«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Рустам Жүрсінов: Заңның тұрақтылығы бизнестегі еркіндікті қамтамасыз етеді

2016 жылғы 12 Ақпан
12557 просмотров

Кәсіпкерлік кодекс мемлекет пен кәсіпкердің арасындағы қарым-қатынасты қалыптастыру үшін қажет

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмысының басым бағыттарының бірі – Кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін ескірген түсініктерден арылу және кемшіліктерді жою мақсатында отандық заңдарды тексеруден өткізу.

Палатаның осы бағыттағы қызметі туралы ҰКП басқарма төрағасының орынбасары, құқықтық бөлімге жетекшілік ететін тәжірибелі заңгер Рүстем Жүрсінов айтып берді

- Рүстем Манарбекұлы, әңгімемізді Палатаның басты жетістігі – Кәсіпкерлік Кодекс туралы бастасақ. Жалпы бизнес саласын Азаматтық кодекс пен бірқатар өзге де заңдар реттейтінін ескерсек, бұл құжаттың артықшылығы неде? Жақында қабылданған Кәсіпкерлік кодексі еліміздегі бизнестің дамуына қаншалықты ықпал етпек?

- Кәсіпкерлік кодекс әлем елдерінеде баламасы жоқ айрықша құжат. Сіз дұрыс аңғарып отырсыз, расында да азаматтық-құқықтық қатынастар, келісім-шарт, мәміле Азаматтық Кодекспен реттелетін болса, жаңа кодекстің не қажеті бар. Алайда, Кәсіпкерлік кодекстің артықшылығы ол мемлекет пен бизнестің ара қатынасын реттейді. Бұл идеологиясы айрықша, өз алдына жеке «Кәсіпкердің конституциясы». Ол бизнесті мемлекет тарапынан реттеу үшін емес, керісінше мемлекет пен кәсіпкердің арасында нақты әрі түстінікті қарым-қатынас жүйесін құру үшін қажет.

Өйткені мемлекет – биліктің жария үлгісі, сондықтан да оның мәртебесі мен мүмкіндіктері үнемі жоғары тұрады. Заңда қарым-қатынас принциптері нақты көрсетілген. Мұнда мемлекет – қорғаушы, реттеуші, экономикалық қарым-қатынастардың қатысушысы (бұл қызмет квазимемлекеттік компаниялар арқылы жүзеге асады), серіктес т.с.с. ретінде қарастырылады.  Осы жағдайдың барлығы да Кодексте бизнеспен қарым-қатынас негізінде реттелген.

Палатаның бастамасымен қабылданған Кодекстегі негізгі мәселелерді атап өткім келеді. Ең алдымен ол кәсіпкердің адалдығына көз жеткізу. Бұл дегеніміз – бизнесмен әу бастан-ақ, адал және заңға бағынады және оны мемлекет алдында дәлелдеуге міндетті емес. Мұның маңыздылығы неде? Өкінішке орай, жиырма жыл бойы  кәсіпкер нағыз заң бұзушы ретінде қабылданатын кеңестік ойлау жүйесінен шыға алмай келеміз. Бұл оның қызметін ең алдымен мемлекеттік органдар тарапынан бұрмалана қабылдауға әкеліп соқтырады. Кәсіпкердің адалдығына көз жеткізу арқылы біз бұл қарама-қайшылықты жойып, бизнестің құқын мемлекетпен теңестіреміз және мемлекеттік басқару жүйесінің негізін қалайтын іргетасы – кәсіпкер  екенін мәлімдейміз.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет,  егер лауазымды тұлғаның заңсыз әрекеті салдарынан  кәсіпкер қаржылық шығынға тап болса, ол үшін, лауазымды тұлға жауапқа тартылатын болады.

Кодексте бұдан өзге де қосымшалар қарастырылған. Кәсіпкердің құқын қорғау жөніндегі уәкілетті орган (бизнес-омбудсмен) туралы бап бекітілген. Өзіңіз де білетіндей, бизнес-омбудсман Президенттің шешімімен тағайындалады және оның құқықтық құзыреті кең. Ол жыл сайын елдегі кәсіпкерліктің жағдайы туралы Мемлекет басшысы алдында есеп береді. Ол кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін қандай да бір құқықтық-нормативтік актінің әрекетін тоқтату туралы өтініш беруге құқылы. Жалпы омбудсмен институтының болуы дау-жанжалдарды сотқа дейін және соттан тыс шешуге жағдай жасайды.

Тағы бір маңызды жәйт: кодексте мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу шекарасы көрсетілген, кәсіпорынның шаруашылық өміріне араласпау принципі бекітілген. Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік мәселесіне қатысты бөлім жан-жақты қамтылған. Бірқатар нормалар нақтыланып, толықтырылған. Заңнамалық тұрғыда «бизнестің әлеуметтік ждауапкершілігі» ұғымы және өзге де нормалар айқындалған.

Сондай-ақ, «бизнесті мемлекеттік қолдау» ұғымына жаңаша түсінік берілген. Бұдан былай мемлекеттік қолдау механизмдері тек шағын ғана емес орта бизнеске де қолданылатын болады. Мемлекеттік қолдау шараларының өзі жекеше жіктелген. Табиғи монополия мен бәсекелестікті қорғау саласындағы жекелеген ережелер қайта қаралды.

Жалпы, жаңа кодекс бірқатар заң нормаларыың арасындағы қарама-қайшылықты жойып, бизнеске қатысты 18 заңды бір заңнамалық актіге топтастырды. Бұл түсінікті және қолдануға ыңғайлы құжат.

- «Атамекен» ҰКП құқық бөлімі, заңнамалық негізде әкімшілік кедергілерді анықтау мен жоюға күш салуда. Палата қандай нәтижелерге қол жеткізе алды. 2015 жылғы табыстарыңыз қандай? Бұл жұмыстағы басты нәрсе не деп ойлайсыз?

- Соңғы екі жылда «Атамекен» ҰКП өте көп жұмыстар атқарды деп зор сеніммен айта аламыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен кәсіпкерлік бастаманы жүзеге асыру үшін мүмкіндігінше жайлы жағдай жасауға бағытталған үш негізгі заң жобасы жасалды.

Нәтиже қандай? Біріншіден, Парламент кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін мүмкіндігінше жайлы жағдай жасау шаралары туралы заңды бекітті. Бұл заңға сәйкес, туризм, құрылыс, сауда, жер қатынастары, салық, экология секілді түрлі салаларға қатысы 94 заң мен 11 кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.

Соның нәтижесінде бизнес үшін бейөндірістік шығындар, түрлі шешімдерді алу мерзімі азайды, билік пен бизнестің қарым-қатынасы барысында жемқорлық фактілерінің пайда болу ықтималдығы төмендеді. Мұның барлығы да құр сөз емес. Алдын-ала есеп бойынша, бизнес қаражаты жылына 14 млрд теңгеге дейін үнемделмек.

Заң бойынша нақты қандай шаралар жүзеге асты дегенге келер болсақ, ең бірінші – жоспарлы тексерулер жүргізілмейтін болды. Кәсіпкерліктің барлық субъектілері төрт топқа жіктеліп, тәуекелді басқарудың жаңа жүйесі енгізілді. Бұрын 4500 ден аса міндетті талап бар еді. Олар орындалмаған жағдайда, бақылаушымен келіссөзге келудің жолдары қарастырылатын еді. Қазір бұл талаптар  жойылды. Сәйкесінше, бұл талаптар орындалмаған жағдайда кәсіпкерге салынатын айыппұл да алынып тасталды. Бұл да бизнеске түсетін салмақты біршама жеңілдетті.

Үшіншіден – кәсіпкерлер палатасының рөлі күшейді. Кәсіпкерлік саласына қандай да бір қатысы бар барлық нормативті-құқықтық актілер (заң жобасынан бастап министрдің бұйрығына дейін) міндетті сараптамадан өткізу туралы заң нормасы енгізілді. Ең бастысы заңда – мемлекеттік органдар қабылдайтын бизнес-шешімдерге реттеуші әсер талдауын міндетті жүргізу туралы арнайы бап енгізілді.

- Осы мәселеге кеңірек тоқтала кетсеңіз. Реттеуші әсер талдауының маңыздылығы неде (АРВ)?

-  Экономикадағы барлық мәселелерді тікелей шешу мүмкін емес. Реттеуші әсер талдауын жасау арқылы мемлекеттік реттеудің балама жолдарын таңдауға болады. Бұл жекелеген мәселелердің нақты шешімін табуға көмектеседі және осы міндеттерді басқаруға бөлінген бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін арттырады.

Бұған қоса, осы талдау арқылы Үкімет, министрлік, әкімшілік қабылданған шешімнің салдары туралы алдын ала болжам жасай алады. Мұның қандай маңызы бар? Еліміз бюджетінің негізгі табысы болып отырған негізгі экпорттық ресурс – мұнай бағасының төмендеуі, фискалды саясаттағы бағыттарды өзгертуге мәжбүрлейді. Мұнда бірінші орынға бизнесті «көлеңкеден» шығаруда жағдай жасау, шағын кәсіпорындарды ірілендіру, еңбек өнімділігін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер табу, өнім көлемін арттыру, сәйкесінше, салық салынатын базаны көбейту міндеті тұр. Сондықтан да, жалпы экономикада шешім қабылдау кезінде жеті рет өлшеп, бір рет кесу деген ұстанымға сүйенен жөн. Өйткені, қателіктердің құны тым қымбатқа түсетінін өмір көрсетіп отыр.

Мысалы үшін, ұлттық экономика Министрлігінің бюджет мекемелерінде асханаларды жалға алушылар үшін жал ақысының көлемін ұлғайту туралы бұйрығы салдарынан болған жағдайға тоқталайық. Салдарынан көптеген кәсіпкерлер өз кәсіптерін тоқтатуға мәжбүр болды. Бизнес өкілдері бұл саладан кете бастады. Бұл экономикалық қана емес әлеуметтік шиеленістің өсуіне де алып келді: мектептегі түскі астың бағасының өсуінен бастап, мейрамханалар жүйесінің бағасына да әсер етті.

Тек ықпал әсерін талдай отырып қана асығыс қабылданған заң актісі салдарынан жағымсыз жағдайлар орын алмайтынына сенімді бола аламыз. Жариялылық пен ашық талқылау арқылы ғана асыра сілтеушілікке қарсы тұра аламыз.

«Атамекен» ҰКП, реттеуді жобалау мәселесін қоғамдық талқылау сатысынан бастап, реттеу жүргізу қажеттіліктерін қарастыру, бизнес жолындағы кедергілерді бағалау,  ҚР Үкіметі жанындағы кәсіпкерлік қызметті реттеу жөніндегі ведомствааралық комиссияның шешім қабылдау барысына қатысу секілді талдау өткізу процессінің міндетті қатысушысы болып табылады.

Мемлекеттік орган немесе Үкімет Кәсіпкерлер Палатасының дәйектерін ескермейтін де сәттер болатынын жасырмаймын. Мұндай жағдайда ықпал әсерін талдау процеурасында мемлекеттік органның бұдан бұрын қабылдаған шешімдерін қайта қарау механизмдері қарастырылған. Мұндай жағдайда «Атамекен» ҰКП белгілі мерзім өткеннен кейін қайта талдау жүргізіп, Үкіметке қабылданған шешім белгіленген мақсатқа жетпеуі салдарынан немесе оның жалпы бизнес-ахуалға кері әсер етуі негізінде ол шешімнен бас тарту туралы мәселе қоя алады.

Бірқатар аса маңызды заң жобалары бойынша ҰКП қоғамдық тыңдау өткізу шараларын қолға алуда. Өткен жылы Кәсіпкерлер палатасының ұймдастыруымен өзін-өзі реттеуші ұйымдар, міндетті медициналық сақтандыру, мемлекеттік сатып алу, мемлекет-жеке меншік серіктестік туралы заң жобалары бойынша қоғамдық тыңдау өткізілді. Талқылау нәтижелері заң жобасын дайындаушы мемлекеттік органдарға жіберілді.

- Кәсіпкерлік Кодекс туралы сөз болғанда кәсіпкерлік қызметте мемлекеттің қатысу үлесін қысқарту туралы айтып қалдыңыз. Бұл турасында заң жобасы Парламентте қаралғаны белгілі...

- Әңгіме кәсіпкерлік қызметке мемлекеттік араласуды шектеу туралы заң жобасы туралы. Оның негізгі мақсаты экономикадағы бизнесі бар салаларда мемлекеттік қатысу үлесін қысқарту үшін құқықтық актілерді бекіту және жағдай жасау. Қазіргі таңда мемлекеттің экономикадағы үлесі өте жоғары екені жасырын емес. Ал, мемлекеттік басқарушылар үнемі тиімді менеджер бола бермейтінін түсіну қажет.

Бұл механизмдер бәсекелестікті жетілдіруге және жалпы жеке кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл үшін қандай шаралар атқарылуда? Заң бойынша, монополияға қарсы реттеу органдары жыл сайын кәсіпкерлік ортаға мемлекеттің орынсыз араласуын анықтау мақсатында тауар нарығында талдау жасайтын болады. Осы зерттеу нәтижесі бойынша бәсекелестік ортаға берілуі тиіс мемлекеттік компаниялар мен қызмет түрлерінің тізімі Үкіметке жіберілетін болады.

Сондай-ақ, заңда 100% мемлекет үлесі бар заңды тұлғалар мен кәсіпорындарды міндетті түрде жою және осындай шешім қабылданған сәттен бастап екі жыл ішінде мемлекеттік үлесін шеттету (жекешелендіру) қарастырылған.

Өзіңіз де білесіз бүгінде жекешелендіру жүргізіліп жатыр. Әрине, кемшіліктер жоқ емес. Менің ойымша, мемлекеттік органдар өз активтерін сатуға ыждаһаттылық танытқан жөн. Бұл жұмыстарға  «success fix» принципі бойынша сыйақы мөлшерін келісе отырып, кәсіби мамандарды тартқан жөн болар еді. Мұндағы басты міндет – науқанды бір сәтте жоқ қылу емес, берілетін нысандардың өндірістік әлеуетін сақтау. Мұндағы жұмыс нәтижесі түскен қаржының көлеміне байланысты емес.

Заң шығару туралы әңгімені жалғай келе, рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету мен рұқсат беру құжаттарын қысқартуды қарастыратын тағы бір заң жобасына назар аударғым келіп отыр. Бүгінде бұл жоба Сенат талқылауында жатыр. Ол қайталанатын және артық рұқсаттарды алып тастау, оларды ескертпе тәртібіне ауыстыру мен рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру арқылы бизнеске әкімшілік қысымды азайтуға бағытталған.

Бүгінде мемлекеттік органдар тарапынан – лицензиялар, рұқсатнама және тағы басқа 481 рұқсат беру құжаты бекітілген. Оның тек 93 рұқсаты ерекше қауіпті қызмет түрлеріне беріледі немесе халықаралық құқықтық актілер арқылы реттеледі. Сондықтан да біз 388 рұқсат құжатын қарастырып отырмыз. Олардың берілу мақсатын қарастыра келе, палата сарапшылары мемлекеттік органдарға экономикаға нұқсан келтірмейтін 198 рұқсатты қысқартуды ұсынып отыр. Түбегейлі шаралар туралы заң аясында 38 рұқсат қысқартылды. Өзге заңдар мен заң жобаларының аясында тағы 20 құжатты қысқарту қарастырылған.

Осылайша бұл заңның аясында 140 рұқсат беру тәртібін қысқарту көзделіп отыр. Соның нәтижесінде таяу үш жылдың ішінде бизнестегі қаржылық шығандар 105 млрд теңгеден астам сомаға қысқартылады деп көзделіп отыр.

Аталған заң жобалары бизнесті дамытуға жайлы жағдай жасаумен қатар, «Doing Business» еркін бизнес жүргізу халықаралық рейтингісіне енетін алғашқы отыз елдің қатарына ену туралы міндетті шешуге ықпал етеді.

- Бүгінгі таңда бизнестің дамуына ең басты кедергі не деп ойлайсыз?

- Біздегі заң актілерінің тұрақсыздығы. Қарама-қайшылық, жүйелі саясат пен бірыңғай тәжірибенің қолданылмауы... Осының барлығы да кәсіпкерге қандайда бір ұзақмерзімді келешекте жоспар жасауға мүмкіндік бермей отыр. Бұл – Қазақстанның инвестициялық маңыздылығын төмендетуге әкеліп соғады.

Өзіңіз қорытынды жасап көріңіз, Салық Кодексі қабылданғаннан кейін, оған жеті жыл ішінде 2 314 өзгеріс енгізілген. Бұл жылына 300 ден аса өзгерту деген сөз. Соның ішінде Кодекстің жалпы бөліміне 371 өзгеріс, корпоративті табыс салығы бойынша – 221, қосылған құн салығы бойынша – 269, салық әкімшілігіне – 461 өзгеріс енгізілген. Ал, 430 өзгеріс бойынша баптар қайта күшіне енгізілген. 

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс қабылданған екі жыл ішінде 369 өзгеріс енгізілген. Орта есеппен жылына 184 өзгеріс енгізіледі. Экологиялық кодекске 10 жыл ішінде 523 – жылына 52 өзгеріс енгізілген. Тек 2014 жылы ғана 132 өзгеріс енгізіліпті.

Заңдағы өзгерістер туралы одан әрі де көп айта беруге болады. Жалпы жағдай өте тұрақсыз. Жиі әрі оңай өзгеріс енгіземіз, одан қателікке ұрынамыз, сосын қатені түзетуге тырысамыз. Алайда, бизнеске тұрақтылық керек, экономикалық емес, заңның тұрақтылығы маңызды.

Әрине, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл мәселеге бей-жай қарай алмайды. Сондықтан да Ұлттық энономика министрлігімен салық туралы заңнамаға жылына тек бір рет өзгеріс енгізу туралы келісімге қол жеткіздік.

Дегенмен, заңға өзгеріс енгізу жұмыстары жүйелі түрде өндіріс, бюджет, қаржы саласындағы ұлттық саясаттың нақты тұжырымдамаларына сәйкес жүргізілуі тиіс. Мысалы үшін, Ресейде қабылданған «Фискалды саясаттың негізгі бағыттары» түсінікті, заң жүзінде мінсіз құжат, соны үлгі етуге болады.

Бұған қоса, мұндай тұжырымдамаларды дайындау үшін көлемді талдау жұмыстары жүргізілуі тиіс. Біз өзімізге нақты не қажет екенін жақсы білуге тиіспіз. Салық базасы қалай, ненің негізінде қалыптасатын болады?  Салалар қалай дамымақ? Бүгінгі күні еліміз экспорттық түсімдердің негізгі бөлігінен айырылып отыр және мемлекеттің фискалды мүмкіндіктері шағын және орта бизнеске қарап отыр, бұл  бүгінде өте өзекті мәселеге айналды. Біз барлық нұсқаларды қарастыруымыз керек. Тек содан кейін ғана заңдық негізде реттеуге көшетін боламыз.

Бизнес пен билік арасындағы қарым-қатынасты жаппай жариялы негізде жүргізу ірі өзгерістер алып келетінін түсінуге тиіспіз. Өзінің бүкіл кірістері мен шығыстарын ашық көрсетіп отырған салық төлеуші мемлекеттік органдардан да соны талап ететін болады. Азаматтық қоғам бюджет туралы, салық туралы, мемлекеттік сатып алулар туралы заң нормаларын жария талқылауға белсенді түрде атсалысатын болады. Қоғамдық бақылау рөлі арта бермек. Сәйкесінше, бизнестің мүддесін қорғауда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рөлі де өседі.

Біз болашаққа зор сеніммен қараймыз. Президенттің «100 қадам» Ұлт жоспарын орындау барысындағы Үкімет қабылдаған жүйелі реформалар өз жемісін беруде. Сондықтан да, модернизациялау  аясында жаңарған заң актілері бизнестің мүддесіне жауап береді деп үміттенеміз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер