«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанда химия өнеркәсібін дамыту қажет пе?

2015 жылғы 14 Қыркүйек
- Павлодар облысы
11853 просмотров

Павлодарлық кәсіпкер өңірде синтез-газ шығаруды ұсынады

Павлодар облысындағы «БО-НА» ЖШС техникалық директоры Борис Шаров «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының аумағында залалсыздандыратын құралдар шығарумен айналысады. Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттікке ұсынылған жоба инновациялық болып танылғандықтан, мемлекет 53 млн теңге мөлшерінде қаражат бөлді. Кәсіпорын өз ақшасын қосып, былтырғы жылғы қазан айынан бері халық шаруашылығы салаларында қолданылатын 10 түрлі залалсыздандыру құралын шығарады.

«Тұтынушыларымыз денсаулық сақтау, ауыл шаруашылық мекемелері, соның ішінде ветеринарлық сала болып табылады. Болашақта өндірісті бірнеше бағытта кеңейтуді, тендерлерге қатысуды жоспарлап отырмыз. Өніміміз темір жол көлігі саласында айтарлықтай үлкен сұранысқа ие. Алда өнімімізді қорғаныс және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне жеткізуді ұйымдастыру жоспарда бар. Биылғы жылы бұдан басқа жуғыш және ағартқыш қасиеттері бар 10 түрлі жаңа залалсыздандыру құралдарын жасау жұмысын жүргізіп жатырмыз», - деді «БО-НА» ЖШС басшысы.

Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттің қолдауы сөзсіз аса бағалы болған: кәсіпорын бүгінде табыспен дамып, ел бюджетін толықтыруда. Оның үстіне, Арнайы экономикалық аймақта орналасу салық жеңілдіктерін қолдануға мүмкіндік береді, кәсіпорын үшін ойдағыдай жұмыс жасауға бар жағдай жасалған.

Дей тұрғанмен, бұл босаңсуға желеу болмайды, әрі «БО-НА» ЖШС басшысы аталмыш салада тағы да қандай сараланымдардың басымдылықты болуы мүмкін екенін ойластыруда. Ол химия саласын одан әрі дамыту жөнінде бірнеше идеяны екшеп те қойған. 

«Өңірлер қажеттіліктерін ескере отырып, саланы бірегей табиғи ресурстарымызды пайдалана отырып, дамытуымыз керек.  Қазақстан фосфордың өнеркәсіптік қорына ие әлемдегі 4 елдің бірі. Кеңес заманында республикамыздың оңтүстігінде екі облыста фосфор өндірілді. Тараз қаласындағы зауыт әлі де қызмет жасап тұр, ал Шымкентте, өкінішке орай, кәсіпорынды банкрот деп таныды. Салыстыру үшін: АҚШ-та өз фосфоры жоқ, бірақ олар оның негізінде 150-ден астам өнім түрін өндіреді. Ал біз Қазақстанда фосфор бола тұрып, бар-жоғы 3-4 түрлі өнім шығарып жатырмыз. Дәрі-дәрмектер, өсімдіктері қорғауға арналған құралдар, тыңайтқыштар, жуғыш құралдар өндіруімізге болар еді, яғни фосфор негізіндегі өнеркәсіптік өнім түрлерінің ауқымы кең», - дейді ЖШС директоры.

Борис Шаров тағы бір идеясымен бөлісті.

«Павлодарда Қазақстандағы мұнай өңдеу жөніндегі ірі кәсіпорын, алюминий өндірісінде электролиз процесінде қолданылатын құрғақ кокс үшін шикізат қызметін атқаратын мұнай коксы шығарылатын мұнай-химия зауыты әрекет етеді. «Павлодар» АЭА жылына 360 мың тоннаға дейінгі құрғақ коксты өндіреді деп болжануда. Кокстың 25-30 мың тоннасын альдегидтер мен спирттер сияқты базалық өнімдердің толық бір қатарын өндіру үшін шикізат болып табылаын синтез-газды (СО + Н2) алуға қолданған оңтайлы болар еді.

Қазақстанда химияны дамыту үшін базалық өндірістер жоқтың қасы. Осыған байланысты химия өндірістерін дамыту үшін шикізат базасын құрайтын өнімдерден бастау қажет. Менің ойымша, болашақта синтез-газ өндірісі Қазақстандағы химия өнеркәсібінің дамуына серпін беруі де мүмкін», - деп жеткізді идеясын Борис Шаров.

«Бізде химия кәсіпорындары өте сирек болса да құрылып жатады, алайда олардың құрылу жоспарында қисынды тізбек бола қоймайды. Химия өнеркәсібін кеңінен дамыту үшін, тізбек басына базалық өндірістерді қойып, әрбір келесі тізбек қайта өңдеу дәрежесін тереңдетіп, жаңа қосылған құнға ие өнім беруге тиіс. Егер осы жолмен жүретін болсақ, қандай да бір жетістіктерге жете аламыз. Химия өнеркәсібінің дамуына алғышарт жасайтын синтез-газ химия өндіріс орындары мен өнімдерінің бүтін бір қатары үшін базалық өндіріс болып табылады», - деп түсіндірді Борис Шаров.

Кәсіпкердің ойынша, болашақта мұнай химиясы мен химия мүдделерін біріктірген дұрыс болар еді, себебі, оның айтуынша, мұнай бензиннің дизельді отыны үшін ғана емес, химия өнімі үшін де шикізат қызметін атқара алар еді.

«Осы қисынды басшылыққа ала отырып, Қазақстан үшін сары фосфор (Тараз қаласы) мен хлор (Павлодар қаласы, «Каустик» АҚ) негізіндегі химия өндірістері перспективалы болып табылады. Павлодар АЭА үш хлорлы фосфор мен дихлоризоцианурлы қышқылдың натрий тұзы өндірістерін салуға бірегей мүмкіндік береді. Мұндай шешім фосфор негізінде өнімдер өндірісін дамытуға мүмкіндік жасап, логистикаға шығын шығармай хлорды тұтыну түйткілдерін шешеді. Сонымен қатар дихлоризоцианурлы қышқыл натрий тұзы мақта, қағаз, мата үшін жақсы ағартқыш әрі хлор базасындағы залалсыздандырушы құралдар үшін негіз болады», - деп жеткізді «БО-НА» ЖШС басшысы.

Кәсіпорын бірінші жыл әрекет етіп отырғандықта, нарыққа кіруде белгілі бір қиындықтар баршылық. Бірде бір бизнесте онсыз болмайды. Химия өнеркәсібінде ертеден өздерін танытып қойған салмақты шетелдік бәсекелестердің болуы  «БО-НА» ЖШС-ны қатаң бәсекелестік жағдайында жұмыс жасауға мәжбүрлейді. Осыған байланысты компанияда нарыққа кіру жөніндегі маркетинг бағдарлама да дайындалған.

Тағы бір маңызды тұс: теңге бағамының құлдырауы жағдайында кәсіпорын өнімінің бағасын көтермекші емес.

«Жоғары табыс тұрғысынан беріктік қоры бар бізде. Екіншіден, біз АЭА-да жұмыс жасаймыз, салық артықшылықтарына иеміз, және де бұл басқа фирмалармен бәсекелесуге мүмкіндік беретін және белгілі бір артықшылықтар беретін салмақты фактор», - деді кәсіпкер.

Қарлығаш ЖҮСІПБЕКОВА


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер