғы 27 Сәуір
17386 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс Шотановтың айтуынша, жаңа ресурс бизнеске ғана емес, әкімдіктерге де пайдалы болмақ

– Осындай ресурс құру қажеттілігі неден пайда болды?

– Өйткені, бизнес өз қаражатын тиімді инвестициялау туралы ақпаратқа мұқтаж. Бұған дейін Қазақстанда мұндай ресурс болған жоқ. Жергілікті атқарушы органдардың, түрлі министрліктер мен ведомстволардың  бытыраңқы ақпараты ғана болды, ал осындай бірыңғай жинақталған, цифрланған интербелсенді ақпарат жоқ еді. Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасының артықшылығы көп. Кез келген адам өзінің бизнес-идеясын іске асыруды бастамас бұрын бизнеске жасалған жағдайлар туралы, қандай да бір өңірде оған берілетін мүмкіндіктер жайлы объективті ақпаратқа ие болуы қажет. Ол нақты бір саладағы экономикалық мамандануды білуі тиіс. Осы орайда өңірлік карта табысты бизнесменге де, жаңа бастаған кәсіпкерге де осы ресурсқа кіріп, өзін толғандырған сұрақтардың көпшілігіне жауап алуына көмектеседі. 

– Сонымен Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы құрылды. Палата осы мәселе бойынша бұдан әрі қарай қандай жұмыс жүргізуге ниетті? Кәсіпкерлермен кері байланыс қалай жүзеге асырылады?

– Ең басты артықшылық, біздің осындай ресурсты әзірлегенімізде емес, біздің оны ары қарай жүргізуімізге келіп тіреледі. Яғни, біздің өңірлік кәсіпкерлер палаталары бір нәрсеге қызыққан кәсіпкерді қолынан жетектеуге және оған бизнес-жоспар жасауға көмек көрсетуден бастап сүйемелдеу жөніндегі қызметтердің толық спектрін ұсынуға дайын. Біз сонымен бірге, оларға Қазақстанның даму институттарының есіктерін ашуға, қаржыландыруға және біздің түрлі құралдарымыз арқылы сатып өткізу нарықтарына қол жеткізуіне даярмыз. Оған қоса, ресурста кері байланыс бар. Кәсіпкер өзін мазалаған сұрақтарын қойып, оған жауап ала алады. Басқаша айтсақ, карта дегеніміз – бұл бір рет дайындап, ұмытып кете беретін статикалық механизм емес, ол үнемі түрін өзгертіп отыратын тірі ағза. Себебі, өмірдің өзі бір орында тұрмайды, жаңа ойыншылар пайда болады. Бизнесті жүргізу шарттары өзгереді. Мұның бәрі өзектілене түседі. Міне, сол себепті біз әдейі аталмыш картада кәсіпкер онлайн-режімде сұрақ қоя алатындай терезе жасауды да қарастырдық.

– Бұл ресурстың ерекшелігі неде?

– Бұл ресурста Қазақстанның әрбір өңірі туралы барынша пайдалы ақпарат жинақталған. Мен тіпті егер жоғары сыныптардағы география сабақтарының «Экономикалық география» бөлімінде осы картаны көрсетсе, қуанар едім. Балалар біздің қандай жерде, қандай жағдайларда тұратынымызды, қандай  байлығымыз бар екенін және нарыққа не ұсына алатынымызды білуі тиіс.

Біз бизнесті жүргізудің шарттарын талдап, факторлық талдау жасадық. Сонымен бірге, біз іске асыруға арналған ықтимал жобаларды, ойға түрткі болатын дайын ұсыныстарды береміз. Онда «Жобалар» деген қосымша бар. Әрине, кейінірек бұл жобаны санап шығу, қандай тәуекелдері бар екенін қарастыру, краш-тест жүргізу керек. Соның өзінде біз қандай да бір өңірде іске асыруға болады деген жобаның қаңқасын береміз.

Бұл карта жұмыс істейтін, сұранысқа ие және өзекті болады деп сенеміз. Ең бастысы, бізді мазалайтын жайт, осы картаның «айтылды да қалды» деген тәрізді кезекті прожекторға айналып кетпеуі керек, ол үшін карта шынымен де белгілі бір пайдасын тигізуі тиіс.

Бұл үшін бізге не керек? Біз оны насихаттауымыз, түсіндіруіміз, ол туралы айтуымыз қажет. Біз оны талқыға салуға дайынбыз. Иә, бұл өзгеше өнім екенін түсінеміз, сол себепті қандай да бір кедір-бұдырлары болуы мүмкін. Біз осы өнімді кеңінен талқылауға қоғамды тартқымыз келеді. Бизнестің тарапынан ой-пікірлер көп болған сайын, соғұрлым біз оны жетілдіретін боламыз.

– Демек, карта өткізу нарығын немесе әлеуетті әріптес іздеп жүрген табысты кәсіпкерлерге де, өзінің бизнесін ашуды енді жоспарлағандар  үшін де пайдалы дейсіз ғой?

– Дұрыс айтасыз. «Қамданған қапы қалмайды» деп тегін айтпаған. Айталық, сіз бизнеспен айналысам деп шештіңіз. Неден бастау керек? Сіз өзіңіздің кәсіби қасиеттеріңіз бен машықтарыңызға сенесіз. Бірақ, бұл аз. Сіз алдымен өз өніміңіз нарықта қаншалықты сұранысқа ие екендігі туралы толық ақпарат алуға тиіссіз. Міне, аталмыш карта осыны білуге мүмкіндік береді. Мысалы, сіз ауыл шаруашылығымен айналысуды қалайсыз делік. Сіз жай ғана қандай да бір өңірдің сайтына кіріп, жауын-шашынның мөлшерін, жердің Бонитет балдарын қарайсыз. Көбінесе біз осындай маңызды заттарға назар аудара бермейміз. Біз бірден: «Алға! Бизнесті бастау керек! Старт-ап, венчурлық инвестициялау, микронесие және т.с.с.» деп ұрандаймыз. Әлбетте, мұның бәрі керемет, бұлар адамға көмекке келетін құралдар. Бірақ, кез келген істі бастамас бұрын сіз өз мүмкіндіктеріңізді саралап алуыңыз қажет.

Сол себепті карта бизнес бастауды жаңадан жоспарлағандарға да, өз өндірісін әртараптандыруды, жаңа нарықтарға шығуды көздеген табысты бизнесмендерге де пайдалы әрі қызықты болмақ. Карта құрылғанға дейін олар өзін қызықтыратын өңірге тікелей барып, жергілікті атқарушы органдармен кездесулеріне тура келетін еді – мұның бәрі шығын емес пе. Ал дамудың өңірлік картасы онлайн-режімде ақпарат алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сайтта бизнес-тізілім бар. Кәсіпкер үшін өзінің әлеуетті контр-әріптестері туралы ақпарат алу маңызды. Карта Қазақстандағы нақты іспен айналысып жүрген кәсіпкерлердің тізілімін, олардың мекенжайлары мен байланыс деректерін де қамтиды. Оларды өңірлер, салалар бойынша сұрыптауға болады және т.б.

Сонымен бірге, карта жергілікті атқарушы органдар үшін де үлкен көмек бола алады. Бүгінгі күні кәсіпкерлік қызмет субъектілері мемлекеттік қолдау шараларын алуға өтініш жасаған кезде олардың алдында екіұдай таңдау тұрады. Мысалы, бір кәсіпкер темірбетон бұйымдарының зауытын салғысы келеді, екіншісі – үй құрылысы комбинатын, ал үшіншісі – құс фабрикасын қалайды. Кімді таңдау керек? Міне, карта дәл осы сұраққа жауап бере алады. Өкілетті органның өкілі карта бойынша өңірде қандай бизнестің келешегі зор және анағұрлым сұранысқа ие екенін, өткізу нарығы қайда екенін, қажетті кадрлар, логистика және т.б. туралы біле алады. Яғни, бұл баршаға арналған ыңғайлы құрал деуге болады.

– Карта шетелдік инвесторлар үшін де қолжетімді ме? 

– Өткен аптада мен осы картаны Сыртқы істер министрлігінде таныстырып келдім. Шарль де Голль айтқандай: «Менің басты міндетім – француз тауарларын сату». Біздің дипломаттар еліміздің бизнес-бастамаларын насихаттаушы болуы тиіс. Біз оларды осы біліммен қаруландыруға тырыстық. Енді осы карта туралы шетелдік елшілермен кездесуде айтып, осы ақпаратты өздерінің отандарында көптеп таратуын қалаймыз.

Қазір бұл карта орыс және ағылшын тілдерінде. Жақында ол мемлекеттік тілге, содан кейін қытай тіліне аударылады. Сондай-ақ, оны араб және испан тілдеріне аудару туралы ұсыныстар түсті.

Біз әртүрлі аудиториямен қарым-қатынас жасаған кезде белгілі бір ұсыныстар келіп түседі. Біз, әлбетте, мұның бәрін осы картаға енгізуге тырысамыз. Бұл картаны Қазақстаннан тыс жерлерде ілгерілетуге келетін болсақ, бұл бағыт үшін Кәсіпкерлердің сыртқы сауда палатасы жауап береді.

– Кәсіпкерлердің өздері бұл карта жайлы не дейді? Қандай да бір пікірлер бар ма?

– Бейресми әңгімелерде кәсіпкерлер картаның өте пайдалы, қызықты екенін айтады, өздерінің ұсыныс-тілектерін білдіреді. Біз бұл жайында өңірлік кәсіпкерлер палатасынан біліп отырамыз. Осы және келесі аптада аталмыш ресурсты одан әрі жетілдіру және содан туындайтын жұмыс жоспарын тағы бір талқылау үшін жергілікті атқарушы органдармен, кәсіпкерлермен бейнеконференция режімінде мәжіліс өткізуді жоспарлап отырмыз. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер