«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Берекелі Бейнеудің болашағы жарқын

2016 жылғы 17 Ақпан
6452 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Бейнеу аудандық филиалының директоры Нұржігіт Хайруллаев аудандағы шаруашылық субъектілерінің саны мен сапасы қатар дамып, соның арқасында тұрғындардың тыныс-тіршілігі жақсарып жатқанын айтады

Маңғыстау облысында бес аудан бар. Соның бірі Бейнеу ауданы. Ол облыс орталығынан шалғай орналасқан, яғни ара қашықтығы 500 шақырымды құрайды. Аудан тұрғындары бір кездері өндірістің болмауынан, тек ауылшаруашылығын дамыту арқылы күнелтетін. Бүгінде мұндағы жағдай мүлдем басқаша. Жерасты табиғи байлығы бар, қор жеткілікті. Қара алтын бұрыннан өндірілсе, газ өндіру өткен жылы бастау алды. Осының арқасында кәсіпкерлікпен айналысушылардың да саны көбейді. Аудан көлемінде шағын және орта бизнестің қанат жаюына жауапты өңірлік кәсіпкерлер палатасының Бейнеу аудандық филиалының директоры Хайруллаев Нұржігіт Нұрболатұлын әңгімеге тартқан едік. 

Нұржігіт Нұрболатұлы, аудандық кәсіпкерлер Палатасы өз жұмысын қашан бастап еді?  

Филиал өз қызметін 2015 жылдың наурыз айында бастады. Алғашқы кезеңде филиалдың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстарын ұйымдастыруды мықтап қолға алдық. Аудандық әкімдікпен бірлесе отырып, біздің филиал Бейнеу селосы орталығынан аумағы 100 шаршы метр болатын жаңа ғимаратпен қамтамасыз етілді. Соңғы үлгідегі жөндеуден өткен кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылды. Кеңесшілер жаңа жиһазбен, компьютер және интернет байланысымен толық қамтылды. Өткен жылы Палата кеңесшілері 460 адамға қызмет көрсетті. 53 тұрғын кәсіпкерлік негізінде оқып, арнайы сертификат алды.

Ауданда кәсіпкерлік субъектілерінің даму үрдісі қалай? Яғни, кәсіпкерлік субъектілері өсуде ме, әлде керісінше азайып отыр ма?

Төмендетуге жол бермеу үшін барымызды салып отырмыз. Бізде керісінше ілгерілеу байқалады. Қазіргі таңда кәсіпкерлік нысандарының саны алдыңғы жылға қарағанда 5,6%-ға өсіп, кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2 659-ға жетті. Экономикалық белсенді тұрғындардың үштен бірі немесе 9,2 мың адам осы салада жұмыс істейді. Олар 1,4 млрд. теңге салық төлеп, аудандық бюджеттің меншікті кірісінің 55%-ын құрады. Оның ішінде 195 шағын кәсіпорын, 1 орта кәсіпорын, 202 шаруа қожалығы, 2 261 жеке кәсіпкер жұмыс жасауда.            

Аудандағы индустриалдық аймақта қандай жұмыстар жүргізілмек?

Бейнеудегі «Индустриалдық аймақтың» құны 486 млн. теңге болатын сыртқы инженерлік желілерінің жобалық сметалық құжаттары дайындалды. Көлемі 164 гектар, 144 кәсіпкерге шақталған. Мұнда екі ірі жоба іске қосылмақ. Біріншісі – тауық жеміне қосатын тасұнтақ өндірісі. Екіншісі – тас плита шығаратын шағын кәсіпорын. Жоспарға сәйкес, жаңа аймақта кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалып, жаңа жұмыс орындары ашылып, салық түсімдері де көбейеді деген ойдамыз.  

Кәсіпкерлер арасында үздіктерді анықтау мақсатында түрлі байқаулар өткізіліп отырады. Қандай жетістіктеріңізбен бөлісер едіңіз?

Өңірлік деңгейде ұйымдастырылатын байқауларға кәсіпкерлерді белсенді қатысуға шақырамыз. Мәселен өткен жылы «Өндіріс саласындағы үздік кәсіпкер» аталымы бойынша жеңімпаз атанған «Бейнеу астық терминалы» 33,8 мың тонна ұн мен 14,8 мың тонна жем өндірді. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 30%-ға артық. Облыс және өзге аймақтарды есептемегенде, Өзбекстанға 520 тонна ұн мен жем экспортталды. Терминалда ауданның 172 тұрғыны жұмыс істейді.

Кәсіпкерлердің несие алуы көп жағдайда проблема туғызатыны жасырын емес. Бұл мәселе аудан көлемінде қалай шешілуде?

Негізінен бұл проблема бұрыннан бар. Ірі көлемде несие алу әлі де қиындықтар туғызып отырғанын жасыра алмаймыз. Десек те, қаржыға қол жеткізіп, өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер жоқ емес. Өткен жылы барлығы 39 кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалар аясында несие алса, жыл басынан бері микронесиелік ұйымдар арқылы 42 тұрғын 123,1 млн. теңгенің несиесін алып, 70 жаңа жұмыс орнын ашты. Оның ішінде 15 адам «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы  бойынша 44 млн. 500 мың теңгенің несиесін алса, 27 адам «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы «Кәсіпкер» бағдарламасы аясында несиеге қол жеткізді. «Маңғыстауагросервис» серіктестігі арқылы 3 шаруа қожалығы, «Қазагроқаржы» ұйымынан 1 шаруа қожалығы лизингке техникалар алды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 1 кәсіпкер айналым қаражатын толықтыру үшін 23,5 млн. теңгенің несиесін алды. Бұдан бөлек 3 кәсіпкер несие алуға құжат тапсырған, алайда екінші деңгейлі банктер олардың өтініштерін қанағаттандырмады.

Аудандағы шаруа қожалықтары мал шаруашылығын ілгерілетуде қандай жетістіктерге жетті?

800-ден астам аудан тұрғынының күнкөріс көзі саналатын шаруа қожалықтары бюджетке 3 млн. теңгенің салығын төледі. Қазір қолда 3 121 бас сиыр, 94 712 бас қой мен ешкі, 7 620 бас жылқы, 13593 бас түйе бар. Алдыңғы жылмен салыстырғанда қой мен ешкі 3 135 басқа, түйе 1 321 басқа өссе, жылқы 620 басқа, сиыр 96 басқа азайды. Бұл халық санының өсуімен де байланысты. Жалпы етке деген сұраныс жоғары. Ауыл шаруашылығында 434,8 тонна ет, 211,6 тонна сүт, 37,2 жүн өндірілген.

Нұржігіт Нұрболатұлы, сұхбат бергеніңізге рахмет! Алдағы жұмыс күндеріңіз тек жемісті болсын! 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер