Тәуелсіз бизнестің талабы зор
«Amir LTD» компаниясының құрылтайшысы, бизнесмен Әділ Нұрғожин: «Нағыз кәсіпкер өз күшімен дамуы тиіс»
Бүгінде елімізде кәсіпкерлікке қолайлы орта жасалып, бизнестің жан-жақты дамуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Осының нәтижесінде мемлекетке арқа сүйемей-ақ, табысқа кенеліп отырған кәсіпорындар бар. Солардың бірі – отандық брендке айналып келе жатқан «Әмір» қолсағаттарын ұсынатын «Amir LTD» компаниясы.
Қазіргі таңда «Amir LTD» компаниясы швейцариялық дайын механизмдерді тапсырыспен алып, елімізде қайта құрастырумен айналысады. Бұйымдарға ою-өрнектерді күрделі химиялық тәсілмен күйдіріп зерлейді. Осындай озық технологиялармен жасалған «Әмір» қолсағаттарын отандық және әлемдік нарық қабылдай бастады. Алайда, отандық сағаттарды қымбат әрі сапалы сағат нарығына шығару бір күннің шаруасы емес. Бұл туралы компанияның құрылтайшыларының бірі Әділ Нұрғожин: «Әмір» қолсағаттарының ресми түрде нарыққа шығарылғанына бір жылдан астам уақыт болды. Ал оған дейін екі жыл көлемінде жан-жақты ізденіп, әлемдік көрмелерге қатысып, серіктестер іздедік.Үлкен нарыққа кіру үшін көп еңбек атқарылды. Қазір швейцариялық компаниялармен бірлесе жұмыс жасап келеміз»,– дейді.
Өкінішке орай, біздің қоғамда қазақстандық тауарларға деген таптаурын көзқарасбар. Мұның өзі белгілі бір деңгейде кәсіпкерлікке кедергі келтіріп отыр. Мұндай теріс пікірлердің «Әмір» сағаттарына да айтылатынын да компания өкілдері мойындайды. «Алғашында қазақстандық тауарларға деген кері көзқарас кедергі келтіргені рас. Қалталы азаматтарымыз әлемдік брендтердің қолсағаттарына құмар. Біздің сағаттарды «қытайлық тауар» деп қабылдағандар да болды. Алайда бір жыл ішінде біз тұтынушыларымыздың арасында дұрыс пікір қалыптастыра алдық. Сағаттарды елімізге белгілі азаматтар, шоу-бизнес өкілдері сатып ала бастады. Сатып алушылардың 30%-ы шетелдіктер және олар көбінесе естелік есебінде алады», – дейді Ә.Нұрғожин.
Компанияның мүмкіндіктері әзірге бизнесті тұрақты жүргізуге жетеді және өзге көмекті аса қажет етпейді. Шетелде жүріп мол тәжірибе жинаған Әділ Нұрғожин кәсіпкерлікті дамытуда мемлекет қолдауының маңызды екенін айта отырып, өз компаниясының әлі ешқандай кедергілерге жолықпағанын тілге тиек етті. «Қазіргі күні бизнесті дамытуда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жасап жатқан нәтижелі жұмыстарынан хабардармын. Жобалары туралы да білемін. Бірақ біздің компания әзірге үлкен кедергілерге ұшырай қойған жоқ. Нарық бізді жақсы қабылдады. Біздің жұмысымыз туралы кейбір құзіретті орындар хабардар. Меніңше, мемлекеттік қолдау жаңадан ашылған сала немесе жаңа индустрияны дамыту үшін, әкімшілік және құқықтық кедергілерге ұшыраған кәсіпорындарға керек. Ал мен кәсіпкерлік өз күшімен дамуы тиіс деген идеяны қолдайтындар қатарынанмын», – дейді кәсіпкер.
Қазіргі күні Қазақстанда кенже қалып отырған өзге де бизнес салалары өте көп. Және оларды дамыту күрделі механизмдерді қажет етпейді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев айтқандай, біздің елге велосипед ойлап табудың қажет жоқ, шетелдің тәжірибесін қолдануымызға болады. «Әмір» қолсағаттары секілді әлемде бар дүниелерді елімізде дамытып, нарықта өзіндік орны бар бизнес ретінде ілгерілетсек болғаны.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: