«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Хайрулла Қожабаев: Трансформатор өндірісі өркендеп тұр

2016 жылғы 31 Наурыз
7712 просмотров

«Кентау трансформатор зауыты» қуаттылығы жоғары трансформаторлар құрастырып, шетелдерге экспорттауды жоспарлауда

Соңғы жылдары қолға алынған импортты алмастыру саясаты өз нәтижесін көрсете бастады. Бүгінде тек отандық емес, шет елдердің нарығында жұмыс істейтін компаниялар қалыптасып келеді. Мәселен, құрамына отыздан астам кәсiпорындар мен зауыттар кiретiн «Alageum Group» компаниясы электр энергетикасы, электр машинасын жасау және құрылыс саласында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Ал компанияың құрамдас кәсіпорны – «Кентау трансформатор зауыты» тек  жоғары сапалы трансформаторлар өндіріп, шетел нарығын бағындыруға ілкімді қадамдар жасап отыр. Қазақстандағы маңдайалды жалғыз трансформатор зауытының қазіргі жай-күйі жайында «Кентау трансформатор зауыты» АҚ  басқарма төрағасы   Хайрулла Қожабаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Соңғы жылдары елімізде импорт алмастыру саясаты қарқынды жүргізілуде. «Кентау трансформатор зауыты» осы бағытта қандай істер атқарып жатыр?

- Біздің кәсіпорын тек отандық емес, сондай-ақ, шетел нарығына да жұмыс жасайды. Өткен ғасырдың 90-жылдары зауыттың тоқтап қала жаздағанын ескерсек, кәсіпорынның қазіргі деңгейге көтерілуі көңіл қуантарлық жайт. Соңғы 5 жыл ішінде кәсіпорын бірнеше жаңа өндірісті іске қосты, жаңа цехтар салды, өнімнің жаңа түрлері өндіріле бастады. Мысалы, қуаты 63 000 кВА дейінгі, кернеуі 10-35-110 кВ болатын трансформатар өндіретін, аумағы 7 мың шаршы метрлік цех салынды. Онда жыл сайын 300 млн. теңгенің өнімі өндіріледі. Өнімнің басым бөлігін Ресей сатып алуда.  

Өндіріс көлемін арттыру үшін қандай технологиялар пайдаланылады?

Электр машиналары – бұл әлемдік инженерлік ой мен тех­никалық жетістіктің, шетелдік және отандық тәжірибенің синтезі мен нақты интеграциясы. Мұндай трансформаторларды жасау жоғары технологиялық импорттық жабдықтар мен технологияларсыз қиынға соғар еді. Жаңа типті трансформатордың негізі неміс технологиясымен жасалған. Трансформатордың  пішіп-кесу жұмыстары «SOENEN» фирмасының автоматтандырылған желісінде жүзеге асырылды. Орамдарды дайындау «L.А.Е.» фирмасының автоматты бағдарламаланған орау станоктарында жасалды. Металл бөлшектер швейцариялық «Bystronic Laser AG» лазерлік қондырғысында кесілді. «МAIER» фирмасының вакуумды-кептіру пешінде кептірілді. Бұл ірі габаритті трансформатор жасаудың қиын технологиялық процесінің кішкене ғана бөлігі. КТЗ жақында электровоздарға арналған жылжымалы трансформатор жасап шығарды. Мұның бір ерекшелігі, әзірге ешқандай елдің өндірісінде жоқ. Сондықтан, ай­рықша трансформаторға бірін­ші болып Ресей тапсырыс берді. Алғашқы үлгі нұс­қасы сынақтан ойдағыдай өтті.

Сіздердің өндірістеріңізге қажет бөлшектер қайдан келеді? 

- Зауыт  бүгінгі таңда инновация­лар локомотиві, заманауи талапқа сай механизацияланған кешен. Көлемді арттыру және бұйымдардың жаңа түрлерін игеру қажеттіліктеріне қарай жаңа цехтар салынып, мүмкіндіктер артуда. Зауытқа қажет бөлшектер шетелден тасымалданады. Қазіргі таңда біз отандық өндірушілерден сым орамдарын,  орама қағаздарын сатып аламыз. Отандық шикізаттарды сатып алып, заманауи қондырғыларда дайын өнім жасаймыз. Зауыт үшін мүлде жаңа бұйым өзінің көлемімен таң қалдырады. Өте қуатты трансформатор үлкен бір кемені елестетеді. Оның қуаттылығы қаланың бүкіл аудандарын электрмен қамтамасыз етуге жетеді. Тағы бір ерекшелігі ТРДН-трансформаторының барлық  бөлшектері  зауытта өндіріледі.

«Кентау трансформатор зауытының» өнімдері қай елдерге экспортталады?  

- «Кентау трансформатор зауытының» өнімдері шетел нарығына шыққалы жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Экспорттың 30%-ға дейінгі көлемі Ресейге, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Түрікменстанға, Қырғызстанға, Иранға, Әзербайжан мен Ауғанстанға шығарылады. КТЗ-ның өнімін еліміздегі «ҚазМұнай­Газ», «Қазақстан темір жолы», «Қаз­ТрансОйл», «КEGOС», «ҚазақАлтын», «ҚазЦинк» секілді отандық алпауыт компаниялар сатып алады.

Қазақстан нарығында бәсекелестеріңіз бар ма? 50 жылдан астам тарихы бар «Кентау трансформатор зауыты» өнімдерінің қандай ерекшелігі бар?  

-Қазіргі таңда Қазақстанда трансформатор сататын шетелдік компаниялар жеткілікті. Трансформаторлар бағасы бойынша бізде әрдайым бәсекелестік болады. Әр кезде мониторинг жасап тұрамыз. Сатып алушыларға жеңілдік жасаймыз. Біздің өнімнің артықшылығы жеткілікті. Өйткені біз өз өнімімізді заманауи қондырғыларда жасаймыз. «Кентау трансформатор зауыты» АҚ Қазақстан Республикасының тарихында тұңғыш рет салмағы 110 тонна, кернеуі 110кВ, қуаты 63000 кВА электрлі машиналардың сериялы өндірісін жолға қойды. Қазақстандық электр энергетикасы саласының жаңа дәуірі бас­талды. Мұндай кластағы және қуаттағы трансформаторларды игеру – «КТЗ» АҚ ұжымының үлкен же­тістігі мен жеңісі. Әсіресе, бұл маңызы аса зор оқиға «КТЗ» АҚ-ның 55 жылдығы қарсаңында болғаны қуантады.

Мемлекет тарапынан қандай қолдауларға ие болдыңыздар?

-Мемлекет экспорттаушыларға қолдау көрсету бағдарламасы шеңберінде кәсіпорын зауыт мамандарын шетелде оқытуға және жарнама жасау мәселесіне көмектесуде. Елімізде электр энергетикасы саласын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан кәсіпорынға мемлекеттік бағдарламаның шапағаты тиген. Зауыт қаржылай қолдау алып, толықтай заманауи қондырғылармен жабдықталған.  Нақтырақ айтсақ, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингi 2015 жылы экономиканың шикiзаттық емес саласындағы орта бизнес көшбасшылары саналатын компанияларды қолдау мақсатында құрған «Ұлттық чемпиондар» бағдар­ламасына «Кентау трансформатор зауыты» қатысты. Сонымен қатар, Кентау трансформатор зауыты мемлекеттік бағдарламамен «Қазкоммерцбанктен» 1 млрд теңгедей несие алған. 5 жылға 6 пайызбен алынған несиені шикізат пен өндіріске керекті құрал-жабдық, қондырғылар сатып алуға жұмсаған зауыт қазір трансформаторлардың жаңа түрлерін шығарып жатыр.

Алдағы уақытқа арналған жоспарларыңызбен бөліссеңіз... 

-Келешекте қала аумағынан 25 гектар жерге индустриялық аймақ салынады. КТЗ-ның ондағы үлесі үлкен. Яғни, тағы да 100-150 адамға жұмыс орны ашылмақ. Өз өнімін алғашқы жылдардан 100 есеге арттырған зауыт қалалық салықтың 70 пайызын құрап отыр. Кентау трансформатор зауыты өз мамандарын өздері даярлайды. Яғни, үш жылдан бері зауыт жанынан политехникалық колледж ашылып, білікті мамандар оқытуда. Соның нәтижесінде, жұмыс өнімділігі артып, сапалы тауарлар шығарылады. Алдағы уақытта қуаттылығы 220 кВ болатын трансформатор өндіру жоспарда бар.

Сұхбатыңызға рақмет!

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер