«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелігі – шетелдік инвесторлар үшін маңызды белгі

2015 жылғы 23 Маусым
12131 просмотров

Қазақстандық мазмұнды қолдау құралдарынан толық бас тартпай, оларды ЕАЭО және ДСҰ жағдайларына бейімдеу қажет. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев журналистердің Қазақстанның ДСҰ-ға кіруінен табатын пайдасы төңірегіндегі сауалдарына жауап бере отырып осындай ой айтты.

Оның айтуынша, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірмей тұрып нормативтік-құқықтық базаны ДСҰ талаптарына сәйкестендіру бойынша міндеттемелер алған.

«Осыған орай «Атамекен» Ұлттық палатасына сараптауға бірқатар заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы келіп түсті. Жергілікті мазмұн мәселесі көп алаңдаушылық тудыратынын атап өту керек. Мемлекет басшысы айтып өткендей, қазақстандық келіссөз жүргізушілер өз ұстанымдарын, соның ішінде осы мәселе төңірегінде де, қорғап қалды.  Сондықтан да, қазақстандық мазмұнды қолдау институттарының қаншалықты маңызды болатынын назарда ұстай отырып, олардан толығымен бас тартпай, ЕАЭО және ДСҰ жағдайларына бейімдеу қажет деп есептейміз», - деп түсіндірді Рахым Ошақбаев.

Оның айтуынша, бірінші кезекте артықшылықтар болмауы жайлы талаптар коммерциялық сатып алуларға ғана таралады, бірақ мемлекеттік мекемелердің коммерциялық сату мақсатында алған тауарларды сатып алуларына таралмайды. Бұл жағдайда қазақстандық жеткізушілерге артықшылықтар беру дұрыс қадам болып табылады.

ҰКП басшысының орынбасары бұл мәселеде ДСҰ-ға мүше басқа да мемлекеттердің жергілікті тауар өндірушілерді қолдау құралдары айтарлықтай икемді түрде қолданылатын құқық қолдану тәжірибесін мұқият зерттеу керектігін атады. Атап айтқанда, Ресей Федерациясының тәжірибесіне жүгіну қажет. Онда сатып алу кезінде, халықаралық шарттарға қайшы келмеген жағдайда, отандық тауарлар басым орын алады.

Мемлекет басшысы қазақстандық сауданың 90 пайызы ДСҰ елдеріне келетінін бірнеше мәрте баса көрсеткен болатын. Рахым Ошақбаевтың айтуынша, шетелдік серіктестермен қандай да бір алауыздық туындаған жағдайда қазақстандық компаниялардың сауда дауларын шешетін халықаралық механизмдер мен институттарға жүгіне алуы Қазақстанның аталмыш ұйымға кіруіндегі негізгі артықшылықтардың бірі болып табылады.

«ДСҰ-ға мүшелік – бұл халықаралық қоғамдастық үшін белгілі бір индикатор. Ол Қазақстанның сауданың көпшілік қабылдаған, өркениетті ережелерін сақтайтынын білдіреді. Олар сонымен қатар қандай да бір даулар туындаған жағдайда ДСҰ механизмдері мен ережелеріне жүгіне алады. Осылайша, бұл шетелдік инвестициялар тарту үшін маңызды белгі болып табылмақшы», - деді ҰКП басшысының орынбасары.

Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіндегі келіссөздер процесі жабық режимде өткенін атап өту керек (дегенмен, басқа елдер үшін де, сонымен қатар Ресей үшін де солай болған).

«Қазақстанның ДСҰ-ға кіру шарттары туралы ақпарат жабық болып табылады, көпшілікке жарияланбайды. Бизнес-қауымдастықтар, ҰКП бұл ақпаратты ала алмайды. Бизнес-қоғамдастықпен консультациялар жүргізілген жоқ», - деп көрсетті ҰКП басқарма орынбасары.

Қазақстанның ДСҰ-ға кіру шарттары туралы егжей-тегжейлі ақпарат осы жылдың шілде айында ҰКП алаңында жарияланады. Онда ҚР экономикалық интеграция жөніндегі министрі Жанар Айтжанова мәлімет береді деп күтілуде.

«3 171 тауар жайғасымы бойынша Қазақстан үшін кедендік әкелу мөлшерлемесі ЕАЭО елдерінде белгіленген бірыңғай кедендік тарифке қарағанда, төменірек болатыны белгілі. Бұл бірқатар тамақ, жеңіл, фармацевтикалық өнеркәсіп тауарлары, қара металдар, машина жабдықтары, ұшу аппараттары және түрлі өнеркәсіптік тауарлар», - деді Рахым Ошақбаев. Ол сонымен бірге аталмыш тауарлар бойынша бизнеске салынатын баждардың нақты мөлшерлемелері әзірше белгісіз екенін айтып өтті.

Ол сонымен бірге ЕАЭО аясында бірыңғай кедендік аумақта болуымызбен байланысты белгілі бір қиындықтар да жоқ емес екенін атап өтті.

«ДСҰ-ға кіргеннен кейін белгілі бір жайғасымдар бойынша төмендетілген тарифтерге көшеміз, аталмыш тауарлардың РФ және Беларусь аумағына реэкспортталу тәуекелі туындайды. Осылайша, мемлекеттік органдар мен ЕЭК алдында тұрған міндет – аталмыш тауарлар ЕАЭО ішінде шекараларды кедендік мөлшерлемедегі айырмашылықты қосымша төлеусіз өтіп кетпеу үшін, олардың өтуіне әкімшілік етудің тиімді механизмдерін жөнге салу. Әзірше түрлі әдістер талқылануда, бірақ бұл мәселе бойынша шешім қабылданған жоқ. Ықтимал нұсқалардың бірі сезімтал тауарлардың жекелеген санаттарын таңбалау болып табылады», - деп түсінік берді Рахым Ошақбаев.

Оның сөзіне сүйенсек, 2015 жылғы 15-18 желтоқсанда Кенияда өтетін ДСҰ министрлік конференциясында Қазақстан ресми түрде ДСҰ-ның 162-мүшесі  атанады. «Процедуралық, біршама формалды дүниелер ғана қалады. Қазіргі сәтте жұмыс тобының мүшелері есепті ресми түрде бекітті. Бұл есеп ДСҰ әрбір 161 мүшесі ресми түрде қабылдау үшін бас кеңеске жолданады», - дейді Рахым Ошақбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер