«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Әлемдегі ең әділ сот

2016 жылғы 06 Сәуір
13035 просмотров

Кәсіпкерлер үшін дауды мемлекеттік емес, төрелік сотта шешудің тиімділігі туралы

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Төрелік және аралық қарау орталығының басшысы Асқар Қалдыбаев төрелік соттың артықшылықтары туралы айтып берді.

– Асқар Құралбайұлы, мекеме жайлы әңгімелеп берсеңіз? Оның құрылудағы мақсаты қандай?

– Біз кәсіпкерлерге шаруашылық мәселелерді шешуде қолдау көрсетеміз. Біз оларға дауларын мәдениетті және халықаралық стандарттарға сәйкес шешуге көмектесетін мүмкіндіктер мен алаң ұсынамыз.

Арбитраж әлем бойынша ғасырға жуық тарихқа ие. Қазақстанда 90-жылдары Сауда-өнеркәсіптік палата жанындағы халықаралық төрелік соты болған. Біз олардың заңды мұрагері саналамыз.

– Төрелік соттың мемлекеттік соттан айырмашылығы қандай? Кәсіпкерлердің бүйрегі төрелік сотқа бұрып тұратыны неден?

 – Даулардың төрелік сотта қаралуы кәсіпкер үшін тиімді әрі тез жүзеге асады. Бизнесмен үшін ондағы істің ашықтығы әрі шығынның аз болуы маңызды. Төрелік орталығы бұл үшін барлық жағдайлар жасап отыр. Бірінші кезекте, біз тараптарға арбитрларды таңдау мүмкіндігін ұсынамыз. Ал мемлекеттік соттарда судья белгілене салады, тараптар оның біліктілігі, беделі, тәжірибесі және т.б. туралы ақпарат ала алмайды.

– Төрелік сотта істер қанша уақыт қаралады?

– Төрелік шешімі үзілді-кесілді шығарылады және оны мемлекеттік сотта қайта қарауға болмайтындығы оның мерзіміне әсер етеді. Яғни, мемлекеттік сотта іс алғашқы инстанцияда қаралады, одан соң апелляцияға беріледі, кейін кассация, онда сот шешімдері қайта қаралатын болса, төрелік сотта тараптар арбитр шешімі біржолата шығарылады. Тәжірибеге көз салсақ, ондағы орташа істердің қаралу мерзімі – 2 ай. Ал мемлекеттік соттар процедурасы шағымдарды қайта қарауды қосқанда барлығы 10-12 айға созылады. Сәйкесінше, кәсіпкердің уақыты босқа кетеді, ол ақша табудың орнына басқа мәселемен бас қатырып жүреді. Сондай-ақ онда заңгерлер мен кеңесшілерді жалдайды, ол да қосымша шығын. Сондықтан істің төрелік сотта қаралуы анағұрлым тиімдірек.

– Төрелік сотта дауларды шешу процесі қалай өтеді?

– Төрелік соттың бір артықшылығы онда тараптардың дауды шешу процедурасын өздері анықтайтындығында. Істі қарау мерзімі, соттың қай жерде, қай тілде және қалай  өтетіні тараптардың өзара келісуімен өтеді. Егер бұл мәселе бойынша тараптар мәмілеге келе алмаса, онда ол төрелік орталығының регламенті арқылы шешіледі. Қандай жағдай болмасын, дау процесі кезінде төрелік орталығы тараптардың барлық тілектерін есепке алады. Ал мемлекеттік сотта сот мұның бәрін өзі шешетінін білесіздер.

Сондай-ақ тараптар өз мүддесін өздері таңдай алады. Мысалы, егер бұл резидент емес тұлға – шетел кәсіпкерімен арадағы дау болса, онда шартта шетел заңнамасын қолдану мүмкіндігін көрсетуі керек. Бұл мүмкіндік инвесторларды қызықтырмай қоймайды. Бұл оның тек қазақстандық заңнаманы қолданатын мемлекеттік соттан айырмашылығы болып саналады.

Сонымен бірге құпиялылық. Егер мемлекеттік секторда сот шешімін жариялауға болатын болса, төрелік сотта  шешімді немесе туындаған дау дерегін кәсіпкерлер беделіне нұқсан келмеуі үшін құпия сақтауға болады.

– Кәсіпкерлердің сіздерге жүгіну белсенділігі қандай? Әлде олар мемлекеттік сотқа барғанды жөн көре ме?

– Өкінішке қарай, біздің кәсіпкерлер мен жергілікті компаниялар төрелік соттың мемлекеттік соттан артықшылықтары жөнінде көп біле бермейді. Сәйкесінше, олар бізге сирек жүгінеді және шарттарда даулардың төрелік сотта қаралатыны туралы ескертпе жазбайды. Егер шартта мұндай ескертпе көрсетілмесе, онда іс автоматты түрде мемлекеттік сотқа жіберіледі. Сондықтан біз кәсіпкерлер назарын осыған аударғымыз келеді. Олар біздің ғана емес, өзге де төрелік соттарға жүгінуіне болады. Біз «Атамекен» жанындағы Төрелік орталығында дауларды шешуде ең ыңғайлы жағдайлардың жасалуына мән беріп отырмыз. Біздің жұмыс туралы кәсіпкерлерді құлақтандыру мақсатында біз Қазақстан өңірлеріндегі бизнес-қоғамдастықтармен кездесулер өткізуді жоспарлап отырмыз. Бизнесмендердің үлкен ауқымын қамту үшін, біз Қазақстанның барлық өңіріне жол тартпақпыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер