«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Түйткілді мәселе шешімін тапты

2016 жылғы 13 Қаңтар
- Ақмола облысы
6619 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы өңірге танымал бизнес субъектілерінің бірінің құқығын сот тәртібінде қорғады

Бизнесмен белгілі себептермен кәсіпорнының атауын жариялауды қаламады.

Компания мен мемлекеттік орган арасында туындаған жағдай Палата сарапшыларының араласуын қажет етті. Мәселе мынада. 2014 жылдың желтоқсан айында компания өндірістік қажеттілігі үшін Көкшетау қаласынан үш миллион теңгеден астам сомаға жер телімін сатып алады. Алайда жарты жыл өтпей жатып, компания қалалық жер қатынастары бөлімінен хабарлама алады. Онда жоғарыда аталған шарттың талаптарын өзгерту, қосымша келісім жасау және сатылып алынған жер телімі үшін екі миллионнан астам теңге сомадағы айырмашылықты төлеу талап етілген екен. Шенеуніктердің бұл әрекетіне түрткі де қарапайым: шартта телім құны қате көрсетілген-мыс.

Палата сарапшылары істі мұқият зерттеп, мемлекеттік орган әрекетінің заңсыз екенін анықтайды. Оның үстіне хабарлама қорқыту сипатында жазылған: оны орындамаған жағдайда уәкілетті орган бұрын жасалған шартты бұзу бойынша шара қолданбақшы. Компания болса, заңды негізде мақсатында қолданылып жатқан жер теліміне жеке меншік құқығына ие. Сатып алу-сату шарты жасалған, қаражат бюджетке белгіленген мерзімде аударылған, бұны сәйкес төлем тапсырмасы растайды.

Палата сарапшылары Көкшетау қаласы жер қатынастары бөлімінің сома айырмасын төлеу жөнінде кәсіпкерлік субъектісіне қайта ұсынылған талаптарын заңсыз, ал хабарламада жер телімі үшін төлемнің базалық мөлшерлемесіне күшін жойған коэффициенттер қолданылуын негізсіз деп тауып отыр. 

Ақмола облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты да осы дәйектерге келісті.

«ҚР Азаматтық кодексі 380 бабы 1 тармағына сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалар шарт жасауда еркіндікке ие. Осы Кодексте, заңнамалық актілерде немесе ерікті түрде қабылданған міндеттемелерде шарт жасау міндеті көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт жасауға мәжбүрлеуге жол берілмейді», - делінген сот шешімінде.

Кәсіпкерлік субъектісінің заңды құқығы қалпына келтірілді. Палата сарапшылары өзінше бір прецеденттің алдын алды. Мемлекеттік орган өкілі сотта мұндай хабарламаны өңірдегі бұдан басқа елуден астам бизнес субъектісіне жолдаудың жоспарланғанын айтып қалды.

Алайда осы күнге дейін шенеуніктр қалыптасқан жағдай төңірегінде нақты түсіндірме жасап отырған жоқ. Кінәлілер табылмады және сәйкес жазаға тартылмады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер