«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Евгений Больгерт: «Импортты алмастыру – Қазақстандағы бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер»

2016 жылғы 01 Сәуір
19099 просмотров

Біздің елімізде импортты алмастыру процесіне нақты ықпал ете алатын не? Импортқа тәуелділікті қаншалықты төмендетуге болады? Қазақстан импортты алмастыру саясатында табысқа жете ала ма?

Бұл жайында біз «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атқарушы хатшысы Евгением Больгертпен әңгімелесеміз.

– Евгений Андреевич, бүгінгі күні Қазақстанда қандай сала ең алдымен импортты алмастыруға мұқтаж?

– Импортты алмастыруға мұқтаж салалар көп. ҰКП 2015 жылы жүргізген талдауға сәйкес, бірыңғай мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары бойынша 10 салада 147 тауарлық ұстаным анықталды. Біз импортталатын тауарлардың ең үлкен көлемі, аталған тауарларды отандық өндірушілердің бар болуы және оларды ҚР-да өндірудің экономикалық пайдалылығы іспетті факторларға сүйеніп, басымдықтағы тауарларды анықтадық. Ақшамен есептегенде, біздің бағалауымыз бойынша, 150 миллиардтан астам теңге шығады.

Осы жайғасымдар бойынша импорттың орташа көрсеткіші 90%-дан асады, ал кейбір салаларда ол 95%-ға жетеді. Яғни, тауарлардың тұтас бір қатары бойынша біздің экономика импортқа тәуелді. Осы жалпы көлемнің қаншасы Қазақстанда өндіріледі және бізде импортты жабуға қабілетті өндірушілер бар ма деген кезде, біз жүзден астам өндірушінің бүгінгі күні іс жүзінде жүз пайыз импортталатын тауарлық жайғасымды өндіретінін көрдік. Оның үстіне, сапасы жағынан да, бағасы жағынан да жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері импорттықтан қалыспайды. Және де бұл жай сөз емес. Біз бұған басымдықтағы тауарлық жайғасымдарды анықтау бойынша талдау жүргізгенде көзіміз жетті.

ҰКП бұған дейін де отандық тауар өндірушілердің сатып алушылармен, дәлірек айтқанда өнімді импорттайтын ұйымдармен «түйісетін» кездесулерін өткізді. Міне, осы кездесулердің барысында не анықталды? Бізде Қазақстанның ішінде коммуникация мен кооперация өте әлсіз.  Көбінесе кейбір ірі компаниялар өздерінің өңірлерінде, кейде тіпті өз қаласында, олар шетел нарығынан іздеп жүрген, импорттайтын, уақыт кетіретін, тасымалдауға қаражат жұмсайтын және т.б. дүниелер шығарылатыны туралы білмейді де. Олар өздеріне қажетті сапасы жақсы тауар біздің елімізде расымен де шығатынын білген кезде таң қалады. Сол кезде бұған дейін ҰКП-ға жүгінбегендеріне өкінеді. Яғни, осындай форматтағы кездесулер тиімді болып шықты. Біз енді мұндай кездесулерді апта сайын өткізуді жоспарлап отырмыз.

– Ендеше, мұндай білместіктің себебі неде? Өткізу нарығын білмеу, нашар маркетинг немесе басқа факторлар рөл ойнай ма?

– Біріншіден, біздің өндірушілерімізде өндірілетін өнімдерді сату жөніндегі жұмыс дұрыс жолға қойылмаған. Иә, біз сапалы өнім өндіруді үйрендік, бірақ, сатуды әлі меңгермегенімізді мойындау қажет. Сонымен қатар, біз бәріміз негізгі қаражаттың сатудан түсетінін түсінеміз. Яғни, өндіріс жолға қойылды, ол үшін бізде түрлі бағыттағы мамандар жеткілікті, біз өнім өндіре аламыз, бірақ оны әлі сатып өткізу керек қой. Мемлекеттік қолдау шаралары өндірісті қолдауға бағытталған. Бірақ бізде дәл осы сату өсімін ынталандыру тұрғысында көмек жетіспейді екен. Мұнда да біз қатаң бәсекелестікке тап боламыз және де көптеген жайғасымдар бойынша өзгелерге жол береміз. Бір мысал – жеңіл өнеркәсіп. Ритейлде 93-95 %-тейі – импорт, оның өзінде бізде тігін өндірісі жақсы қалыптасып келеді, оған қоса келешегі де бар, Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де сұранысқа ие фэшн-индустрия, өз дизайнерлеріміз бар. Иә, біз шетелдік маталарды пайдаланамыз, бұл жердегі басты проблема да біз үшін осы ғана, және де бұл импортты алмастыру аясында істелуі тиіс жұмыстың бірі. Бірақ, импортты ең алдымен сатуда алмастыру керек. Егер біздің  өндірушілеріміз 100% жұмысбасты болса, онда бізде әрдайым осы өндірістік қуаттарды өнімнің шығарылымын өсіруге айналдыру әлеуетіміз сақталатын болады, бірақ тағы да сатуға байланысты мәселе туындайды. Жеңіл өнеркәсіп саласына қамтылған кез келген өндірушіден сатуды белсенді жүргізуге не кедергі екенін  сұраңыз, ол бірінші орынға сауда орталықтарынлағы жалға алу төлемақыларының мөлшерлемелеріндегі қайшылықтар туралы мәселені қояды. Бұл әзірге шешімін таппай отырған проблема. ҰКП осы проблема бойынша бірқатар ұсыныстар әзірледі, өзінің мөлшерлемелердегі қайшылықтар бойынша шағын талдауын ұсынды, бірақ, өкінішке орай, әзірге бюджет қаражатының құралдарымен бұл жағдаятты түзету мүмкін болмай отыр. Дегенмен, ең болмағанда, біз оны Үкіметке дейін жеткіздік.

Алайда, бизнестің өзі де қол қусырып қарап отырған жоқ. Айталық, ірі тігін өндірістерінің, атап айтқанда, «Ютарияның» бастамасымен «Универмаг КZ» дүкендерінің форматы ілгерілеп жатыр, олар тұтынушыларға қазақстандық өндірушілердің өнімдерін ұсынады. Әзірге ассортимент тек жеңіл өнеркәсіптің өнімдерімен ғана көрсетілген – тоқыма, тігін өндірісі. Бірақ, мұның өзі үлкен іс!

Импортты алмастыру бағдарламасы шеңберінде біз мектеп формасы проблемасын жеке блокпен қарастырамыз. Қазір Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы қабылданды, соған сәйкес мектеп формасына қойылатын талаптар айқындалған. Тиісінше,  бүгінгі  күні мектеп формасының нарығы 30 млрд теңгеден асады. Арифметикасы тым қарапайым. Жыл сайын еліміздің мектептерінде 2,5 млн оқушы білім алады. Егер де азды-көпті сапалы мектеп формасы комплектісінің орташа бағасын алсақ, бұл 15-20 мың теңге болады, сонда біз 35 млрд теңге табамыз! Салыстыратын болсақ: Қорғаныс министрлігіне арналған киім-кешекті тігу бойынша мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шамамен 17- 17,5 млрд теңгені құрайды. Яғни, бізде мектеп формасы нарығында орасан зор резервтер бар. Бұл тұрғыда, өкінішке орай, қазақстандық мектеп формасының үлесі бұл нарықта 7%-дан аспай отыр. Яғни, проблема біздің өндірушілеріміздің тұтынушыларға қол жеткізе алмай отырғандығына келіп тіреледі.

Осы проблеманы шешу үшін, біз, ҰКП ретінде, 5 сәуірде дәл осы отандық өндірушілер өндіретін мектеп формасын насихаттауға назар аударатын үлкен форум өткізуді қолдадық. Және де бізді қолдаған Білім және ғылым министрлігіне ризашылық білдіреміз. Біз үкіметтен де қолдау таптық.  Вице-премьер Дариға Назарбаева Форумға қатысатынын растады. Ол осы проблеманың жай-жапсарын жақсы біледі. Парламентте де жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөнінде тыңдаулар өткізілді. Мұндай қолдау осы жылы нарықтағы мектеп формасының сатылуын ұлғайтуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Және де келесі оқу жылы біздің оқушыларымыз оқу жылын Қазақстанда өндірілген мектеп формасымен бастайды деп сенемін.

Біз сондай-ақ импорттың үлесі жоғары болып отырған тағы бірнеше салаға талдау жасадық – химия, жиһаз, металлургия, орама. Жоғары технологиялық өнім туралы сөз болған кезде, Қазақстанның ішіндегі ұсыныс айтарлықтай үлкен емес. Жоғары сыныпты өнім барынша шектеулі көлемде өндіріледі. Біз осы жылға автобизес қауымдастығымен бірлесіп автокөлік өндірісінде локализацияны ұлғайту жұмысын белгілеп қойдық. Мұнда автокөлік жасау, біздің жағдайымызда, құрастырма екендігін есте ұстау керек, оның нақты сатылары бар, жергілікті толымдаушыларды пайдалану мүмкіндігіне шығу үшін олардан міндетті түрде өту керек. Міне, қазір біздің автоөнеркәсіп құзыреттіліктер қалыптасқан, негізгі процестер жолға қойылған және енді отандық жеткізушілермен жұмысты белсенді жүргізуге болатын кезеңге жақындап қалды. Бірақ, сонымен бірге, біздің өндірушілеріміз автоқұрастырушы өндірістермен тығыз  ынтымақтаса жұмыс істеуі тиіс, себебі бізде барынша сұранысқа ие толымдаушылардың бәрін табу қиын.

Мемлекет импортты алмастыруға қандай да бір қаражат бөле ме? Жалпы, Қазақстанда импортты алмастыру қандай проблемалармен астаса жүріп жатыр? Және де біздің бизнесмендеріміздің елімізде импортты алмастырумен айналысуға ынтасы бар ма?

– Импортты алмастыру бізде былайша айтқанда танымал емес. Бұл әрдайым дұрыс қабылдана бермейді. Көпшілік импортты алмастыру туралы әңгіме айтқанда сөз бәсекелестікті автоматты түрде бұзу, шетелдік жеткізушілер мен өндірушілердің Қазақстан нарығына қол жеткізуіне шектеу қою туралы деп есептейді. Шын  мәнінде бұлай емес. Біз мұнда, әлбетте,  ішкі нарықта үлкен резервтер бар екендігін және де компаниялардың бәрі бірдей экспортқа бағдарланбайтынын есте ұстаймыз. Ал біздің мемлекеттік қолдау шаралары, негізінен, экспортқа бағдарланған, бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды қолдауға бағытталған. Және де біз мынадай пікірді жиі естиміз: егер сен сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті болсаң, онда ел ішіндегі импортты автоматты түрде  ауыстырасың. Өкінішке орай, шынайы өмірде біз бұл екі процестің көбінесе өзара байланыспайтынын көреміз. Компанияның экспортқа шығуының айқын стратегиясы ішкі нарықта белсенді  жұмыс жүргізуді қамти бермейді. Және де керісінше, ішкі нарықта жұмыс істейтіндер мұнда сатып алуларға және т.б. қол жеткізуге қатысты проблемаларға тап болады, бірақ олар ағымдағы кезеңде экспорт перспективасын қарастырмайды. Сол себепті біз экспортқа  да, ішкі нарыққа да бағдарланған бәсекеге қабілетті өндірістерді қолдау қажеттігі туралы айтып келеміз. Біз, негізінен немесе тек қана ішкі нарықта жұмыс істейтіндерді экспортбағдарлы өндірістер алып отырған мемлекеттік қолдау шараларының барлығымен қолдау қажет деп санаймыз. Яғни, біз, импортты алмастыру кезіндегі қолдау шараларын экспортбағдарлылылық  критерийлерімен тең дәрежеде алуға негіздеме болуы үшін негізгі мемлекеттік бағдарламалардың бәрін импортты алмастыруға да тоғыстыруды ұсынамыз.

Импортты алмастыруға қажет қаражатқа келетін болсақ, олар бөлінбейді. Міндет – өңбек өнімділігін арттыру, экспорт үлесін ұлғайту, бірақ мақсатты түрде импортты алмастыруға қандай да бір ақшалай қаражаттар салынбайды. Бұл біздің өндірушілер мен сатып алушылардің кездесуі үшін ҰКП алаңын  ұсынып, өз  қолымызбен дем бергеннің арқасында дамып отырған процесс.  Таяуда мен Татарстанда іссапарда болдым, онда үлкен форумдар ұйымдастырып, соның шеңберінде жеткізушілер күні өткізілетін тәжірибе бар екен. Бұл арада жергілікті өндірушілерге баса көңіл бөлінеді. Мұндай формат өте қажет, ол қазақстандық өндірушілердің мүмкіндіктерін анықтауға мүмкіндік береді және оларға өз тауарларын бетпе-бет көрсетуге, немесе одан әрі жұмыс істеу жөнінде шешім қабылдайтындармен кездесуге жол ашады. Әсіресе бұл сұраныстың сығылуы жағдайында өте өзекті. Сол себепті біз бәрібір де импорт алмастыруды мемлекеттік қолдау щаралары есебінен ынталандыру қажет екендігіне сенімдіміз.

– Қазіргі күні импорт алмастырушы өндіріс құруға үлкен қаражат салу тиімді ме деген ой туады, өйткені олар кенеттен жұмыс істемей қалуы да ықтимал, яғни, шын мәнісінде, ақша желге ұшады. Бәлкім, бұл мақсатқа қаражаттың бөлінбегені де дұрыс шығар...

–Дұрыс айтасыз. Егер біз Қазақстанның ішіндегі сұраныс бар өндірісті қатар қолдап отырмасақ, кедергілерді жоюмен айналыспасақ, өз елімізде  В2В форматындағы кооперацияларды жолға қоймасақ, онда бұл шынымен де бос әурешілік болып шығады. Субсидиялауды шексіз жүргізе беруге болады, бірақ онда ешкім де сатуда құзыреттіліктерді көтерумен, сапалы маркетингпен, өзіндік құнды төмендетумен айналыспайды және т.б. Сол себепті бүгінгі күні біздің өндірушілеріміздің маркетингтік зерттеулеріне және т.б. жұмсалып отырған шығынды өтеуге қатысты қолдау шараларының бәрін өзара байланыстыру  және сыртқы нарықтың ғана әлеуетін көздемеу қажет. Бізде Қазақстанның ішінде көп нәрсені өндіруге және айтарлықтай үлкен көлемде сатуға болады. Сөз, ең алдымен, ШОБ туралы болып отыр.

– Бірақ, көбінесе қатардағы тұтынушылардың өздері де отандық өндірушілерге сенімсіздік танытады...

– Бұл әділетті сұрақ. Және де мұнда, ең алдымен, өндірушілердің өздері жеткілікті жұмыс істемейді. Сәтті сауданың көп бөлігі өз өнімін нарықта дұрыс жайғастыруға келіп тіреледі, оның ішінде сегментті дәл анықтау, өзінің сатып алушысын анықтау, өзінің мақсатты аудиториясын табу және онымен жұмыс істеу бар. Жақында ғана біз Жиһаз өндірушілерінің қауымдастығымен кездестік. Біздің Қазақстанда жиһаз өндірісі бар екенін, өзінің сапасы жағынан итальяндықтармен бәсекелесе алатынын көп адам біле бермейді. Олардың дизайны да заманауи, бәсекеге қабілетті технологиялары бар, құрал-жабдықтары техниканың соңғы үлгісіне сай, сапалы материалдарды қолданады, бірақ мұны ешкім білмейді. Мұнда да, әрине, ҰКП-ның міндеті – қазақстандық өнімді сатып алуға назар аудару, Елбасы Қазақстанда тігілген костюмді киіп көрсеткендей, нақтылыққа айналдыру қажет.  Және де бұл бір жолғы науқанға айналмауы тиіс. Қазақстандық өнімдерді көре алатындай алаңдар құру жөнінде тұрақты жұмыс істеу қажет. Астанада белорус жиһазының, түрік тоқымасының және т.б. көрмелері өтіп жататыны туралы жиі естиміз. Алты қырдың ар жағынан тұтас бір делегация келеді, олар сөйтіп өз өнімін сатып алушыға жайып салады, ал мұның өзі ұсақ-түйек буклетке  қарағанда керемет жарнама, сол көрмеде тауарды сатып алуға да болады. Бірақ мұнда бір түйткіл бар: Қазақстанда өткізілетін көрмелердің бағасы біздің көптеген кәсіпкерлеріміздің қалтасы көтере алмайтындай дәрежеде. Сондықтан да өндірушілер көрмелерге қатысу, өз тауарын насихаттау бағытын басымдық деп санамайды, мұны өз өнімін ілгерілетуге арналған арнайы қаржы қоры, бюджеті барлар ғана істей алады. Егер мектеп формасына  қатысты жағдаятты алатын болсақ, онда біз Білім министрлігінің қолдауына ие болдық: нарықта дайын мектеп формасының шетелдік өндірушілері мен жеткізушілері белсенді жұмыс істейтін уақыт аралығын қолдан шығарып алмау үшін өңірлердегі білім басқармалары мектеп формасын өндірушілерге сауда немесе көрме алаңдарын  жеңілдікпен ұсынуға көмектесетін болды.

– Көбінесе шетелдік компаниялар Қазақстан территориясында өндіріс ашады. Бұл жағдайда олардың өнімі қазақстандық деп есептеле ме?

– Мысал келтірейін. Қарағандыда ілмекті арматура өндіретін кәсіпорын бар. Бұл әлемнің бірнеше елінде жұмыс істейтін ірі неміс компаниясының бір бөлімі. Олар осы өнімге Қазақстанда да, Германияда да қойылатын барлық талаптарды сақтайды, бірыңғай стандарттар, бірыңғай технология бойынша істейді және т.б. Бұл тұрғыда олар Қарағандыда шығаратын өнімді қазақстандық, бірақ неміс сапасыынң талаптарына жауап бере алатын өнім деп есептейді. Яғни, жеткілікті қайта өңдеу критерийі 50 %-дан асатын болса, өнім қазақстандық болып есептеледі.

– Сіздің көзқарасыңыз бойынша, Қазақстанның импортқа тәуелділігін қаншалықты нақты төмендетуге болады?

– Егер біз оны мойындайтын болсақ, және де қандай салаларда және қандай өнімдер бойынша барынша импортқа тәуелді екенімізді айқын түсінетін болсақ қана. Мұнда, менің көзқарасым бойынша, әрбір салаға жеке көзқараспен келу керек. Бірінші – талдау жүргізу, біз оның бірінші кезеңін өткіздік және тауарлық жайғасымдарды анықтадық. Екінші – әдіс-тәсілдер мен қолдаудың қандай да бір шараларын импорт алмастыруды ынталандыру процесіне бағдарлау қажет, оған қоса оларды Қазақстанда жаңа өндірістерді құру үшін инвестицияларға арналған әлеуетті мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырған жөн.

ҰКП ҚР-да импортты алмастыру бағдарламасының Тұжырымдамасын әзірлеуді жоспарлап отыр, ол өңірлердегі Кәсіпкерлікті дамыту карталарымен сәйкеседі (инвесторларға арналған навигатор іспетті). Бұл өңдеуші өнеркәсіп салаларындағы импорттың үлесін төмендетуге, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында жергілікті құрамның үлесін ұлғайтуға, Қазақстан территориясында жаңа өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді деп санаймыз.

Басымдықтағы тауарлардың отандық өндірушілері бола тұра,  көптеген мемлекеттік мекемелердің, ұлттық компаниялардың және жер қойнауын тұтынушылардың жалпы сатып алуларында импорттың басым болуы орын алып отырғанын атап көрсеткім келеді, мұндағы импорттың үлесі кейде тіпті 90% деңгейге жетеді.

Қазір ҰКП-ның салалық хатшылықтары 2016-2018 жылдарға жоспарланып отырған импорттық тауарларды сатып алуларды және отандық өнімді сатып алуды кеңейту жолындағы кедергілерді анықтау үшін басымдықтағы тауарларды сатып алушылармен жұмыс жүргізіп жатыр. 

Мысалы, қазір ҰКП-ның Өңдеуші өнеркәсіп комитетінің хатшылығы «СНПС «АқтөбеМұнайГаз» АҚ-мен және «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ-мен келіссөздер жүргізу үстінде, соның қорытындылары бойынша импорттық өнімдерді сатып  алудың дәл көлемі және 2018 жылға дейінгі сатып алу жоспарлары анықталатын болады.

Дәл осылайша, ҰКП-ның Машина құрылысы комитетінің  хатшылығы  «Семізбай-У» ЖШС-нан және «Маңғыстау Энергокомбинат-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-нан ақпарат алды.

Келесі қадам – ОТӨ-мен бірлесіп ҰКП алаңында кездесулер өткізу тәсілімен, тұтынушылардың техникалық ерекшелігіне сәйкес ұқсас тауарлар өндіру мүмкіндігін анықтау.

Осы жұмыстардың нәтижесінде төрт топтың тауарлары айқындалады. Біріншісі – отандық өндірушілер өндіре алатын тауарлар. Екіншісі – ОТӨ өндірісті модернизациялаған жағдайда өндіруге дайын тауарлар. Үшіншісі – жаңа өндірістерді ұйымдастырудың экономикалық пайдасы болуы. Және төртіншісі – өндіру пайда әкелмейтіндер.   

Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП ұлттық компаниялар мен мемлекеттік мекемелердің сатып алулар бойынша жоспарларын мұқият зерттейді,  отандық өндірушілермен мәміле жасауға кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді анықтайды және оларға жаңа мүмкіндіктер тауып береді.  

Бұл бір жолғы науқан емс. Бұл Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жүйелі жұмысы.

Қарлығаш Жүсіпбекова


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер