«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық франшиза – оңтайлы бизнес ортаның жемісі

2016 жылғы 13 Сәуір
5360 просмотров

Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының мәліметінше, ел нарығындағы отандық франшизалық компаниялардың үлесі 20%-ды құрайды. Болашақта бұл көрсеткішті арттыру үшін не істеу керек?

Өз елінде танымал тауар белгісіне айналып, өзге елдердің нарығына ауыз сала бастаған халықаралық франшизалық компаниялардың елімізде көбеюі отандық бизнеске кедергі келтіре ме деген сауал бәрімізді мазалайтыны рас. Себебі, шетелдік компаниялардың өнімдері сапалы, әрі арзан, сондықтан жоғары сұранысқа ие. Қазіргі таңда Қазақстанда батыс пен шығыс елдерінде үздік деп танылған тауарлар мен қызмет көрсетуші компаниялар өз өкілдіктерін құрып, жұмысын жемісті атқарып отыр.

Еліміздегі барлық франшизалық компаниялардың 35%-ы –  сауда-саттық, яғни ретейл, 30%-ы – тамақ өнеркәсібі, нақтырақ айтқанда фастфуд, қоғамдық асханалар, ал қалғаны – қызмет көрсету және бизнес саласында жұмыс істейді. «Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының» мәліметінше, елімізде барлығы 495 франшизалық компания тіркелсе, соның 80%-ы  халықаралық франчайзингтік компаниялардың еншісінде, ал қалғаны отандық кәсіпорындардың үлесіне тиесілі. Мамандардың пікірінше, елімізде шетелдік франшизалардың болуы жақсы үрдіс, жаһандану жағдайында үйреншікті құбылыс. Себебі бұл қаланың инфрақұрылымын жақсартуға,  сәулетін арттыруға, халықаралық қалаға айналуына әсер ететін жағдай. «Халықаралық брендердің көбеюіне бірінші себеп, әрине Қазақстандағы кәсіпкерлікке қолайлы жағдайдың жасалуы. «McDonalds», «Starbucks», «Burger King» және өзге де әлемді мойындатқан брендттердің отандық компаниялармен бірлесіп жұмыс істеуі шетелдіктердің біздің елдің экономикасына деген сенімін білдіреді», – дейді Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықов.

Дегенмен, шетелдік компаниялардың Қазақстанда өз өкілдіктерін ашуына кедергі келтіретін жайттар бар. «Біріншіден, шетелдік компанияларды  көп жағдайда нарық пен сұраныс қызықтырады. Алайда біздің елдегі халық саны 17 миллионды құрайды, қалалардағы тұрғындардың орташа саны 300 мыңның төңірегінде. Ал, халық неғұрлым тығыз болған сайын, нарық та соғұрлым тартымды әрі табысты бола түсетіні дәлелденген. Екіншіден, Қазақстанның географиялық жағдайы теңіз бен мұхиттардан алшақ орналасқандықтан, еліміздің логистикалық-транспорттық мүмкіндіктері де шектеулі. Үшінші мәселе, франчайзерлер франшиза алушы компанияның атауына кір келтірмейтініне, істі жоғары деңгейде жүргізе алатынына сенімді болуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, кейбір компаниялар шетелдік  талаптарға сай бола бермейді», – дейді  қауымдастық президенті. 

Халықаралық франшизаларды былай қойғанда, бәрімізді отандық франчайзингтердің қалыптасуы және дамуы көбірек алаңдатады. Осы ретте, арзан әрі нарыққа шыдамды шетелдік брендтердің көптеп келуі біздің елдегі енді ғана еңсесін тіктеп келе жатқан тауар белгілеріне теріс әсер етпей ме деген орынды сұрақтың туындары сөзсіз. Біздің елде қанат жайып үлгерген шетелдік компаниялардан отандық бизнес өкілдері не үйренуі керек? Әрине, өзге елдің тауар белгілері біздің нарыққа енгенде өз өнімдерімен, қызмет түрлерімен бірге дайын бизнес-моделін, логотипін, қызмет көрсету ерекшеліктерін, жаңа технологиялары мен инновацияларын бірге ала келеді. Сондықтан, осы нәрселерді жаңадан өркен жайып келе жатқан отандық бизнес өкілдері үйреніп, өз тәжірибелерінде қолдануы тиіс. Бұл мәселе төңірегінде Бекнұр Қисықов: «Бизнес бастау оңай емес. Кей жағдайда біздің кәсіпкерлер бизнес-жоспар жасау, брендттің атаулары мен оны нарыққа ұсыну ерекшеліктерін, маркетингтік және менеджменттік жүйені дұрыс білмейді. Банкроттық жағдайлардың жиілеуі содан. Сол себепті отандық кәсіпорындар франчайзингтік компаниялардан бизнесті басқару мен бренд қалыптастыру мәселесін үйренуі керек деп ойлаймын. Осы тұрғыдан алғанда, франшизалық мекемелер  тәжірибе  жинап, өзгелермен бәсекелесе отырып,  жергілікті брендтерді қалыптастыруы тиіс. Қазірдің өзінде нарықты бағындырған отандық франчайзерлер бой көтеріп келеді. Мәселен, «Сұңқар» медициналық орталығы Қазақстанмен шектеліп қалмай, Ресейде бөлімін ашуға талаптанып отыр. Ал «Медлен» кофеханалары еліміздің әр түкпірінен ашылуда. Айта берсек жетістіктер көп», –дейді.    

Мемлекеттік экономикалық саясаттың шағын және орта бизнесті дамытуға жасап отырған жағдайы отандық франчайзингтік және франшизалық кәсіпорындардың көбеюіне алып келуде. Бұл мақсатта мемлекеттік арнайы бағдарламалар да жасалған. Мәселен, 2016 жылдан бастап «Даму» қорының бастамасымен франшизалық бизнесті екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру қолға алынды. Әзірге тек Алматы және Алматы облысын қамтыған бұл қанатқақты жобаға екі ай ішінде бизнес өкілдерінен 22  ұсыныс келіп түскен. Аталған бағдарлама бойынша старт-ап жобалардың 3 миллионнан бастап 30 млн теңгеге дейін 14% жылдық көрсеткішпен несие алуға мүмкіндігі бар.     

«Атамекен» ҰКП  бизнестің өзге түрлері секілді франшизалық кәсіпкерліктің дамуына  қолдау жасап отыр. «Қазіргі таңда Ұлттық палата мен «Қазақстан Франчайзинг қауымдастығы» тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Біз «Атамекен» ҰКП-мен франшизалық бизнестің мәселелерін бірге талқылап, проблеманың шешу жолдарын Палата сарапшыларымен бірге келісе отырып, қарастырамыз. Алдағы уақытта тағы бір үлкен жобаны қолға алғалы отырмыз. Бұл әзірге құпия болып қала берсін. Франчайзинг қауымдастығы Ұлттық палатаның бизнес өкілдеріне ұсынатын қолдауларын барынша пайдалануға тырысады»,–дейді қауымдастық президенті.  

Қорыта айтқанда, шетелдік франчайзерлердің Қазақстан нарығын   бағындыруы қиын шаруа  емес. Ал күн тәртібінде өткір тұрған негізгі мәселе  – жергілікті франчайзингтік компаниялар қатарын арттыру. Қазақстандық франчайзингтің көбеюі – еліміздің бизнес ахуалының жақсарғандығының  бірден-бір белгісі. «Франчайзинг қауымдастығының» басты мақсаты – отандық франшизалардың көбеюіне мейлінше жағдай жасау. Егер мемлекет  тарапынан қазіргідей қолдау көрсетіліп, елімізде бизнестің дамуына мүмкіндіктер жасау жалғаса беретін болса, отандық франчайзингтердің қатары артары сөзсіз»,– дейді Бекнұр Қисықов.   


Еншілес ұйымдар

Серіктестер