«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Дінмұхамед Әбсаттаров, «Атамекен» ҰКП АӨК комитеті хатшылығы хатшы­сының орынбасары: «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дейтін түсінік ескірді

2016 жылғы 01 Сәуір
4857 просмотров

- Биыл елімізде ауыл­шаруа­шылық кооперативтеріне қатысты заң күшіне енгенін білеміз. Жалпы, ауылшаруашылық кооперациясының мақсаты не? Қарапайым шаруаларға ол не береді? Әңгімемізді осыдан бастайықшы.

- Кооперация құру жобасы ішкі нарықты ауылшарушылық тауарларымен қамтамассыз ету және ауылшаруашылық өнімдерінің экспорттық бағытын арттыру мақсатынан туындап отыр. Осыған орай биыл қаңтар айынан бастап «Ауылшаруашылық кооперациясы туралы» заң күшіне енген болатын. Осы жылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ауыл шаруашылық министрлігімен бірлесе отырып, 11 пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда министрлік пен палата арасында келісім-шарт жасалып, тиісті шаралар қабылданып үлгерді. 2016 жылы Ұлттық палата тарапынан ауыл шаруашылығын дамыту, кооперацияларды құруға ерекше басымдық берілгенін айта кету керек.  Осыған сәйкес, барлық өңірлерде жергілікті палата тарапынан барлық ауылшаруашылық құрылымдарына, осы кооперация құрылып жатқан шаруашылықтарға күнделікті бағыт-бағдар беру, жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары жүргізіліп отыр. Яғни, кооператив құрыларда тиісті құжаттарды әзірлеу және оны Әділет басқармасында тіркеу, кооператив мүшелерінің отырысын өткізіп, оның хаттамасын толтыру секілді бастапқы шаралардан бастап, одан ары қарайғы жұмыс барысына да Ұлттық палата қол ұшын беріп отырмақ. Жалпы, қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау бағдарламалары жетерлік, тек оны көп жағдайда ауылдағы азаматтардың біле бермейтіні байқалады. Біздің міндет – сондай ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау бағдарламалары туралы кеңінен түсінік беріп, оларға тапсырыс беруге көмектесу. Бүгінгі таңда Ұлттық кәсіпкерлер палатасында осы ауылшаруашылық саласына байланысты жауапты екі хатшылық құрылғанын айта кетейін.

- Шынтуайтқа келгенде, ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттік қолдаудан кенде болып отырған жоқ. Бірақ неге екенін, экспортты айтпағанда, ішкі нарығымыздың өзін ауылшаруашылық өнімдерімен толықтай қамти алмай отырмыз. Неге? Осы мәселені егжей-тегжейлі зерттеп көрдіңіздер ме?

-  Өте орынды сауал. Осы уақытқа дейін еліміздің бірнеше өңірінде болып,  кооперацияны ұйымдастыруда және онда туындайтын түйінді мәселелерге, ауылшаруашылығында кездесетін қиындықтарға қатысты зерттеу жүргіздік. Өзіңіз айтып өткендей, мемлекет тарапынан қолдаулар көп, бірақ неге осы сала қарқынды дамымай келеді деген мәселелер төңірегінде арнайы сараптама жасадық. Зерттеу негізінен үш бағытта жүргізілді. Ең біріншісі, ол – ішкі нарықты ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамассыз ету бағыты. Онда қандай қиындықтар бар деген сұрақтар бойынша. Екінші бағыт, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін зауыттар бар, олар қандай деңгейде жұмыс істеп жатыр деген мәселе бойынша. Үшінші, елді мекендерді аралап, шаруашылықтармен тікелей қарым-қатынас ұйымдастырып, олардың түйінді мәселелерін білу. Таратып айтсақ, бірінші бағыт бойынша  «Магнум», «Арзан», «Рамстор», «Метро» сияқты ірі сауда желілерінің бірінші басшыларымен тікелей кездесіп, сол сауда орталықтарын аралап, олардың негізінен қандай тауар сатып тұрғанына зерттеу жүргіздік. Сонда байқағанымыз, аталған сауда орындарында ауылшаруашылық тауарларының көбі импорттық тауарлар болып шықты. Мәселен, картоп Пәкістаннан, жеміс-жидек Өзбекстан мен Қырғызстаннан, сүт өнімдері мен ет өнімдерінің көбі Ресей мен Беларуссиядан. Әрине, мұның себебін сауда желілерінің басшыларының өздерінен сұрадық: «Неге сіздердің сауда алаңдарыңызда отандық өнімдер жоқтың қасы? Неге біз қысқы уақытта Пәкістанның картобын жеу керекпіз? Өзімізде де картоп көп емес пе?» деп. Олардың айтатыны мынау: «Біздің жұмыс тауар сату. Қазақстанда шаруашылықтар өте майда. Сондықтан олар бізге тиісті деңгейде тауарларды жеткізіп бере алмайды. Мәселен, тауарды сауда айналымына кіргізу үшін оны алдын ала дайындау қажет. Оны жуу, тазалау, арнайы орамдарға орау, колибровкасы бар. Міне, осындай жұмыстар бізде ұйымдастырылмаған. Екіншіден, тұрақтылық жоқ. Науқанның кезінде, тамыз, қыркүйек, қазан айларында жаппай бәрі бізге арзан бағада жеткізеді де, қалған уақытта ол тауарлар жоқ Қазақстанда. Ал менің сауда орталығыма жыл он екі ай, 365 күн бұл тауарлар келіп тұруы керек. Себебі, тұтынушылар бізге бір келеді, екі келеді, үшінші келгенде сол тауарды тағы таппаса, келесі жолы мүлде келмейтін болады. Сондықтан, мен ондай үлкен тәуекелге бара алмаймын» дейді. Бұл мәселенің барлығын ескеріп, келістік.

Екінші зерттеу нысанымыз – зауыттар болды. Ет, сүт өңдейтін зауыттарға бардық, өңірлердегі. Мәселен, Алматы облысында 19-ға жуық, Жамбыл облысында 14-15 сүт өңдейтін зауыт бар. Олардың барлығын зерттей келе, бүгінгі жұмыс істеп тұрғаны небәрі 50 пайыз қуаттылықта ғана екен. Қысқы маусымда бұл көрсеткіш кей өңірлерде бұдан да төмен болып кететінін байқадық. Оның да себебін сұрастырып, білдік. Олардың айтуынша, шикізат сүт жоқ, болса да тиісті мөлшерде емес немесе сапасы төмен. Не болмаса жеткізілу жағы тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Сондықтан зауытты толық қуаттылыққа шығара алмай отырса керек.

- Ежелден мал баққан ел едік қой, ата кәсібімізді неге тұралатып алдық екен? Бұл мәселені де зерттеген боларсыздар? Басқасы басқа, сүт пен еттен таршылық көріп, Белорусь пен  Ресейдің етін жеп, сүтін ішуге нендей жағдай мәжбүрлік етіп отыр?

- Әрине, бұл мәселені де жан-жақты зерттедік. Шаруашылықтарға барып, «Қандай күрделі мәселелеріңіз бар, сауда орталықтары мен зауыттарға шикізат жеткізіп беруге нендей кедергілер бар?» деп сұрадық. Мұнда да күрмеуі қиын күрделі мәселелер баршылық. Біріншіден, шаруалардың ұйымдасып, бірлесіп жұмыс жасауы үшін заңнамалық негіздің жоқтығы кері әсерін тудырып келген. Олар заңды тұлға ретінде, жеке шаруашылық деңгейінде жұмыс істейді, бір басшы, ол өз білгенінімен әрекет етеді, яғни, шығындар шығару, кірісті есептеу мен өзге де шаруашылыққа қатысты шешімдерді өзі қабылдайды. Сол үшін оның төңірегіне ешкім жиналғысы келмейді. Екінші мәселе, бүгінгі күні Қазақстан бойынша есепке алынған малдың 80 пайызы жекенің қолында. Үшінші мәселе, жеке адамдар өз-өзімен дами алмайды. Әр өндірілген сүтке, етке және де ол асыл тұқымды мал асырайтын болса, жоғарғы деңгейде сүт пен ет беретін мал асыраса, оның жемінен бастап, сауылған сүтіне, өткізілген етіне дейін мемлекет тарапынан қолдаулар бар. Соның барлығы жеке тұрғындарға қолжетімсіз. Неге? Мәселен, сүт бағытында айтатын болсақ, оған үш деңгейде беріледі. Бірінші деңгейі 100 бастан 400 басқа дейін сауынды сиырың болатын болса, әр өндірілген сүтіңе 10 теңгеден береді. Екінші деңгейде 15 теңгеден беріледі. Ал үшінші деңгеде 400 бастан жоғары кетсе, 25 теңгеден беріледі. Яғни, біздің жеке шаруаларды қарайтын болсақ, оларда 20, 30, кейбірінде 10 сиырдан бар. Ет бағытын алатын болсақ, ол да сондай. Үш деңгейден тұрады. Ең алдымен, малдың азығын дайындау бағытында мемлекет тарапынан қолдау бар. Асыл тұқымды мал асырап жатқан болса, оның бірінші деңгейінде 3000 бас ірі қара мал асырайтын болса, оған 220 теңгеден мемлекеттен қайтарымсыз қаражат беріледі. Екінші деңгейде, ол 1500 басқа 170 теңгеден береді. Үшінші деңгейде 400 бастан кем болмауы керек. Ол кезде жем-шөбіне 400 теңгеден береді, әр малдың басына. Одан бөлек, асыл тұқымды бұқа сатып алатын болса, оған 154 мың теңге беріледі, ол бұқаны жыл бойына асырауға, жем-шөбімен қамтамассыз етуі үшін 108 мың теңге тағы береді. Және одан өндірілген етті өткізетін болса, шаруа әр бұқаның басына 24 мың теңгеден тағы ала алады. Осындай ауқымды мемлекеттік қолдаудан жеке тұрғындар қағылып отыр. Осы орайда шаруашылықтармен арнайы кездесіп, мұның барлығын егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Мәселен, Ақтөбе облысындағы Әйтеке би ауданына қарасты Аралтөбе ауылының тұрғындарымен кездесіп, кооператив құрудың қажеттілігін түсіндірдік. Содан жергілікті әкімшілікпен бірлесе отырып, «Рахат плюс» деген кооператив құрдық. Оны ауылдың 55 жеке үйі қолдап, 605 бас мал қосты. Аудан әкімдігі тарапынан мал жайылымына 5000 гектар жер бөлінді. Арнайы құдықтар қазып беретін болды. Міне, осының бәрі мемлекет тарапының қолдауы арқылы іске асатын болады. Енді болашақта, осы кооперативтің аясында әр үй өзінің кооперативке қосқан мал басы үшін мемлекет тарыпынан берілетін тиісті қолдауларды алып отырады. Және сол аудандағы бос жүрген азаматтарды шаруашылық жұмыстарына қабылдайтын болады.

Екінші жаңалығымыз, Жамбыл облысында сүт бағытында кооператив құрылды. «Меркі өнімдері» деген. Оған 42 шаруашылық қосылып отыр. Бұрын әр шаруашылық, әр үй өзінше сүт өткізіп отырған. Бірақ мемлекеттік субсидияны алмаған. Енді мал басын қосқан кезде, мемлекеттік қолдауға ие болатын мүмкіндік алып отыр.

- Сөзіңізге қарағанда, кооперативтің игілігі көп сияқты. Десе де, қазақта «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген сөз бар, білесіз. Бүгінгідей қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған, қысылтаяң шақта қорасындағы азын-аулақ малымен күн көріп отырған ауылдықтар кооператив құрып, ортақтаса іс қылуға қалай қарап отыр? 

- Әрине, кез келген жаңа дүние енгізілер тұста жатырқау, алаңдау болатыны заңды. Бұл бағытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  жергілікті билік пен министрлікпен бірлесіп, ауқымды шараларды жүргізіп келеді. Соның арқасында түсіндіру жұмыстары, халықпен кездесу жұмыстарында белсенділік байқалады. Әрине, әу баста заңды көбісі толық оқымаған. Оқыса да оны дұрыс түсінбеген. Сосын өзіңіз айтып өткендей, «Ортақ өгізден оңаша бұзауды артық» көрген. «Кооперативке біріксек, онда бір ғана басшы болады, ол қолдан келіп тұрғанда, қоныштан басып, сеніп тапсырған малымызды талан-таражға салмасына кім кепіл?!» деген пікірдің де айтылғаны рас. Меніңше, көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан мына алма-ғайып заманда әлгіндей түсінік, көзқарас та ескірсе керек. Халықпен кездесу барысында осы мәселенің мән-жайын түсіндіріп, барынша оның тиімді жақтарын жеткіздік. Содан кейін халық түсініп, ойланып, қазір біразы өзара ұйымдасып, кооперация құруға дайындық жасап та жатыр.

- Расында да, кооператив басшысы өзіне сеніп тапсырылған малды талан-тараж етпесіне кім кепіл болады? Және ол басшы қалай тағайындалады?

- Ауылшаруашылығы кооперациясы жөніндегі заңның ерекшелігі сонда, кооперативті оның мүшелері бірлесіп басқаруын қарастырған. Кооператив мүшелерінің отырысында бір басшы сайланады, ол ұйымдастырушылық іс-шаралармен айналысады, ал маңызды шешім қабылдау барлық мүшелердің қатысуымен ғана жүргізіледі. Өнімнің өзіндік құнын қалыптастыру, азықпен қамтамассыз ету және де арнайы жанармаймен қамту, көктемгі егістік науқанындағы мәселелер бойынша да кооператив мүшелері бірлесіп шешім қабылдайды.

- Cөз басында  қанат қақты жоба ретінде 11 кооператив құру жоспарланған дедіңіз. Нақты қай өңірлерде құрылмақ және олар қандай бағыттағы шаруашылықтардың басын біріктіретін болады? Таратып айтып берсеңіз.

- Солтүстік Қазақстан облысында майда дақылдарды қамтамассыз ету кооперациясын құру жоспарланған. Алматы облысында көкөніс, бау-бақша өнімдері, картоп өндіру кооперациясы, Павлодар облысында картоп бағытында, Ақтөбеде ет, Жамбылда сүт өнімдері бойынша, Шығыс Қазақстанда бал шаруашылығы бойынша кооператив құру жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге дейін еліміздің алты аймағында, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында, Алматы қаласында болып, жергілікті жердің ерекшеліктерімен, шаруашылықтарының тыныс-тіршілігімен таныстық. Айта кететін жағдай, бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында жиырмаға жуық кооператив құру жоспарлануда. Оның он шақтысы қазірдің өзінде тіркеліп, әне-міне жұмыстарын бастағалы отыр. Бұл аймақтың ауылшаруашылық саласы жақсы дамығаны белгілі, оған ауа-райының қолайлылығын қосыңыз.

- Жөн екен. Біздің білуімізше, кооператив құру тәжірибесі әлемнің көптеген дамыған елдерінде жүзеге асып келеді. Заң қабылданар тұста олардың озық тәжірибесі де назардан тыс қалмағаны анық. Ең мықты кооперативтер қай елдерде қалыптасқан?

- Мықты кооперативтер Еуропада. Мәселен, Германияда, Голландияда. Мал шаруашылық, ауылшаруашылық саласы бойынша болса да оларда жеке дара шаруа болып отырғандар жоқ. Барлығы дерлік осындай кооперативтерге біріккен.

- Біздің елде де кооперация дамып, халықтың да оған сенімі нығая түсті делік. Сосын шамамен бір жеті-сегіз жылда ішкі нарықты өз өнімдерімізбен толықтай қамти алатын деңгейге жете аламыз ба, қалай ойлайсыз?

- Оны уақыт көрсетеді. Десе де,  сондай деңгейге жету үшін қазірден бастап негіз жасалып отыр. Алдағы уақытта біз тек табиғи байлыққа ғана арқа сүйеп қоймай, ауыл шаруашылық өнімдерімізді де көптеп өндіріп, ішкі нарық пен сыртқы экспортты қамтитындай дәрежеге жетуіміз керек. Мәселен, қазірде әлемде халықтың санымен қатар, табиғи өнімдерге сұраныстың жыл өткен сайын артып келе жатқаны байқалады. Осынау сұранысты қамтып, нарықты игеріп қалу үшін әр ел барынша әрекеттеніп жатыр. Мысалы, Израильді айтар болсақ, қазірде бұл ел жоғарғы технологияларды дамыта отырып, ауылшаруашылығын өркендетіп, әлемге әйгілі болып отыр. Оның қасында Қазақстанның түгін тартса май сорғалаған, шыбық қадаса, жайқалып шынар болып өскен құнарлы да кең-байтақ жері бар. Яғни қай жағынан алғанда, Қазақстанның мүмкіндігі мол, әлеуеті жеткілікті. Сондықтан, осы бастаманы жұрт болып жұмылып, дұрыс ұйымдастырып, жолға қойып алсақ, біз де дамыған озық елдердің деңгейіне жетеміз деген ойдамын.

- Әңгімеңізге рахмет!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер